Су үнемдеу технологияларына 214 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

10.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Алдағы үш жылда бұл бағытқа 214,6 млрд теңге инвестициялық субсидия қарастырылып, отандық суару жабдықтарын өндіру де қарқын алып отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев айтып берді.

Оның айтуынша, фермерлердің су үнемдейтін технологияларға қолжетімділігін арттыру мақсатында елімізде бірқатар өндіріс орындары жұмыс істеп тұр.

— Сондай-ақ, 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған инвестициялық шығындарды субсидиялауға 214,6 млрд теңге бөлу жоспарланған. Оның ішінде жылдар бойынша 58,5 млрд, 74,6 млрд және 81,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе жоғары, — деді Т. Момышев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған.

— Жергілікті атқарушы органдар да бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, инвестициялық субсидияларды қаржыландыру үшін арнайы бюджеттік бағдарламалар ашты. Жалпы, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында. Әсіресе су тапшылығы қаупі жоғары оңтүстік өңірлерде — Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында көшпелі кеңестер өткізілді. Мамандардың айтуынша, су үнемдеу технологияларына дер кезінде көшу аграрлық саланың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, елдегі су ресурстарын сақтауда шешуші рөл атқарады, — деді Талғат Момышев.

Айта кетейік, елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар күшейіп келеді. Су үнемдеу технологиялары енгізілген егіс алқаптарының көлемі бірнеше есе өсіп, 2025 жылы 543 мың гектардан асқан. Билік 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізуді көздеп отыр.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью