Су тасқынына дайындық: БҚО ның бірқатар ауданында техникалар саны сәйкес келмей отыр

15.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Тексеріс барысында техникалардың, мотопомпалардың және жүзу құралдарының жұмысқа жарамдылығы, инертті материалдар мен жанармай қорының жеткіліктілігі, қапшық қаптау жұмыстары баса назарға алынды.

Бұл туралы БҚО ТЖД бастығының орынбасары Елдос Батталов облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткізілген төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша бірқатар аудан алдын ала берілген ақпараттарынан бөлек, ниетшарттар жасасу арқылы су сору және инженерлік техникалар санын көбейткен.

Сонымен қатар тексеріс барысында керісінше техника және инертті материал мен қапшық қорларының алдына ала берілген ақпаратқа сәйкес келмейтіні анықталған.

- Атап айтқанда, су сору техникалары Сырым (3), Шыңғырлау (5), Казталов (6), Қаратөбе (6), Тасқала (6), Жаңақала (10) аудандарында, эвакуациялық техника Қаратөбе (6), Сырымда (7), инженерлік техника Шыңғырлау (5), Жаңақала (5), Ақжайық (6), Теректі (6), Қаратөбеде (9), жүк көлігі Ақжайық (2), Теректі (3), Шыңғырлау (3), Жаңақала (5), Қаратөбеде (6), инертті материалдар Қаратөбе (11 тонна), Жәнібек (20), Жаңақала (60), Тасқалада (70) және Орал қаласында (70 тонна) төмен деңгейде. Екі жыл бұрынғы су тасқыны кезінде су басу деректері орын алған Сырым ауданы Бұлдырты ауылындағы 4 мотопомпа істен шыққан, - деді Е.Батталов.

Оның айтуынша, аудандарда жалпы саны 358 420 дана қапшық дайындалса, соның 67 820-сы қапталған. Қапшық қаптау жұмыстары Жәнібек (500), Жаңақала (650), Бәйтерек (1 200) аудандарында төмен деңгейде және жылумен қамтамасыз етілмеген ғимараттарда сақталуда. Бұл – қапшық сапасының тез төмендеуіне әкеліп соғатын бірден-бір фактор.

Сондай-ақ Бәйтерек, Жаңақала, Жәнібек, Сырым аудандарында қапшық қаптау жұмыстары тек аудан орталықтарында ғана жүргізіледі. Күні бүгін аудандардың көпшілігінде күштер мен құралдар тек аудан орталықтарында шоғырланған. Ал су басу қаупі бар елді мекендерде тек сол ауылдардағы шаруа қожалықтарының тракторларымен шектелген.

- Күш-құралдардан басқа қаражат бөлуді қажет ететін мәселелер бар. Қазіргі уақытта аумақтың құмды болуына байланысты Қалдығайты өзені арнасы жыл сайын өзгеріп келеді. Осыған орай Қаратөбе ауданының орталығына қауіп төніп тұр. Сондықтан Қалдығайты өзені жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізе отырып, көпір құрылысын жедел қаржыландыру қажет. Жыл сайын Шыңғырлау ауданының орталығында тұрғын үйлер су басу қаупіне ұшырайды. Күні бүгін арық жүйесін орнату бойынша жоба әзірленді. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін 250 млн теңге мөлшерінде облыстық бюджеттің қолдауы қажет. 2024 жылы шайылған Ұзынкөл су қоймасының бөгеті отырып, жарықтар пайда болп жатыр, - деп қосты Е.Батталов.

Облыс әкімі Н.Төреғалиев техника жетіспейтін аудандарда қосымша келісімшарт немесе ниетшарт жасасу туралы департамент басшылығының ұсынысын қолдады. Сондай-ақ қапшық қаптау жұмыстары аудан орталығында ғана емес, су басу қаупі бар елді мекендерде де тиянақты атқарылуын талап етті.

Аймақ басшысы су тасқыны кезеңінде қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру, инертті материалдар мен қажетті техникаларды алдын ала жеткізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су тасқынынан келер қауіп қандай екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью