Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Өңірдегі күрделі мәселелердің бірі – жайылым жерлердің жетіспеуі. Мал басы көбейгенімен, су көздерінің тартылуы мен жердің тозуы салдарынан шөп шығымы төмендеп, шаруалар қыспаққа тірелуде.
Су үнемдеу мәселесі тұрмыстық деңгейден бастап, өндірістік нысандарға дейін өзекті. Әсіресе, Атырау қаласы аумағындағы көлік жуу орталықтарында ауызсу көп пайдаланылады. Қазіргі есеп бойынша, облыс орталығында шамамен 140-қа жуық көлік жуу нысаны бар. Бір автокөлікті жууға орта есеппен 150-300 литр су жұмсалатынын ескерсек, арғы жағын болжай беріңіз. Көлік жуу бекеттері мен өз-өзіне қызмет көрсету нысандары маңында тұратын тұрғындар да мәселе көтеріп отыр. Олардың айтуынша, тәулік бойы жұмыс істейтін кейбір бекеттерде су ағыны есепсіз.
«Атырау облысы су арнасы» КМК сату қызметі бастығының міндетін атқарушы Гүлмира Сыдыхованың айтуынша, ауызсу ең алдымен тұрғындардың күнделікті қажетіне арналуға тиіс. Су ресурстары шектеулі. Сондықтан техникалық нысандар ауызсуды емес, қайта айналым немесе техникалық су жүйесін қолдануы керек.
Кәсіпорын директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров те суды басқару мәдениетін қалыптастыру аса маңызды екенін айтады. Оның сөзінше, су тазарту жүйелері классикалық тәсілмен жұмыс істегенімен, басты мәселе – есепке алу мен бақылауда.
«Жуырда Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялық өңіріне барып, ондағы су тазарту стансасының жұмысымен таныстым. Қала халқы шамамен үш миллион адамды құрайды, ал тәулігіне 400 мың текше метр су беріледі. Осындай ауқымды көлемге қарамастан, олар да бізге таныс дәстүрлі тәсілді қолданады екен. Алдымен су тұндырғышқа жіберіледі, кейін сүзгілеу кезеңінен өтеді, соңында арнайы резервуарларда жиналып, тұтынушыларға таратылады. Шынын айтсам, Қытай сияқты технологиясы дамыған елден мүлде жаңа, заманауи шешімдер көремін деп ойлағанмын. Алайда олардың тәжірибесі бір нәрсені көрсетті: су саласында тек инновация емес, ең алдымен жүйелі басқару, нақты саясат және қатаң есеп мәдениеті керек. Егер біз де осы бағытта сауатты шешімдер қабылдап, жұмысты бірізді жүргізсек, алдағы уақытта су тапшылығын еңсеріп қана қоймай, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсімін қамтамасыз ете аламыз», – дейді Ғасыржан Лекеров.
Мамандар суды қайта пайдалану жүйесін енгізуді негізгі шешім ретінде ұсынып отыр. Мұндай қондырғылар арқылы пайдаланылған суды сүзгіден өткізіп, 2-3 рет қайта қолдануға мүмкіндік бар. Қондырғының құны шамамен 1,5-2 млн теңге көлемінде. Жаңартылған Су кодексіне сәйкес, көлік жуу орталықтары 2030 жылға дейін айналымдық су жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге міндетті. Мұндай талап 2015 жылдан бері болғанымен, нақты бақылау жүрмеген еді.
Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, шағын көлік жуу орындары айына шамамен 70 текше метр су тұтынады, ал ірі нысандардың көрсеткіші 250 текше метрге дейін жетеді. Қайта айналым технологиясы енгізілсе, бұл көлем кемінде үш есеге азаюы мүмкін. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев мәселенің екіжақты екенін айтады.
«Осыдан екі жыл бұрын бизнес иелері келіп «Атырау облысы су арнасына» арыз-талаптарын жеткізді. Бүгінде қос тараптың да ұсынысы тыңдалып, өтініші орындалды. «Атырау облысы су арнасы» арнайы фильтр қондыруды сұрады. Ол болмаған жағдайда заң аясында көлік жуу орталықтарын жабуға дейін барды. Бұл арада екі жақтың да айтар уәжі орынды. Бір жағынан, ауызсуды есепсіз пайдалану дұрыс емес. Екінші жағынан, кәсіпкерлерге бірден қатаң шара қолдану да тиімсіз. Бұл жерде түсіндіру, кезең-кезеңімен көшу маңызды, – дейді ол.
Қалай десек те, су – ортақ байлық. Оны тиімді пайдалану мәдениеті қалыптаспайынша, технология мен заңның өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Қазір басты міндет – нақты деректерге сүйеніп, жүйелі шешім қабылдау және қайта өңделген техникалық суды қолдану тәжірибесін енгізу болып отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы