Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Өңірлерде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе қаупі бар аумақтарды тексеруге кірісті. Олар нысандардың жай-күйін бақылап, мониторинг жүргізіп, инженерлік инфрақұрылымның деңгейін бағалайды.
Астана қаласында ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев әкімдік өкілдерімен бірге су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Мақсат – су тасқыны жағдайын бағалау, қар жамылғысының жай-күйін және оның еру барысын бақылау, еріген судың жиналуы мүмкін орындар мен қауіпті учаскелерді анықтау. Қазіргі уақытта елордадағы жағдай толық бақылауда, барлық қызмет күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр.
Ақмола облысында ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының басшысы Магомет Ахриев те су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында жағалауларды бекіту, өзен арналарын тереңдету, бөгеттерді қайта жаңарту, қорғаныш білектерін салу және су бұру арналарын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан қауіпті учаскелер тексерілді. Сонымен қатар инженерлік және су сору техникасының дайындығын көрді. Тексеру қорытындысында су тасқынына қарсы шараларды күшейту және қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру жөнінде ұсыныстар берілді.
Ақтөбе облысында ТЖД мен «Қазгидромет» РМК филиалы бірлесіп Елек, Қарғалы, Ембі, Темір, Ойыл, Үлкен Қобда өзендерінің жоғарғы ағысында маршруттық зерттеулер жүргізді. Тексеру барысында қар жамылғысының қалыңдығы мен тығыздығы өлшеніп, өзен арналарының жай-күйі, мұздың түзілуі және су өткізу қабілеті бағаланды. Алынған деректер су тасқыны жағдайына қатысты болжамды нақтылауға және қауіп аймақтарын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында су тасқынына дайындық ерекше бақылауда. ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров өңірдегі су тасқыны қаупі бар елді мекендерді аралады. Тексеру барысында қорғаныш білектерінің, су бұру арналарының және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бағалап, анықталған мәселелер бойынша жедел шешімдер қабылданып жатыр.
Қостанай облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар су тасқыны қаупі бар аумақтарды тексеру, қорғаныш біліктері мен бөгендердің, су бұру арналары мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бағалау, сондай-ақ өзен арналарын тазалау және тереңдету жұмыстарын қамтиды. ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бірқатар аудан мен елді мекендегі қауіп деңгейін бағалады.
Тексеру барысында тұрғын үйлерді, автомобиль жолдарын және инженерлік инфрақұрылымды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Нәтижесінде, су тасқынына қарсы шараларды күшейту, қорғаныш құрылыстарының жарамды жай-күйін қамтамасыз ету және көктемгі су тасу кезеңінде жедел әрекет етуге қызметтердің дайындығын арттыру бойынша ұсыным берілді.
Түркістан облысында ТЖД бастығы Бағдат Шайзада суқоймалары мен гидротехникалық нысандардың жағдайын тексерді. Салалық мамандардың қатысуымен мониторинг жүргізіліп, су деңгейі, қорғаныш бөгендерінің беріктігі және су өткізу құрылғыларының жұмысқа жарамдылығы зерделенді. Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге және гидротехникалық нысандарды тұрақты бақылауда ұстауға ерекше мән берілді.
Жалпы алғанда, республикада көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп, жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін барлық қажетті ресурс жұмылдырылған. Әрі жауаптылардың қатаң бақылауында.