Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "стоп-кредит" қызметі қандай жағдайларда шектеу қоя алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазір қазақстандықтар eGov арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарта алады. Осылайша, "стоп-кредит" қызметі іске қосылады. Бұл қызмет азаматтың атына заңсыз кредит рәсімдеуге жол бермеуге мүмкіндік береді.
Алайда заңнамада "стоп-кредит" қолданылмайтын ерекше жағдайлар қарастырылған. Олар:
тұтынушылық қарыз сомасы тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді сатушының банктік шотына тікелей аударылған жағдайда (қарыз алушы тауарды кредитке алатынын растауы қажет);
банктік қарыз қарыз алушының сол банктегі басқа қарызы бойынша берешегін өтеуге жұмсалған жағдайда;
төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен (648 750 теңге) аспайтын мөлшерде белгіленген кредиттік лимит шеңберінде банктік қарыз берілген жағдайда;
банктік қарыз арқылы салықтар, айыппұлдар немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешек төленген жағдайда.
Микрокредиттерге қатысты да осындай ерекше жағдайлар қарастырылған. Ал ломбардтар беретін микрокредиттерге "стоп-кредит" қолданылмайды.
"Егер банктік қарыз немесе микрокредит "стоп-кредит" талаптарын бұза отырып берілсе, қаржы ұйымы заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті. Атап айтқанда, қарызды есептен шығарып, кредиттік тарихты түзетуі және қарыз алушыдан өндіріп алынған соманы қайтаруға тиіс", – дейді агенттік мамандары.
Айта кетейік, адамның атына кредит рәсімдеуге тыйым салатын бұл қызмет бірнеше жыл бұрын енгізілген.