Су тасқыны қаупі жоғары өңірлерде төтенше жағдайдың алдын алу шаралары күшейтілді

31.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Көктемнің басталғалы елімізде әдеттегідей су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары күшейтіліп, осы бағытта жан-жақты жұмыс атқарылуда. Биыл 1 наурыздан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, арнайы жедел штаб құрды. Штаб өкілдері гидрологиялық жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап, барлық жауапты қызметтердің үйлесімді әрекеті қамтамасыз етіп отыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Министрліктің ресми мәліметінше, елдегі су тасқыны бойынша жағдай тұрақты, оның алдын алу және қорғаныс шаралары үздіксіз жүргізілуде.

«Су тасқынының алдын алу шаралары аясында 8 миллион текше метрден астам қар шығарылып, 698 мың текше метр еріген су сорылды, 41 мыңнан астам қап төселді, 3 мың тонна инертті материал пайдаланылды. Сонымен қатар 1,8 млн метрден астам арық пен канал тазартылып, 6 мың уақытша бөгет пен үйінді тұрғызылды.

Бұған қоса 9 өңірдегі 203 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 29 мың метр мұз кесіліп, 40 мың ойық бұрғыланды. Су тасқынына қарсы шараларға 147 адам, 364 техника, 30 мотопомпа және бір жүзу құралы жұмылдырылды. Арнайы мониторинг барысында 36 әуе барлауы жасалып, су басу қаупі бар 250 елді мекен тексерілді», - делінген ТЖМ мәліметінде.

ТЖМ өкілдерінің негзігі күші Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы қауіпті учаскелерге жұмылдырылған.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізіп, аталған өңірлерде су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажет екені жөнінде арнайы тапсырма берген еді.

«Биыл көктемнің алғашқы айлары жалы әрі жауын-шашынды болады деп күтілуде. Былтыр күзде толассыз жауған жаңбыр бірнеше өңірде жер бетінде мұз қыртысының түзілуіне әкелді, бұл су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін. Сондықтан түрлі жағдайға дайын болып, қажетті шараларды алдын ала қабылдау маңызды. Бұл, әсіресе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысының әкімдіктеріне қатысты. Себебі аталған өңірлерде бірқатар мәселе бар, ал олардың кейбірі бойынша шешім әлі күнге дейін қабылданбаған», - деп нақтылаған еді Қанат Бозымбаев.

Еске сала кетсек, биыл су тасқынына қарсы шараларға 48,7 миллиард теңге бөлінді. Ал 2025 жылы бұл мақсатта 35,9 миллиард теңге бөлінген болатын. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды болдырмау комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков мәлімдеген еді.

– Біз республика бойынша барлық мәліметті жергілікті атқарушы органдардан және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардан аламыз. Біздегі мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы инженерлік жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық дамуды жоспарлау аясында 35 млрд 992 млн теңге жұмсалған. Ал биыл бұл көрсеткіш 48 млрд 732 млн теңгені құрап отыр, - деді комитет төрағасы.

Бүгінде Қазақстанның оңтүстігінде су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Көктемгі су тасқынының шарықтау кезеңі қазір Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалып отыр. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абай облыстары төтенше жағдай қызметкерлерінің қатаң бақылауында.

Осылайша, ТЖМ өкілдері бүгінге дейін елімізде тасқынға қарсы шаралардың 92 пайызы орындалғанын мәлімдеді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью