Судьяларды іріктеу тәртібі жеңілдеді

09.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Сурет: ortcom.kz

Өткен жылдан бастап елімізде судьялар корпусын қалыптастыру жүйесін кешенді реформалау бас­талды. Үміткерлерді даярлау, біліктілік емтиханы, конкурстық іріктеу, судьяларды тағайындау және кадрлық үдерістерді цифр­ландырудың барлық кезеңі өз­гертілді. Мұндағы басты мақсат – қоғамның сұранысына және сот төрелігінің сапасына қойылатын жаңа талаптарға сай келетін бір­тұтас заманауи кадрлық жүйені қалыптастыру.

Кадрлық саясатты жүйелі жаңғыртудың маңызды бағыты – сот жүйесіндегі кадр тапшылығын азайту. Ж.Оспанованың айтуынша, кейінгі жылдары бұл мәселе судьялар жүктемесінің артуына, істерді қарау мерзімінің ұзаруына түрткі болған.

– Біздің міндетіміз – кадр тапшылығына одан әрі жол бермеу ғана емес, оны кезең-кезеңмен қысқарту. Бұл жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары сот Кеңесі алғаш рет судьялардың қызметтен кетуінің орнын толтырып қана қоймай, судьялар корпусы санының нақты өсуін қамтамасыз етті. Кадрларды толықтыру көрсеткіші 130 па­йыздан асты. Өңірлерде бес жыл бойы бос тұрған 64 судьялық лауазым толықтырылды, – дей келе осы жылы Мемлекет бас­шысының Жарлықтарымен аудандық соттардың 159 судьясы тағайындалғанын да жеткізді.

Соның нәтижесінде бос тұрған судьялық лауазымдар саны 237-ге дейін қысқарды. Бұдан бөлек, Жоғары сот Кеңесі ұсынған 37 үміткер заңнамада көзделген тексерулер мен тағылымдамадан өтіп жатыр. Олар тағайындалғаннан кейін бос тұрған судьялық ла­уазымдар саны шамамен 200-ге дейін төмендемек.

Оған қоса, конкурстық іріктеуді ұйымдастыру тәртібі қайта қа­ралып, бір конкурсты өткізу мерзімі алты айдан бір жарым айға дейін, яғни төрт есеге жуық қысқартылды. Егер бір жыл бұрын жылына 2-3 конкурс қана өтсе, 2025 жылы 796 судьялық лауазымға алты конкурс өткізілді. Биыл бірінші жартыжылдықта тағы 295 бос судьялық лауазымға бес конкурс жарияланды. Олардың 143-і бо­йынша шешім қабылданды. Қалған 152 бос лауазым Кеңестің алдағы отырысында қаралмақшы.

Судьялыққа үміткерлерге арналған біліктілік емтиханына ауқымды реформа жүргізілген. Емтиханнан өту мерзімі бір жарым жылдан үш айға дейін қысқартылыпты. Бұған емтиханды тоқсан сайын емес, ай сайын өткізу, психологиялық тестілеу санын жылына үш реттен алты ретке дейін ұлғайту және Біліктілік комиссиясы отырыстарының санын айына төрт ретке дейін арттыру арқылы қол жеткізілген.

Бүгінде біліктілік емтиханы өзара сабақтас бес кезеңнен тұрады: компьютерлік тестілеу, эссе жазу, тәжірибелік кейстерді шешу, психологиялық тестілеу және қорытынды әңгімелесу. Осы жылдың алғашқы тоқсанында Жоғары сот Кеңесі төрт біліктілік емтиханын өткізген. Оған 304 үміткер қатысты. Емтиханның барлық бес кезеңінен 53 үміткер сүрінбей өткен. Олардың 27-сі әйел, 26-сы ер адам. Бұл судьялық қызметке қол жеткізуде әйел мен ер үшін тең мүмкіндіктердің қамтамасыз етілгенін көрсетеді.

Айта кету керек, 2027 жылдың аяғына дейінгі цифрлық трансформация аясында Жоғары сот Кеңесі судьяларды іріктеуге арналған өзінің ақпараттық жүйесінің бес негізгі модулін әзірлеуді аяқтады. Осы жылдың екінші жартыжылдығында бос судьялық лауазымдарға жария­ланатын конкурстарға қатысу үшін құжаттарды қабылдау жүйе­сін қанатқақты режімде іске қосу жоспарланған. Кейіннен осы цифрлық шешімдерді біліктілік емтиханын өткізу барысында да енгізу көзделіп отыр.

Жаңа жүйе конкурстық рә­сімдердің мерзімін қысқартуға, процестердің едәуір бөлігін автоматтандыруға, адами фак­тор­дың ықпалын азайтуға,  кадрлық шешімдердің ашық­ты­ғын арттыруға мүмкіндік береді.

Жоғары сот Кеңесінің мү­шесі Салтанат Жүніспекова кеңес қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру негізгі басымдықтың бірі болғанын және солай болып қала беретінін атап өтті.

– Ақпараттық сүйемелдеу жүйелі түрде жаңартылып, ресми ресурстар белсенді жүргізіліп жатыр. Кеңестің қызметі туралы материалдар күн сайын әлеуметтік желілерде жарияланады, сондай-ақ Кеңес төрағасының бастамасымен алғаш рет азаматтарды күн сайын қабылдау тәжірибесі енгізілді. Салыстыру үшін мынадай деректерді келтірейін: алдыңғы бес жылда барлығы 56 адам қабылданса, тек 2025 жылдың өзінде 220 азамат қабылданды, олардың басым бөлігін судьялар құрады, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 129 адам қабылданды, – деді ол.

Сондай-ақ жыл басынан бері адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары және басқа да заңгерлердің бас қосуымен 45 семинар өтті. Оларға 14 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде, судья мамандығына қызығушылық артып, үміткерлер қатары тұрақты түрде көбейіп отыр.

Сот төрелігі академиясы Жоғары сот Кеңесінің қарамағына берілгеннен кейін болашақ судьяларды даярлаудан бастап оларды тағайындауға, біліктілігін арттыруға және тәртіптік жа­уапкершілік мәселелеріне дейінгі бірыңғай кадрлық жүйе қалып­тастырылды. Осы жылы академияны бітірген 88 түлектің 84-і біліктілік емтиханын сәтті тапсырды, бұл шамамен 96%-ды құрайды. Бірінші тоқсанда тағайындалған 159 судьяның 82-сі – Сот төрелігі академиясының түлектері.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью