STS Сyber Сhallenge бәсекесі: 11 команда бақ сынайды

09.12.2025

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Кибершабуылдарға төтеп бере алатын ТМД елдерінің қатарына Қазақстан да енді.

Желідегі әккілердің құрбанына айналатындардың көбі - мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, телекоммуникациялық компаниялар, қаржы ұйымдары мен қарапайым азаматтар. Жаһанды жайлаған цифрлық кеселмен күресте мықты кадр даярлау маңызды қадам. Межелі міндетке жету үшін Астанада осымен үшінші жыл қатарынан «STS Сyber Challenge» кибер сайысы бастау алды. 

«Сyber Challenge» финалында бүгін 11 команда бақ сынайды. Ақтық сынға сүрінбей өтіп келген қатысушылар колледж, бакалавриат және магистратура студенттері. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған барлығы 500-ден астам қатысушы. Бәсекенің бірінші туры онлайн режимінде өтті. Сандық іздерді зерттеу, цифрлық сауаттылықты қалыптастыру бойынша тапсырмалар берілді. Ал бүгін - ертең өтетін ақтық сынның салмағы да, жүктемесі де ауыр.

Досжан Мұсалиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

- Осындай байқаулардың бір ерекшелігі осы саладағы мамандарды дайындауға, ішіндегі жақсыларын іріктеп алуға саланың танымалдығын арттыруға көмектеседі. Қазір цифрландыру дамуына байланысты хакерлік шабуылдар көбейіп жатыр. Сондықтан бізге өзіміздің киберқауіпсіздікті қалыптастыру үшін ең алдымен жақсы мамандар керек.

Тапсырмалардың арасында желілік инфрақұрылымды бұзу әрекеттері, веб-сайттарды бұзу және ішкі қызметтерге рұқсатсыз қол жеткізу бар. Бұлардың барлығына нақты бір уақыт беріледі. Сол аралықта қатысушылар тапсырмаларды мүдірместен орындаса, әрбірі баллмен есептелінеді. Байқау барысында қатысушылар деректерді қорғау, криптография, кері инженерия және осалдықты анықтау бойынша күрделі тапсырмаларды шешті. Сонымен қатар студенттер киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылармен өзара тілдесіп, осы саланың трендтері туралы да аз-кем білімдерін жетілдірді.

Әрсен Нұғманов, студент:

- Бізге әртүрлі деңгейде тапсырмалар беріледі. Мысалы, Қорғаныс министрлігіне ақпараттық шабуыл жасалды деп шықты. Енді біздің жұмысымыз шабуылды анықтап, тоқтатуымыз керек. Алдымен біз үлкен талдау жүргізіп, проблемалармен күресеміз. Мұнда арнайы жүйе болады журнал тәріздес. Барлық әрекет осында жазылып сызылып отырады. Бұл өте үлкен файл, мүмкін 15 млн жол бар және өзімізге қажет нәрсені табу керек. Тапсырмалардың күрделігі осындай.

Дәстүрлі түрде өтетін білімділер бәсекесі ертең де жалғаспақ. Байқау соңында үздік деп танылған жеңімпазға 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Шара мақсаты елімізде білікті мамандар шоғырын қалыптастыру мен оларға қолдау көрсету, киберқауіпсіздік саласындағы жаңа жобаларды дамыту.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью