Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Теңіздің тартылып кетуіне, Қиғаш өзенінің кейбір салаларының құрғап қалуына байланысты 2025 жылдың шілдесінде табиғи сипаттағы төтенше жағдай аудан бойынша жарияланған болатын. Қазіргі уақытта аудан аумағында екі жоба іске асып жатыр. Олар: «Атырау облысы шегінде Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту №2» және «Жарқосын және Ганюшкин каналдарын тереңдету (теңіз бөлігі)».
Екі жобаға «Bertys Construction» ЖШС жауапты. Келісімшарт бір көзден жасалған. Жалпы бұл жұмыстарға қаралған қаржының көлемі 40 млрд теңгенің шамасында.
– Қиғаш өзенінің түбін тереңдету жұмысы былтыр қараша айында басталды. Қазір аудандағы Шора өзенінің Көкарна, Сұрхан, Тухлый, Қызылжар деп аталатын каналдар тереңдетіліп жатыр. Жалпы 128 шақырым қазылу керек. Бүгінде 60 шақырымнан аса арна қазылды,- деді аудан әкімі Абат Жанғалиев.
Әкімдіктің ресми ақпаратына сүйенсек, 2 каналдың түбін тереңдету жұмысы аяқталып, бесеуінде жұмыс жалғасып жатыр.
Атап айтқанда:
Ягодный каналы, Құрманғазы ауылы (6 047 м) – 6 047 м өзеннің түбі толықтай тереңдетілді;
Сүрхан каналы, Алға ауылы (3 473,74 м) – 3 473,74 м өзеннің түбі толықтай тереңдетілді;
Көкарна каналы, Нұржау ауылы (15 397 м) – 6,1 км өзеннің түбі тереңдетілді, барлығы 15 дана техника жұмылдырылған;
Қызылжар каналы, Орлы ауылы (12 941 м) – 9,7 км өзеннің түбі тереңдетілді, барлығы 11 дана техника тартылған;
Тухлый каналы, Орлы ауылы (9 964 м) – 6,3 км өзеннің түбі тереңдетілді, 4 эксковатор жұмыс істеуде;
Кадыр каналы, Кадырка ауылы (15 849 м) – 4,25 км өзеннің түбі тереңдетілді, 9 дана техника, оның ішінде 8 дана эксковатор, 1 дана земснаряд жұмылдырылған;
Көкарна каналы, Алға ауылы (Мақаш а/о - 7 775,25 м) – 2,3 км өзеннің түбі тереңдетілді, 22 техника жұмыстың басы-қасында жүр;
Сүрхан каналы, Жұмекен ауылы (20,12 км) – 0,8 км өзеннің түбі тереңдетілді.
– РФ-дағы әріптестерімізбен сөйлесіп отырмыз. Қызылсу көбірек келеді деген болжам бар. Соған сәйкес арналарды тезірек қазып, суды ұстап қалуға тырысып жатырмыз. Мердігер мекемеге мүмкіндігінше сол жұмыстарды тоқтатпай, күні-түні істеу туралы тапсырма бердік, - деді аудан әкімі Абат Жанғалиев.
Айта кетейік, жуықта облыс әкімі өңірдегі тасқын кезеңіне дайындық жұмыстарын пысықтап, жиын өткізді. 1 наурыздағы жағдай бойынша 9 метеорологиялық станция, 2 автоматтандырылған метеостанция, 12 гидрологиялық бекет және 3 агрометеорологиялық пункт арқылы гидрометеорологиялық ахуалға мониторинг жүргізіліп жатыр.
«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мәліметінше, облыс өзендері бассейніндегі ылғалдану деңгейі 47%-дан 67%-ға дейінгі аралықта, көрсеткіш қалыпты деңгейден төмен. Былтырғымен салыстырғанда жауын-шашын көлемі 51%-ға азайған. Алдын ала болжам бойынша Жылыой ауданындағы Жем өзенінің және Қызылқоға ауданындағы Сағыз өзенінің тасу қаупі төмен. Қауіп деңгейі төмен аумақтар қатарында Қызылқоға, Мақат, Индер, Махамбет, Исатай аудандары мен Атырау қаласы да бар. Атырау қаласында, сондай-ақ Жылыой, Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандарында 106,3 шақырымдық қорғаныс бөгеттері нығайтылды.
Осыған дейін Жайықты жағалай орналасқан ауылдарда тасқынға дайындық туралы жазған едік.