Су арналары қайта тазартыла бастады

15.07.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Аймақ басшысының тікелей араласуымен, салалық министрлікпен бірлесіп жасалған осы бастаманың нәтижесінде өңірдегі су шаруашылығы нысандарын дамытудың кешенді жос­пары қабылданып, бүгінде арналар кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Мұны Тасқала ауданындағы Жайықбай арнасының кешегі және бүгінгі ­ахуалын салыстырып қарасақ та анық байқаймыз. Жайықбай арнасы – 1975 жылы салынған суландыру жүйесі. Оның ауданы – 448,3 гектар, ұзындығы 44,9 шақырымға созылып жатыр. Жайықбайға су Киров–Шежін арнасы арқылы келеді. Осы арнаның бойында Қазақстан, Мереке, Шежін ауылдық округтері, 19 тоған орналасқан. Бүгінде мұндағы 22 шаруа қожалығы 8,5 мың бас ірі қара, 11 мың бас ұсақ мал және 2,7 мың бас жылқы өсіріп отыр.

Міне, бүгінде дәл осы Жайықбай арнасының үш шақырымы тазартылды. Бұл іске 8 экскаватор тартылып, тазарту жұмысының басы-қасында 20 адам қызмет етіп жүр. Жоба 2027 жылдың қазан айында аяқталуы керек.

Жақында осы істің атқарылуын өз көзі­мен тексерген өңір басшысы Нари­ман Төреғалиев мердігерге жұмыс­ты сапалы әрі уақтылы аяқтау­ды тапсырды.

– Кейінгі үш жылда мемлекет меншігіне өтпей, азып-тозған арналарды жаңғыртуға мықтап көңіл бөлдік. Алдымен сала министрімен сөйлесіп, бірлескен жұмыстың нәтижесінде өңіріміз бойынша жалпы ұзындығы 800 шақырым болатын каналдар рес­публика меншігіне қайтарылды. Бұл ел қазынасынан тиісті қаражат бөлініп, суландыру жүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұйырса, Жайықбайға жан бітетін күн алыс емес. Арна бойын жайлаған елді мекендер, шаруа қожалықтары осы жобаның игілігін көреді, дейді аймақ басшысы.

Өңірде ірі су көздерінің бірі – Деркөл өзенінің де арнасын кеңейту, түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба аясында ұзындығы 5,3 шақырым өзен жолы тазалануы тиіс. Өзен арнасының ені 10 метрге дейін кеңейтіліп, түбі 2 метрге дейін тереңдетіледі. Бұл іске республикалық және облыстық бюджеттен 630 млн теңге қарастырылған.

Бұл істі қолға алған мердігер ­«СМУ-17» компаниясы 2027 жылға ­ауыс­палы жобаны биыл аяқтап тастауды жос­­пар­лап отыр екен. Мұнда 15 адам мен
6 арнайы техника жұмысқа тартылған. Қа­зір өзен арнасы шөгінділерден тазар­­тылып жатыр. Жұмыс 20 пайыз аяқталған.

Деркөл өзені Тасқала ауылын кесіп өтеді. Көктемде су деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлерді су басу қаупі жыл сайын туындайтыны рас. Бүгінде жергілікті атқарушы орган түрлі деңгейдегі алдын алу шараларын атқарып, мәселені ішінара шешкен еді. Енді облыс әкімінің тікелей бастамасымен алғаш рет өзен арнасын кеңейту жұмысы қолға алынды. Сөйтіп, өзеннің су өткізу мүмкіндігі артып, бұйырса тасқын қаупі толық сейілуі керек.

– Жыл сайын көктемде тасқа­ла­лықтар су тасқынынан зардап шегіп қаламыз ба деп алаңдайтын еді. Осыдан 15 жыл бұрын біраз тұрғын үй суға кетті. Сондықтан біз осы жобаны қолға алып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Күні бұрын қамданып, су тасқы­нының алдын алу үшін әрекет етіп отырмыз, дейді облыс әкімі.

Батыс Қазақстан облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью