Су тапшылығы, жердің шөлейттенуі және ауаның ластануы: экологиялық мәселелердің шешімдері

25.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Арал маңының ахуалы қалай

Бір кездері еліміздің оңтүстік-батысында айдын шалқар теңіз болғанын қазіргі жас буынға айтсаң, сене қоймас. Арал – көлемі 68 мың шаршы шақырымға жететін, үлкендігі жағынан ғаламдағы үшінші су айдыны еді. Алайда оған құятын өзендер – Сырдария мен Әмударияның суы ауыл шаруашылығына аса мол мөлшерде қолданылғандықтан, 1960 жылдардан бастап тартыла бастағаны тарихтан белгілі. Бүгінде ұлы дарияның жұрнағы ғана қалған.

Дегенмен, отандық мамандардың ұзақ жылғы табанды еңбегінің арқасында бүгінде Солтүстік Аралда оң динамика байқалып отыр.

– Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты. Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді, – деген еді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте жасаған баяндамасында.

Солтүстік Аралдың суы біртіндеп арнасына толып келе жатқаны қуантады, әрине. Әйтсе де, мәселе мұнымен шектелмейді. Ресми дерекке жүгінсек, Аралдың жалпы 6 млн гектар аумағы құрғап қалған. Оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында. Мамандар тартылған теңіздің табанындағы тұз бен құм айналасындағы аумақтарды шөлейттендірмеу үшін күресіп бағуда.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

– Тартылған айдынның орнына 2021 жылдан бері өсімдік егіліп келеді. Бүгінде 1,1 млн гектар жерге сексеуіл және тұзға төзімді т.б. ағаш түрлері отырғызылды, – деп мәлімдеді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Өңірлік экологиялық саммитте.

Оның сөзінше, бұл Қазақстанға ғана қажетті ұлттық жоба емес. Өйткені, шөл мен тұзға төзімді ағаштар трансшекаралық құмды дауылдарға тосқауыл болады әрі күллі аймақтағы экологиялық жағдайға оң әсер етеді. Сол арқылы көрші елдердің де өмір сапасын жақсартады.

Каспий Аралдың кебін кие ме

Өкінішке қарай, соңғы ондаған жылда Каспий теңізінің де тартылып бара жатқаны байқалады. Халықаралық сарапшылар жер серіктері жинаған деректерді зерттеп, талдау жасаған. Нәтижесінде, 1990 жылдардың ортасынан бастап, су деңгейі екі метрге түскені анықталды. Демек, жылына шамамен 7-10 сантиметрден төмендеп отырған. Қазақстанның өзінде cоңғы 20 жылда жағалау 30-35 шақырымға шегінген.

Өңірлік экологиялық саммитте Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) бас хатшысы Асад Маджид Хан жоғарыдағы фактілерді санамалай келе, мәселенің ушығып тұрғанын атап өтті.

– Каспий теңізі – экологиялық қазына ғана емес, сауда-саттық, энергия және жалпы өмір сүруге қажетті ресурстар үшін ауадай қажет күретамыр, – деді ол.

ЭЫҰ бас хатшысының Каспийге мұндай баға беруі тегін емес. Өйткені, ол арқылы кемемен шығыс пен батыс және солтүстік пен оңтүстік арасында жүк тасымалдауға болады. Теңіздің жағаға жақын тұстары осылай таяздана берсе, тауар айналымына тұсау болуы ықтимал. Маман мәселені көтеріп қана қоймай, шешу жолын да ұсынды. Ол ірі банктерді жобаларды қаржыландыруға үндеді.

– Жуырда жүргізілген зерттеулер теңіз табанын дұрыс жолмен тереңдету порт инфрақұрылымының сапасын жақсартатынын көрсетті. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Сауда және даму банкін және басқа да серіктестерді осы жұмыстарды кеңейту үшін қолдау білдіруге шақырамыз, – деді Асад Маджид Хан.

Саммит барысында Каспий тақырыбына Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумас Ииджим де айрықша назар аударды. Алдымен ол Қазақстанның зор транзиттік әлеуетіне тоқталды.

– Жапония Қазақстанға қолдау көрсетуге уәде еткен бағдарламалардың бірі – Орта дәліз жобасы. Ол Азия мен Еуропаны көлік және туристік тұрғыда байланыстырмақ. Бұл жобада Қазақстан көлік торабы рөлін атқарады. Соның арқасында адам, көлік және ақпарат ағыны артпақ. Геосаяси жағдайлардың шиеленісуіне байланысты қазір Ресей арқылы қатынау мүмкіндігі шектеулі. Мұндай жағдайда Қазақстанның көлік-логистика саласындағы рөлі биіктей түсті, – деді елші.

Бірақ оның сөзінше, Каспий теңізінің су деңгейі төмендей берсе, Орта дәліз жобасы іске аспай қалуы мүмкін. Өйткені аталған маршуртта теңізді су көліктерімен кесіп өту жоспарланған. Сондықтан елшінің пікірінше, Каспийді сақтаудың стратегиялық тұрғыда да маңызы зор.

– Жапонияның су ресурстарын басқару, табиғи апаттардың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау бағыттарында бай тәжірибесі мен ғылым-білімі бар. Сондай-ақ деректерді жинау, бақылау және талдау саласында да тәжірибеміз мол. Жапония бұл саммитке қатысып отырған барлық елмен экологиялық мәселелерді шешуде күш жұмылдыруға дайын, – деді ол.

Фото: Аягоз Избасарова / Kazinform

Демек, Каспийдің тартылмай, таязданбай, сақталуына Жапония да мүдделі. Өйткені, шығыс пен батыс арасында жолаушы және жүк тасымалында аталған теңіздің маңызы орасан. Заманауи ғылым-білімнің шыңына шыққан Күншығыс елі экология секторында қолдауға бейіл екенін өзі білдіріп отырғанда, жауапты мамандар мұндай мүмкіндікті қалт жіберіп алмаса, ұтылмасымыз анық.

Сонымен қатар, қазір Каспий жағасындағы елдер үшін тағы бір аса маңызды түйткіл бар. Ол – жаһандағы геосаяси жағдай қанша ушықса да, аталған теңіз акваториясында соғысты болдырмау мәселесі. Өте өзекті бұл тақырыпты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қозғады.

– Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Құмды дауылдарды және жердің шөлейттенуін тоқтату жолдары қандай

Жаһандық жылыну, теңіздің тартылуы, су ресурстарының азаюы – мұның бәрі қоршаған ортаға зарарын тигізбей қоймайтыны рас. Атқарылып жатқан қыруар жұмысқа қарамастан, жердің тозуы мен шөлейттену қаупі әлі де сейілмей отыр. Шаңды және құмды дауылдар да жиілеп барады. Мамандардың сөзінше, ондай қауіп еліміздің орталық, оңтүстік және батыс аймақтарында байқалады.

Әсіресе, батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде құмды дауылдар тым жиі соғатын болған. Мұндай негізгі ошақтар ретінде Арал маңын, Мойынқұмды, Каспийдің солтүстігін және Ақтөбе облысын атауға болады.

– Бұл жерде әңгіме жергілікті емес, анағұрлым кең аумақты камтитын экологиялық мәселе жөнінде болып отыр, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Өңірлік экологиялық саммитте.

Проблеманың ұзақ мерзімді әрі жүйелі шешімдері де қарастырылған. Мәселен, жердің тозуы мен шөлейттенуін тоқтату және алдын алу үшін орман жолақтары пайда болмақ. Олардың ені 60-100 метр аралығында болады және құмды дауылдар жиі соғатын аймақтарда өсіріледі.

Атап айтқанда, келесі аумақтарда орман жолақтары егіледі: Қармақшы – Әйтеке би тас жолы бойына; «Орталық – Батыс» тас жолының Торғайдан Ырғызға және Ырғыздан Қарабұтаққа дейінгі учаскелерінде; Шалқар – Қандыағаш теміржолы бойына; Жамбыл, Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекарасындағы Мойынқұм алабында.

Жоғарыда жазғанымыздай, орман жолақтарының ені 60–100 метрге дейін жетеді. Қажет болған жағдайда, яғни құмды дауыл қатты соғатын тұстарда осындай бірнеше жолақ параллель түрде қалыптастырылады.

– Бұл жобаның бірнеше салада тиімділігі бар, — дейді министр.

Кеңірек тоқталсақ, экологиялық пайдасы – жердің тозуы мен шөлейттену көрсеткішін төмендетеді; экономикалық ұтымдылығы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге оң әсерін тигізеді; әлеуметтік тиімділігі – жаңа жұмыс орындары ашылады және халықтың өмір сапасын жақсартады; инфрақұрылымдық пайдасы – тас жолдар мен теміржол желілерін, логистикалық дәліздерді қорғайды.

Жалпы, елімізді көгалдандыру бағдарламасы кеше ғана басталған іс емес. Бұрыннан жүзеге асып келеді.

– Жарқын мысал ретінде Астананың айналасына 1997 жылдан бастап өсірілген жасыл белдеуді атауға болады. Бүгінде аталған орман алабының көлемі – 102 мың гектар. Демек, топырағы ағаш өсіруге құнарсыз жердің өзіне ғылымның, ұзақ мерзімді жоспардың және кәсіби жұмыстың арқасында орман жайқалтуға болады, – деді Ерлан Нысанбаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, бұл мақсаттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

– Мемлекеттік орман қорында 2 млрд, ал елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жоспарда бар. Бұл жобалар елдің «жасыл қаңқасын» қалыптастырып, климаттық өзгерістердің алдын алады әрі халықтың өмір сапасын жақсартады, – деді министр.

Оның сөзінше, 2021 жылдан бері мемлекеттік орман қорында 1 млрд 648 млн көшет отырғызылған. Ал елді мекендерде 18,1 млн ағаш егілген.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

«Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы 

Жоғарыда жазылған жұмыстар – шын мәнінде, ауқымды жобалар. Алайда шаңды және құмды дауылдарға елдердің шекарасы бөгет бола алмайды. Мәселен, Өзбекстанда не Түрікменстанда соққан жел-дауыл Қазақстан аумағына келгенде, тоқтап қалмасы анық. Ол бір орында тұрмай, бүкіл өңірге тарайды. Сондықтан сарапшылар экологиялық күресте аймақтағы барлық ел бірігуі тиіс екенін айтады. Сол себепті, еліміз көрші мемлекеттерді «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасын бірлесіп жүзеге асыруға шақырып отыр.

– Біз тиісті резолюцияға қол қоюды, өңірлік бағдарламаны іске қосуды, нақты жұмыс аймақтары мен өзара бірлесіп әрекет ету механизмдерін бекітуді ұсынамыз. Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен айтарлықтай дайындық жұмысы атқарылды. Резолюция жобасы әзірленіп, орман өсірілетін учаскелер анықталды, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Өңірлік экологиялық саммитте.

Бағдарламаға Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан атсалысады. Халықаралық серіктестер ретінде экология бағытында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар мен қорлар қарастырылып жатыр.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, бұл бастама азық-түлік қауіпсіздігін, табиғи ресурстарды тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, аймақтық серіктестікті дамытып, климаттық өзгеріске бейімделуге жол ашады.

Демек, еліміз саяси декларацияны ғана емес, іс жүзінде жүзеге асыруға болатын тиімді жобаны ұсынып отыр. Орталық Азиядағы бес мемлекеттің әрқайсысы өз аумағындағы қай өлкелерге орман өсіретінін өздері шешеді. Бірақ соның бәрі аймақ үшін ортақ жасыл қалқанға айналады. Сөйтіп, экологиялық ахуал оң динамикаға ұласады.

– Қазақстан қазірдің өзінде ағаш егу бойынша аймақтағы ең ірі жобалардың бірін іске асырып жатыр. Келесі қадам – жүйелі қорғаныс инфрақұрылымын құру. «Орталық Азияның жасыл қалқаны» – жаңа өңірлік экологиялық модель. Ол күллі аймақтың тұрақтылығына әсер етеді, – деді министр.

Қазақстан БҰҰ-ның FAO ұйымымен бірлесіп атқаратын бағдарлама

Экология жөнінде сөз қозғағанда, қайта-қайта айналып соғатын тақырып – су тапшылығы. Бұл бағытта еліміз БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (Food and Agriculture Organization) серіктестік орнатпақ. Бастама суды тиімді пайдалануға және үнемдеуге бағытталған. Бұл жөнінде Өңірлік экологиялық саммиттің азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі тақырыптық сессиясында ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев мәлімдеді.

– Еліміз БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (Food and Agriculture Organization) серіктестік бағдарламасын құрып жатыр. Жоба су ресурстарына арналған және оның 4 негізгі бағыты бар. Олар – байссейндік жоспарлау, су шаруашылығы жүйелерін пайдалануда тиімділікті арттыру, ілкі жобаларды жүзеге асыру және су үнемдейтін технологияларды енгізу, – деді вице-министр.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Сонымен қатар, Талғат Момышев аталған салада қазірдің өзінде атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.

– Бүгінде 42 жаңа су қоймасы салынып жатыр. Ал осындай 37 нысан жаңартылуда. Бұдан бөлек, 14,5 мың шақырым су арнасы жөнделіп жатыр, – деді ол.

Сонымен бірге, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында секторды цифрландыру жалғасып келеді. Оның аясында жер асты сулары тіркеліп, саладағы объектілерге арнайы төлқұжат беріледі. Бұл жұмыстар заманауи технологиялардың арқасында суды үнемдеуге септігін тигізеді.

Ауа ластануын қалай тоқтатамыз

Ауаның шамадан тыс ластануы Өңірлік экологиялық саммитте қызу талқыланған түйткілдердің бірі болды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Қоршаған орта бойынша бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен осы тақырыпқа айрықша тоқталды. Оның сөзінше, ауадағы метан көлемі азайса, күллі экожүйеге оң әсерін тигізеді.

– Мұнай және газ өндірісіндегі метан газының шығарындыларын азайту мәселесін көтергім келеді. Бұл жаһандық жылыну деңгейін күрт түсіруге әсер етер еді. Орта Азиядағы барлық ел Метан шығарындыларын азайту бойынша жаһандық міндеттемеге қосылды. Ол үшін баршаңызға рахмет айтамын. Аталған міндеттемеге сай, метан шығарындыларын 2030 жылға дейін 30%-ға азайту жоспарда бар. Барлық мемлекетті осы бастамаға атсалысуға шақырамын, – деді Ингер Андерсен.

Фото: Pexels

Қазақстан метан газын ғана емес, парниктік шығарындылардың өзге де түрлерін азайту бойынша нақты қадамдарды іске асыруға кіріскен.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, еліміздің мақсаты – 2030 жылға қарай ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайту. Қазір Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыру жоспарланып отыр.

Негізінде, ресурс қоры тұрғысынан қарасақ, республиканың мұндай бастамаларға мұқтаждығы жоқ. Жеріміз пайдалы қазбаларға бай бола тұра, Қазақстан қоршаған ортаны барынша қорғау ұстанымында. Бұл – елімізге және күллі әлемге болашақта келетін келер ұрпақтар алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.

– Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды. Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды. Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осындай жобалардың арқасында еліміздегі ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындылар көлемі 2030 жылға қарай 35 пайызға қысқармақ.

Қорыта айтқанда, су тапшылығы, су айдындарының тартылуы, жердің тозуы мен шөлейттенуі, құмды дауылдардың жиілеуі, ауаның ластануы – мұның бәрі Орталық Азия және бүкіл ғаламшардағы ушығып тұрған мәселелер. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтыны» секілді, экологиялық проблемаларды да бір ел, жалғыз қоғам шеше алмайды. Сондықтан ортақ үйіміз – Жердің және келешек ұрпақтардың тағдыры мен қамы үшін барлық мемлекет біріккені абзал.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью