Субсидияның орнына жеңілдетілген несие: шаруалар үшін не өзгерді

23.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, фермерлер мен кәсіпкерлер 5% жеңілдетілген несие немесе лизинг арқылы көктемгі егін егу, егін жинау, ауыл шаруашылығы техникасын алу, қайта өңдеу зауыттарының жұмысын қаржыландыру, сондай-ақ мал бордақылау алаңдары мен ұсақ мал сатып алу жұмыстарын жүргізе алады.

— Аталған құралдар АӨК субъектілеріне субсидиялар алу қажеттілігінсіз бірден 5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша кредиттер, лизинг алуға мүмкіндік береді. Жеңілдікті кредиттеу және лизинг бағдарламаларының 5%-бен іске қосылуына байланысты кредит және лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасынан айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ резервке (күту парағына) субсидиялауға ұсыныстар қабылдау алынып тасталды, — деді министрлік өкілдері Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.

Сонымен қатар, инвестиция салуға арналған кредиттердің пайыздық төлемін мемлекет субсидиялайды. Бұл фермерлер мен кәсіпкерлерді өз бизнесіне ақша салуға ынталандырады әрі салада несие алу мүмкіндігін арттырады.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау және мал өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыру бағыттары:

1. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту:

— Асыл тұқымды мал мен құсты, сондай-ақ эмбриондар мен бұқалардың ұрығын сатып алу;

— Асыл тұқымдық орталықтар мен дистрибьюторлық орталықтардың көрсететін қызметтерін (ірі қара мал мен қойларды қолдан ұрықтандыру) қаржыландыру;

— Мінетін және жегілетін жылқылардың отандық тұқымдарының асыл тұқымды аналығымен селекциялық жұмыстар жүргізу.

2. Мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс шығындарын арзандату:

— Бұқашықтар мен қошқарларды бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеуші кәсіпорындарға өткізу;

— Сиыр, бие және түйе сүтін өндіру шығындарын төмендету;

— Тауық етін өндіру құнын азайту;

— Биязы және жартылай биязы жүнді қайта өңдеуге өткізу шығындарын төмендету;

— Бал өндірісінің шығындарын азайту;

— Малдың азығына кеткен шығындарды субсидиялау.

Субсидияны кімдер ала алады?

— Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін жеке немесе заңды тұлғалар.

— Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын, оларды көбейтетін және сақтайтын жеке немесе заңды тұлғалар.

— Асыл тұқымдық орталықтар, дистрибьюторлық орталықтар және ұрықтандырушы-техниктер — аналық малды қолдан ұрықтандыру бойынша қызмет көрсететін ұйымдар.

— 2026 жылы субсидиялар көлемі шамамен 119,3 млрд теңге деңгейінде жоспарланып отыр. Дегенмен басты мақсат — тікелей субсидиядан жеңілдетілген несиелеуге кезең-кезеңмен көшу, — деп атап өтті министрлік.

Айта кетейік, Қостанай облысында балық питомниктеріне заңсыз төленген субсидиялар өндірілді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью