Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызын атап өтті. Цифрландыруға, ЖИ мен инновацияны енгізуге, агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға ерекше назар аударды. Алайда жуырда жүргізілген ауқымды тексеру салада кемшіліктің көптігін әшкереледі. Жүздеген миллиард талан-тараж болған. Ауыл шаруашылығының халықты жұмыспен қамтуы азайған. Бұған не себеп?
Мемлекет басшысы өз Жолдауында аграрлық сектордағы тиімді мемлекеттік реттеу мен бақылаудың өте маңызды рөл атқаратынын нықтап еді. Алайда дәл осы жағы ақсап жатқаны анықталған. Триллиондар бөлінді, тәртіп қайда? Осы сұраққа жауап іздеген Үкіметтің аудиті агроөнеркәсіптегі жүйелі олқылықтарды ашты.
Агроөнеркәсіп кешеніне соңғы екі жылда 1,2 трлн теңгеге жуық мемлекеттік қолдау көрсетілгенімен, оның едәуір бөлігі нақты экономикалық нәтиже бермепті. Қағаздағы есеп пен өмірдегі нәтиже арасындағы алшақтық тағы да күн тәртібіне шықты.
Ревизорлар не қорытындыға келді?
Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет экономиканың негізгі салаларында қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын жүйелі түрде талдауға кірісті. Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллектінің көмегімен қашықтан, ақпараттық жүйелер арқылы ІТ-аудит жүргізіп жатқан мекеме – Қаржы министрлігінің басшысы Мәди Такиевтің агроөнеркәсіп кешеніне жүргізілген тексеруінің алдын ала нәтижелері жөніндегі баяндамасын тыңдады.
АӨК-ті қаржыландыру аудитінің нәтижесіне сәйкес, 2023–2024 жылдар аралығында анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрады. Соның ішінде бюджетке тікелей 32 миллиард теңге шығын келтірілген. «Әр тиын бюджеттің жалғызы» болған өткір бюджеттік тапшылық заманында мұндай сандардың салмағы тым ауыр көрінеді. Елдің бас қаржыгерінің мәліметі бойынша, соңғы екі жылда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларына 1,2 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жетіспеуі, мемлекеттік бақылаудың болжырлығы сол бұрынғыдай субсидиядағы «көлеңкелі схемалардың» қанат жаюына септесті.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, триллиондаған қаржының едәуір бөлігі күтілетін экономикалық нәтиже мен халыққа нақты пайда әкелмей жұмсалған, сайда саны, құмда ізі қалмаған. Бұлар бірлі-жарым оқиға емес: жөнсіздіктер жүйелі жолға қойылған. Тексеру қорытындысы жүйелі сипаттағы бірқатар заңбұзушылықты әшкереледі. Тарата айтқанда, аграршыларды субсидиялау барысында 5,5 млрд теңгеге бағаланатын көлеңкелі схемалар табылыпты. Соның ішінде 11 өңірде 1 ірі қара малдың бірнеше рет «сатылып», әр жолы субсидия алуға себеп болғаны тіркелді. Құжат жүзінде ғана бар «мал шаруашылығының» құны 808,1 млн теңгеге жеткен.
Қаржы министрі субсидия беру кезінде болған нақты заңбұзушылықтарға тоқталды. Инвестициялық жобалар саласында да жұмбақ жайт жетерлік: төлем бар, нәтиже жоқ. Мемлекеттік бюджет кредиттері есебінен жүзеге асырылған АӨК инвестициялық жобалары бойынша 13,3 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталған. Кейбір жағдайда мал мен жабдық мүлде жеткізілмеген, не жоспарланған көлемнен аз жеткізілген. Біраз құрылыс, монтаждау жұмыстары қағаз жүзінде іске асып, ақысы төленіп, іс жүзінде орындалмаған. Аударылған қаражаттың қайда кеткені белгісіз, бәлкім, шетел асқан.
Сондай-ақ аудит барысында мерзімі өткен, төлеуін қойған берешегі және сол үшін жаңа несие алуына қолданыстағы шектеулері бар қарыз алушыларға микрокредиттер беру фактілері белгілі болды. Мәди Такиевтің ақпаратынша, жалпы қарызы 45,8 млн теңге болатын 25 қарыз алушыға 177,7 млн теңге көлемінде кредит тағы берілген.
Саланы жүйелі тиімсіздік жайлаған екен. Жыл сайын 140 млрд теңге бөлінетін, 3,2 мың қарыз алушыны қамтитын егіс және орақ жұмыстарына арналған бағдарламалар күткен нәтижені көрсетпеген. Ағымдағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру үшін құрылған «Аграрлық кредит корпорациясы» фермерлер шығынының 70%-ына дейін жабу жөніндегі міндетін орындай алмай отыр. Қаражат көптеген қарыз алушыға тым аз көлемде бөлінгендіктен, ауыл шаруашылығы жұмыстарының толық цикліне жетпей қалады.
Жүйе қайтсе түзеледі?
Анықталған заңбұзушылықтар мен бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын ескере отырып, Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, біріншіден, Қаржы мен Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, жергілікті атқарушы органдармен тізе қоса отырып, төл ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау арқылы бірыңғай цифрлық мониторинг енгізу жүктелді.
Екіншіден, жауапты ұйымдар субсидиялау жүйелерін қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, нақты өндірілген өнім көлеміне бағдарлап қайта қарауға тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау талаптары толық орындалғанға дейін субсидияланған малды сатуға жол бермейтін форматтық-логикалық бақылау тетігі қолданылмақ. Төртіншіден, бұдан былай мемлекеттік кредиттерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын инвестжобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына міндетті мемлекеттік сараптама жүргізілетін болады. Сондай-ақ Үкімет нақты заңбұзушылық фактілері бойынша материалдар іс жүргізу шешімдерін қабылдауы үшін құқық қорғау органдарына берілетініне сендірді.
Сарапшылар тағы бір кемшін тұсқа назар аудартты: жыл сайын салаға құйылатын ақша-инвестиция қанша өссе де, ауыл шаруашылығындағы жұмыс орындары тоқтаусыз құлдырап барады. Finprom мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2025 жылы ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар 1 трлн теңгеден асты. Бұл тұрғыда 2024 жылы 4,4%-дық төмендеуден кейін сала 23,5% өсім көрсетті.
Ұзақмерзімді динамикаға жүгінсек, 2015 жылы ауыл шаруашылығына бар-жоғы 164,2 млрд теңге инвестиция салыныпты. Арада он жыл өткенде, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен жеті есе артып, 1,1 трлн теңгеге жеткен. Инвестицияның негізгі бөлігі – 733,7 млрд теңге кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қалыптасқан. Банктік емес қарыз қаражаттары 32,9%-ға, ал банктік кредиттер 59,5%-ға өсіп, 46,3 млрд теңгені құрады. Бұл банктердің аграрлық секторға деген қызығушылығы қайта ояна бастағанын көрсетеді.
– Алайда инвестиция көлемінің өсуі саладағы жұмыспен қамтуға ауқымды игі әсер етпей отыр. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, жұмысшылардың тізімдік саны 63,3 мың адамға, нақты саны 60,1 мың адамға дейін қысқарған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш тиісінше 1,8% және 2,1%-ға кеміп кетті, – деп түсіндірді агенттік сарапшылары.
Субсидия – мақсат емес, өсу құралы
2025 жылғы 14 қарашада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы субсидиялар фермерлердің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етуге тиіс екенін тағы да атап өтті. Мемлекеттік қолдау тұрақты «қамқорлыққа» емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуі қажет.
Жалпы, субсидия саласында үлкен құзыр – әкімдіктерде. Орталықтағы министрлік ішінара тексеріс жүргізгенімен, ақша тарату мәселесінде басым жағдайда әкімқаралар мен фермерлердің сөзіне сенуге мәжбүр. Бұл депутаттардың алаңдаушылығын туғызады. Қосып жазу – алақол адамдардың «қанында» бар әрі қалтаны қампайтудың құралы.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сүйене отырып, мысалы, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасының басты 19 нысаналы индикаторының 10-ы бойынша мониторинг жергілікті атқарушы органдар ұсынатын жедел мәліметтерге негізделгенін тілге тиек етті.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі оларды жаппай қосымша тексермейді. Бұл – Үкіметке жететін ақпараттың бұрмалану қаупі бар деген сөз. Ендеше министрлік субсидия қаражаты дұрыс, нысаналы жұмсалуы үшін ең алдымен мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етуге тиіс», – деді депутат. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл тараптағы біраз былықтан арылып, бақылауды күшейтіп жатқандарын айтады.
– Бізде тұжырымдама аясында 19 көрсеткіш-индикатор бекітілген. Оның 10-ы бойынша жергілікті атқару органдары есеп береді. Оған облыс әкімінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасары қол қояды. Содан соң оны Ұлттық статистика бюросы қайта тексереді. Сондай-ақ біз де индикаторларды әр облыстан таңдап, іріктеп тексеріп, статистикамен салыстырамыз. Әдетте, 95% сәйкес келіп жатады. Субсидиялауға келсем, оны алу үшін алдымен шығын шығару, мәселен, тыңайтқыштарды, тұқымды сатып алуы керек. Алса және құжаттары дұрыс болса, субсидия беріледі. Алған әрбір шаруашылық біздің жүйемізде бар, оны бақылауда ұстаймыз, – деді АШМ басшысы.
Министр бұл салада қосып жазу шынында кең ауқым алғаны анықталғанын жасырмады. 2023 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған, вице-премьер Серік Жұманғарин жетекшілік еткен арнайы жұмыс тобы да тексеру жүргізіпті. Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, қағазда бар, өмірде жоқ 2 млн сиыр мен бұқа, 3 млн қой, 3 млн литр сүт, 2 млн келі картоп есептен шығарылған екен. А.Сапаров содан соң «бәрін ретке келтіріп, таза парақтан бастағандарына» сендірді. Бұған қоса, қосып жазудан арылу және оған барғандарды жазалау үшін заңнама өзгертіліпті. Мемлекетке өтірік ақпарат берсе, бірінші рет ескерту жасалады, екінші рет айыппұл салынады.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев деректер сапасын арттыру мақсатында жауапкершілік күшейтілгенін, ел тарихында ешқашан болмаған арнайы «дата-контролер институты» құрылғанын хабарлады. Бірақ олар да бәрін кабинеттен ешқайда шықпай, қашықтан тексереді. Тек сәйкессіздік тапса, әрі кетсе нысанға қоңырау шалуы мүмкін.
Мына бір қызыққа қараңыз: «соңғы 20 жылда алғаш рет өткізілетін ауыл шаруашылығы санағы саладағы статистикалық олқылықтарды анықтауға мүмкіндік беретіні» бұған дейін жарияланған. Ол былтыр аяқталды. Ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыздан 31 тамызға дейін sanaq.gov.kz арнайы веб-порталында өз бетінше толтыру әдісімен жүргізілді. Ізінше, 2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазан аралығында планшет көтерген санақ қызметкерлері фермерлерді, агроөнеркәсіп кешендерін және қорада мал ұстайтын ауылдағы ағайынды аралауға тиіс болды.
Кейбір ауылдықтар келмегенін айтады. Сондай-ақ арнайы веб-портал да шұғыл жабылып қалды. «Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бойынша деректерді жинау жұмыстарының аяқталуына байланысты sanaq.gov.kz сайтының жұмысын тоқтататынын хабарлайды», – деген құлақтандыру ілулі тұр. Салдарынан, санақтың не көрсеткенін білу мүмкін болмады. Статорган оның түпкілікті қорытындысын әлі жариялаған жоқ. Демек, бұл салаға әлі де болса, айқындылық жетіспейтіні аңғарылады.
Айхан ШӘРІП