Стратегиялық майнер сынға ұшырады

15.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Ол бойынша мемлекет жұмыс істеп тұрған криптовалюта өндірушілеріне «стратегиялық майнер» мәртебесін ұсынады. Сосын оларға электр энергиясын тұрақты әрі белгіленген шекті тарифтер бойынша тікелей энергия көздерінен алуға мүмкіндік бермек. Оның есесіне майнерлер өндірген цифрлық валютаның 10 пайызын мемлекетке беруге тиіс.

Бір қарағанда, бұл мемлекет пен майнинг индустриясы ара­сындағы өзара тиімді келісім сияқты көрінеді. Майнер тұрақты электр энергиясына қол жеткізсе, мемлекет цифрлық актив түрінде кіріс алады. Алайда жаңа тәртіптің құқықтық негізіне үңілгенде, бірқатар күрделі сұрақ туындайды.

Мәселе – жаңа ереженің маз­мұнында ғана емес. Оның жеке­леген талаптары қолданыстағы заң нормаларымен үйлеспейді, яғни стратегиялық майнингті дамытуға бағытталған жаңа меха­низмнің өзі сала мамандары­ның айтуынша, бірақ құқықтық қай­­шылыққа тап болып тұр. Біз бұл тақырыпты белгілі криптонарық сарапшысы Дәурен Қарашевпен сарапқа салып көрдік. 

Қаулыға негіз болатын заңның өзі 22 күннен кейін күшіне енеді

Ең алдымен электр энергия­сына қатысты мәселе назар аудар­тады. Жаңа ережеге сәйкес, 29 шіл­деден бастап электр стан­cа­лары стратегиялық майнерлермен тікелей келісімшарт жасап, электр энергиясын тікелей сатуға тиіс. Алайда мұндай келісімшарт жа­сауға құқықтық мүмкіндік беретін «Электр энергетикасы туралы» заңның 19-2 бабы тек 20 тамыздан бастап күшіне енеді. Ал ереже мен заң талабы қолданысқа енетін уақыттың арасы – 22 күн! Ендеше 22 күн бойы заңсыз электр сау­да­сы жасалатын болғаны ма? Арна­йылап ереже қабылдағандар осын­дай олқылықты қалай жі­беріп алғанын сала сарапшылары да, біз де түсінбедік. 

Мұны қарапайым техникалық қателік деуге келмейді. Өйткені бұл қаптаған қайшылықтың басы ғана. Заң бойынша электр энер­гиясын өндірушілердің майнер­лерге электр қуатын тікелей са­туына қатысты шектеулер бар.

Қолданыстағы тәртіп бойын­ша майнерлер электр энергиясын заңда көзделген рұқсат етілген көз­дерден ғана алуға тиіс. Ал электр стансасынан тікелей сатып алу мұндай көздердің қатарына енгі­зілмеген. Оның үстіне, май­нерлер көтерме нарық субъектісі ретінде саналып, электр энергия­сын бірыңғай сатып алушыдан немесе импорт арқылы алуға міндетті.

Демек, бірнеше заң нормасы бір мәселені анық көрсетеді: электр стансасының майнерге электр энергиясын тікелей сатуы мүмкін емес. Бірақ ереже қабыл­дағандар Қаулының күшін заңнан биік қоятындай әсер қалдырады. 

«Құқықтық қайшылық мұны­мен шектелмейді. Стратегиялық майнинг тәртібінің құқықтық негізі ретінде көрсетілетін №320-VIII заңның мазмұнына назар аударайықшы. Оның негізгі бағыты – телекоммуникация са­ласын және деректерді өңдеу ор­талықтарын дамыту, яғни заңның өзінде «стратегиялық майнер» де­ген ұғым кездеспейді. Оған қоса, Қаулы қабылдауға «мүм­кін­дік» беріп отырған 19-2-баптың өзінде стратегиялық майнингтің барлық рәсімі егжей-тегжейлі жазылмаған», – дейді Дәурен Қарашев.

300 МВт квотаны қайдан тауып бермек?

Жаңа ереже осынша қайшы­лыққа қарамастан ақыры күшіне енді делік. Бірақ бұл электр стан­салары үшін электр энергиясын майнерлерге кез келген көлемде тікелей сатуға карт-бланш бер­мейді. Заңдағы талап бойынша электр стансасы электр қуатын май­нерге қосымша қуат өндірген жағдайда сату керек. Бұл дегені­міз – жаңадан салған немесе бұ­рынғы қуатын қалпына келтіріп, қосымша қуат алған жағдайда ғана тікелей сата алады деген сөз. Оның өзінде майнерге сол қосым­ша қуаттың 70 пайызына дейін ғана сатуға рұқсат етіледі.

Неге бұлай шектеліп отырғаны да түсінікті. Электр қуаты шексіз ресурс емес. Бұған дейін өндіріліп, тұтынушылар арасында бөлініп қойған қуатты жаңа тұтынушыға бағыттау басқа тұтынушыларды, мысалы қарапайым халықты жа­рықсыз қалдыруы мүмкін. Сон­дық­тан заң қосымша өндірілген қуатты ғана белгілі бір шекте май­нингке жіберуге мүмкіндік береді.

Сарапшының айтуынша, енді сол жаңа қаулыда электр стан­сасына майнерлерге сату үшін 300 МВт көлемінде квота беру көз­делген. Қызығы сол, осы квотаға қатысты құжатта қосымша қуат­тың болуы, 70 пайыздық шектеу немесе тиісті мемлекеттік органды алдын ала хабардар ету секілді заң талаптары нақты көрсетілмеген. Бұл жерде айтып отырған 300 МВт-тың қайдан келетіні, яғни «бұрыннан бар қуат па?», әлде заң талаптарына сәйкес «жаңадан ен­гізілген қосымша қуат па?» деген сауалдың аражігі ажыра­тылмаған. 

Криптовалютаның кілтін кім ұстайды?

Стратегиялық майнинг меха­низміндегі тағы бір маңызды мә­селе – мемлекетке берілетін цифр­лық активтердің тағдыры. Жаңа тәртіп бойынша майнерлер өндірген криптовалютаның 10 пайызын мемлекетке беруге тиіс. Бірақ осы активтерді кім қабыл­дай­ды, кім сақтайды және кейін олармен қандай операция жасай­ды деген сұрақтар құқықтық тұр­ғыдан айқындалмаған.

Әңгіме «Астана Хаб» қорының мәртебесіне қатысты болып отыр. «Цифрлық активтер туралы» заң­да цифрлық активтермен жұмыс істеуге рұқсат етілген субъек­ті­лердің тізімі нақты көрсетілген. Оған Ұлттық банктің лицензиясы бар ұйымдар, «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының плат­формалары, құқық қорғау орган­дары, Ұлттық банктің өзі және оның еншілес ұйымдары кіреді. Алайда бұл тізімнен «Астана Хаб» қоры көрінбейді. Соған қарамас­тан ұсынылып отырған меха­низмде майнерлерден цифрлық валютаны қабылдау, сақтау және кейін әрі қарай беру функциясы осы қорға жүктелмек.

Ендеше қарапайым сұрақ туын­дайды. Егер цифрлық актив­термен жұмыс істеу құқығы бол­маса, онда бұл қызметті осы қорға беру кімнің миына кірген?

Басқасы басқа, тіпті «Астана Хаб» қорының қызметін реттейтін заң да бұл мәселені шешпейді. Өйт­кені қордың міндеттері көр­сетілген нормативтік құжаттарда цифрлық активтерді қабылдау, сақтау немесе есепке алу функ­ция­лары жоқ.

Одан да маңыздысы, цифрлық активтерді сақтау қауіпсіздігіне қатысты күдік көп. Криптовалюта жағдайында активтің өзі ғана емес, оған қол жеткізу кілттері де ерекше маңызды. Сондықтан мем­лекеттік деңгейде қабылда­на­тын цифрлық активтер үшін кілт­терді басқару, кімдердің қолында болатыны, ішкі бақылау, резервтік сақтау және актив жоғалған жағ­дайда жауапкершілік тәртібі нақты белгіленіп отыруы керек. Алайда жарияланған ережелер мен типтік келісімшартта бұл мә­селелердің бірқатары басы ашық күйінде қалған. Мысалы, крипто­графиялық кілттерге кімнің қол жеткізе алатыны, қандай деңгей­дегі рұқсат қажет екені, операция­ларға ішкі бақылау қалай жүр­гізілетіні, актив жоғалған жағ­дай­да кім жауап беретіні, ал кілт­тер бұзылған немесе ұрланған жағдайда қандай алгоритм қол­данылатыны нақты көрсетілмеген.

Бұл түйткіл де қатардағы көзге ілмейтін қателік емес. Мемлекетке берілетін цифрлық активтердің көлемі едәуір болары анық әрі оларды сақтау да мемлекет қауіп­сіздігінің маңызды элементтерінің бірі саналады. 

Сайып келгенде, Ұлттық ре­зерв активтерін сақтауға тиіс ұйым өзіне қатысты мүлде қарас­тырылмаған ережелер бойынша жүзеге асырғалы отыр. Осыдан соң көңілге күдік ұялататын бір­неше қауіп. 

Мәселен, ұрлану қаупі бар. Се­бебі жекеменшік кілттерді ие­ленген адам техникалық тұрғыдан активтерді өзінің жеке мекен­жа­йына аудара алады. Ал крип­то­ва­люталық аударым қайтарылмайды және көбіне иесін анықтау қиын.

Біліктілігі жеткіліксіз қызмет­кер кілтке қолжетімділігін жоғал­тып алуы немесе кілтті бүлдіруі мүмкін. Ал кілт жоғалса, актив­тердің өзі қалпына келтірілмейді. Қолданыстағы құжаттарда актив­тер жоғалған жағдайда нақты кім жауап беретіні көрсетілмеген. Опе­рациялар журналға тіркел­меген жағдайда қор ішіндегі ак­тив­тердің қозғалысын сенімді түрде тексеру мүмкін емес.

Сырттан бұзу және реквизит­терді ауыстыру қаупі бар. Өйткені келісімшарт бойынша қор әмиян мекенжайын өзгертуге құқығы бар. Қор бұл туралы майнерге не­бәрі үш жұмыс күні бұрын хабар­лай алады. Қауіпті осы талап ту­дыруы мүмкін. Өйткені әмиян реквизиттерінің дұрыстығына майнер жауапты.

Осындай қауіптерден соң Ұлт­тық резервке деген сенімге селкеу түседі. Мәселе криптоактивтердің міндетті түрде ұрланып кетуінде емес, солардың мұқият сақталуы­на қатысты көптеген олқылықтың болуында. 

Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте Қазақстанда Alem Crypto Fund деп аталатын крип­торезерв құрылған еді. Президент тапсырмасымен пайда болған жаңа қорға мемлекет қаражатынан инвестиция салынатын болды. Осы бастамасымен-ақ жаңа ұйым сынға қалған болатын. Өйткені құрылмай жатып Binance биржа­сын өзіне серік ететінін жария­лады. Оның үстіне, мемлекет қар­жысына сол биржаның токені саналатын BNB цифрлық активін сатып алатыны белгілі болды. Жа­ңа қордың жұмысы осынысымен-ақ талайдың күдігін тудырған. Бірақ идея авторлары алған бе­тінен қайтпағаны көрініп тұр. Енді жаңа бастамасы да сарап­шы­лар сынының астында қалды. 

Айта кетейік, Energyprom.kz сайты келтірген ресми деректерге қарағанда, 2023 жылдан 2026 жыл­ғы мамырға дейін Қазақстан аумағында аккредиттелген май­нинг-пулдар шамамен 7,2 мың биткоин өндірген. Бүгінде елі­міз­де цифрлық майнингпен айна­лыса­тын 78 субъект жұмыс істей­ді. Сонымен қатар 2023-2025 жыл­дары заңды түрде жұмыс іс­тей­тін «ақ» майнерлерден мемле­кет бюджетіне шамамен 35 млрд теңге салық түскен.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью