Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Оның айтуынша, тасқынның ушығуына жол бермеу үшін ел көлемінде алдын алу және жедел әрекет ету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.
– 1 наурыздан бастап ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен республика бойынша 1,3 млн м³-тен астам еріген қар суы сорылды. Сонымен қатар 89 мың қап төселіп, 103 мың тонна инертті материал пайдаланылды. 1,8 мың шақырым арықтар мен каналдар тазартылып, 5,8 мың уақытша бөген мен үйінді салынды. Нәтижесінде елді мекендерден 9 млн м³-тен астам қар шығарылды, - деді ол.
Оның мәліметінше, бұл жұмыстар су басу қаупін төмендетуге бағытталған. Осыған орай тасқынға қарсы қажетті қорлар да алдын ала жасақталған. Қазіргі таңда 126 мың тонна жанар-жағармай, 374 мың тонна инертті материал және 4,5 млн қап қоры дайын.
Сонымен бірге жағдайды үздіксіз бақылау үшін әуеден мониторинг жүргізілуде.
– Су тасқыны жағдайын бағалау мақсатында 16 өңірде 46 әуе бақылау ұшуы жүзеге асырылып, 332 елді мекен қамтылды. Қазіргі уақытта әуеден бақылау жалғасып жатыр, - деді Әсет Жылқайдаров.
Оның сөзінше, ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету үшін барлық күш пен құрал жоғары дайындыққа келтірілген. Қазір су тасқыны салдарын жоюға азаматтық қорғау қызметтерінің 39 мыңнан астам қызметкері, 12 мың техникасы, 4 мыңнан астам су сорғыш құралы және 700 жүзу құралы дайын.
Сонымен қатар су тасқыны кезеңі басталғалы бері, яғни 1 наурыздан бастап, автомобиль жолдарында 52 су тасу және 9 жолды су шаю оқиғасы тіркелді. Қазіргі уақытта олардың ішінде 9 су тасу және 3 жолды су шаю жағдайы бақылауда тұр.
Жалпы ахуалды ескерсек, қазіргі уақытта Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай бақылауға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» дерегіне сәйкес, елдің бірқатар өңірінде күннің жылынуы мен жауын-шашынға байланысты су тасқыны мен қар көшкіні қаупі күшейгені хабарланды.