Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі суару маусымында суды әділ бөлу мен заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Telegram желісінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» атты анонимді чат-ботты іске қосты.
Жоба «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып отыр. Министрлік мәліметінше, жаңа жүйе арқылы азаматтар су беру және бөлу кезіндегі заңсыз әрекеттер, сыбайлас жемқорлық фактілері және өзге де құқықбұзушылықтар туралы жедел хабарлай алады.
Сонымен қатар чат-бот пайдаланушыларға қажетті ақпаратты қысқа уақытта алуға мүмкіндік береді. Жүйені іске қосу үшін Қазсушар филиалдары мен өндірістік учаскелерінде орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет.
Чат-бот қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді әрі өтініштерді анонимді түрде қабылдайды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов судың «қара нарығымен» күрес ашықтық пен цифрлық бақылауды талап ететінін айтты. Оның сөзінше, министрлік электронды келісімшарт жасау жүйесін және жерді қашықтан зондтауға негізделген ғарыштық мониторинг құралдарын енгізіп жатыр.
Ведомство мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері заңсыз су алу деректері бойынша жалпы сомасы 41 млн теңгеге 99 әкімшілік айыппұл салынған.