Су тасқынына дайындық: Жайық жайылмалары тексерілуде

10.03.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Көрнекі сурет

Көктемгі су тасқыны басталғанда Жайық–Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының мамандары тасқын кезінде балық оқшау су қоймаларында қалып, қырылып қалуы мүмкін өзен жайылмалары мен арналарын қарап шығады.

Инспекцияның балық шаруашылығы, мониторинг және цифрландыру бөлімінің бас маманы Алмас Жұмашевтың айтуынша, көктемгі тасқын су өзен экожүйесі үшін өмірлік маңызы бар процесс. 

«Балықтардың көбеюі мен популяциясының сақталуы тікелей осы келетін судың көлемі мен сапасына байланысты. Көктемгі судың балықтарға тигізетін негізгі әсерлерінің бірі уылдырық шашу орындарының пайда болуы. Жайықтың көптеген балық түрлері уылдырықты су астындағы өсімдіктерге, жайылма шалғындарға шашады. Су деңгейі көтеріліп, өзен арнасынан шыққанда, табиғи жыралар арқылы су айдындар мен жайылмалар суға толады», – дейді Жұмашев.

Бұл балықтар үшін уылдырық шашуға ең қолайлы орта. Жайылмадағы таяз су тез жылынады, бұл уылдырықтың тез пісіп, шабақтардың ерте жетілуіне септігін тигізеді. Көп мөлшерде келген тасқын су өзен табанын лайдан, шіріген қалдықтардан тазартады. Ағын су өзенді оттегімен байытады. Бұл қыстан шыққан, әлсіреген балықтардың белсенділігін арттырады.

Каспий теңізінен өзенге өрлейтін бекіре тұқымдас балықтар үшін судың тұщылығы мен ағын жылдамдығы — уылдырық шашу үшін жоғары өрлеуге берілген негізгі сигнал. 

Су тасқыны сонымен қатар қоректік базаның молайтады: тасқын су өзімен бірге топырақтан және жағалаудан көптеген органикалық заттарды, жәндіктерді әкеледі. Жайылма суларда зоопланктон мен бентос (ұсақ ағзалар) қаулап өскендіктен, жаңа шыққан шабақтар үшін таптырмас азық болып табылады.

«Жайық өзені балықтарының табиғи жолмен көбеюі үшін судың тек көп келуі ғана емес, оның жайылмаларда белгілі бір уақытқа дейін, яғни шабақтар өзенге шығып үлгергенше тұруы өте маңызды», – деп толықтырды Жұмашев.

Ол 2024 жылы тасыған өр суының әсерінен су айдындармен бөлінген жайылым сулардан 2024-2025 жылдары көптеген балық шабақтары құтқарылғанын атап өтті.

Инспекция өкілі Рүстембек Қорқытовтың айтуынша, қазір мамандар ықтимал су басатын аймақтарды және балық оқшауланып қалуы мүмкін жерлерді тексеріп жатыр. Сарыөзек, Безымянный және Приморский каналдары, сондай-ақ Махамбет пен Индер аудандарында бақылау жүргізілуде. 

«Су деңгейін бақылап отырмыз, болжам бойынша ол былтырғы деңгеймен шамалас болады. Орынборда да осындай деңгей күтіліп отырғаны хабарланды. Біз былтырғыдай тасқынға дайынбыз», – деді Қорқытов.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 11:51

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью