Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
АЛМАТЫ, 13 мамыр – Sputnik. Қызылордадағы медициналық колледждің жатақханасында студент көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Марқұм Нұрдәулет Мырзалының туыстарының айтуынша, жасөспірімнің ажалы кісі қолынан болған.
"Түнгі уақытта жоғары курс студенттері бірінші курс студенттерін жаттығу залына алып барып, оларға қысым көрсетіп, күш қолданған", - дейді олар.
Соққыға жығылған жасөспірімнің қанға боялған денесін кейін бөлмесіне қайта апармақ болған. Алайда бұл жағдайды басқа студенттер байқап қалып, шу шығарған. Қаза болған студенттің жасы небәрі 16-да, Қазалы ауданының тумасы.
Полицияның мәліметінше қазіргі уақытта бір күдікті ұсталып, қамауға алынған.
"Дене жарақаты салдарынан 16 жастағы колледж оқушысы қайтыс болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқиға орнында ұсталып, сот санкциясымен қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, оқиға куәгерлерінен жауап алынды", - дейді Қызылорда облысының полиция департаменті.
Сонымен қатар қылмыстық іс шеңберінде жәбірленуші тараптың барлық уәжі тексеріледі.
"Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған адамды қадағалауға міндетті мекеме қызметкерінің өз міндетін дұрыс орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істерді тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", – дейді полиция.