Су үнемделсе, түсім артады

20.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елімізде жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су тұтынылады. Тіршілік нәрін ең көп пайдаланатын сала – ауыл шаруашылығы, оның үлесі 65%-ды құрайды. Ал өнеркәсіп саласының үлесі – 25%.

Осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бағытында бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, биылғы қаңтар айынан бері ведомство шамамен 700 шақырым каналды механикалық әдіспен тазалады. Жалпы, кейінгі 2,5 жыл ішінде ұзындығы 3,5 мың шақырымнан асатын каналдардың арнасы тазартылды. Сонымен қатар 1 200 шақырым каналды реконструк­циялау жұмыстары басталды.

Оңтүстік өңірлерде 65 мың гектар жерді суаратын 103 автоматтандыру жүйесі орнатылып жатыр. Үнемделген қаражат есебінен жалпы ұзындығы 85,5 шақырым болатын 14 каналды бетондау жұмысы қолға алынды. Былтыр Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылған 46 жоба аяқталды. Оның аясында ұзындығы 502 шақырым каналға реконструкция жүргізілді.

Ислам даму банкінің қол­дауымен жүзеге асырылған то­ғыз жоба шеңберінде жоспар­ланған 635 шақырым каналдың 600 шақырымға жуығы қайта жаңғыртылды. Осы банкпен ынтымақтастық аясында Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қы­зыл­орда облыстарында үш суқоймасының құрылысы бас­талды. Сондай-ақ Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69 млн текше метр болатын екі суқоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қолданыстағы суқоймаларын жаңарту және олардың тиімді­лігін арттыру мақсатында жеті жоба әзірленді. Сонымен қатар еліміздің жеті облысындағы 11 суқоймасын реконструкциялау жобасы дайындалды. Тек былтырдың өзінде Түркістан облысындағы Қапшағай, Батыс Қазақстан облысындағы Киров, Абай облысындағы Шар, Жетісу облысындағы Қызылағаш су­қой­малары мен Қостанай облы­сындағы Албарбөгет бөгетінде жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, Түркістан облы­сындағы Көксарай контррет­тегіші мен Жамбыл облысын­дағы «Қара­қоңыз» суқоймасын рекон­­с­­­­­­­трукциялау жұмыстары бас­талды. Сонымен қатар Есіл контрреттегішін салу жоспарланып отыр. Жоба толық іске ас­қанда нысан 870 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.

Су ресурстарын басқару жү­йесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, елімізде 42 жаңа суқоймасы салынып, қолданыстағы 37 нысан қайта жаңғыртылады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығын тұрақ­ты сумен қамтамасыз етуге, су тас­қыны қаупін төмендетуге және трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Жобаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде жыл сайын қосымша 2,6 млрд текше метрге дейін су жинауға жағдай жасалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ша­руашылығы инфрақұры­лы­мын дамыту және жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асырудың маңызы зор. Су ре­сурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрай­хановтың айтуынша, 2030 жылға дейін тұжырымдама аясында жаңа суқоймаларын салумен қатар 14,5 мың шақырым ка­нал жаңғыртылып, 557 гидро­техникалық құрылысқа көп­факторлы зерттеу жүргізіледі.

– Сумен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында министрлік елдің тоғыз өңірінде топтық су құбырларын реконструкциялау және жаңғырту бағытында 30 жобаны іске асырды. Оның ішінде 2025 жылы 15 жобаның құры­лыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 60 пайызға жоғары. Нәтижесінде, 514 мың тұрғыны бар 277 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етілді. Оның ішін­де 73 елді мекен алғаш рет орта­лықтандырылған сумен жабдық­тау жүйесіне қосылды.

Биыл да топтық су құбырла­рын реконструкциялау және жаңғырту мақсатында 12 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 540 мыңнан астам тұрғыны бар 142 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау сапасы жақсарады. Қалған үш жобаны 2027 жылы аяқтау көзделген. Сонымен қатар 41 топтық су құбырын жергілікті атқарушы органдардың теңге­ріміне кезең-кезеңімен беру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 15 нысан немесе жалпы жоспардың 36,6 пайызы орындалды, – деді вице-министр.

Министрлік су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын, су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын, сондай-ақ 2024–2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Еліміздегі су инфрақұ­рылы­мының басым бөлігі кеңестік кезеңде салынған және ұзақ жыл бойы пайдаланылып келеді. Өкінішке қарай, пайдалануға берілгеніне елу жылдан асқан кейбір нысандарға осы уақытқа дейін толыққанды жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Сон­дықтан тозығы жеткен кешен­дерді заманауи талаптарға сай қайта жабдықтау – уақыт күттірмейтін мәселе. Бұл бағыт қомақты қаржыны да қажет етеді.

Кейінгі жылдары ескірген гидротехникалық құрылыстарды кезең-кезеңімен реконструкциялау, суару жүйелерін жетілдіру және жаңа суқоймаларын салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл су шығынын азайтуға әрі ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға ықпал етеді.

Президенттің ауылдық елді мекендерді ауызсумен то­лық қамтамасыз ету жөнін­дегі тапсырмасына сәйкес, орталық­тандырылған сумен жабдық­тау жүйелерін дамытуға бағыт­тал­ған кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Су шаруа­шылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев былтыр бірқа­тар инфрақұрылымдық жобалардың іске асқанын және бұл жұмыстардың биыл да жалғасатынын атап өтті.

– Еліміздің алты өңірінде – Ақмола, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 70 ауылдық елді мекенге ауызсу жеткізу үшін жалпы ұзындығы 1497 шақырым болатын топтық су құбырларын салу және ре­конструкциялау жұмыстары қолға алынады.

Комитетке бұрын ауызсуға толық қол жеткізе алмаған 52 ауыл­дық елді мекенді орта­лық­­тандырылған сумен қам­тама­сыз ету міндеті жүктелді. Ұйым­дастырушылық және техникалық шараларды қабылдау, сондай-ақ жобалық шешімдерді оңтай­ландыру нәтижесінде жоспардан тыс тағы 22 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, бес жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аталған жобалар іске асқан жағдайда 207,6 шақырым топтық су құбыры жаң­ғыртылып, 449,9 мың тұр­ғыны бар 222 ауылдық елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі жақсарады, – деді комитет төрағасы.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны материал­дық-техникалық базасын нығайту мақсатында 757 бірлік арнайы техниканы сатып алуға қаржылық лизинг шартын жасасты. Қазіргі таңда арнайы техниканың 576 бірлігі жеткізілді.

Сонымен қатар каналдарды тазалау барысында алынған құм, топырақ және қиыршық тасты өткізу жұмыстары заңдас­тырылды. Биыл жалпы көлемі 500 мың текше метр құм мен қиыршық тасты сату жоспарланып отыр. Бұл материалдарды сату кәсіпорын үшін қосымша табыс көзі болып саналады.

2024 жылы 1147 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілсе, былтыр 1840 шақырым канал тазартылып, көрсеткіш шамамен екі есеге артты. Ал биыл 2200 шақырым каналды механикалық әдіспен тазалау жоспарланған.

Су ресурстарын тиімді бас­қару, гидротехникалық құры­лыстарды жаңғырту, ауыл шаруа­шылығы мен өнеркәсіпті жет­кілікті су қорымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алда­ғы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью