Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
– Бүгінде «Қарғын» кітап клубы тұрақты жас оқырмандарын қалыптастырып үлгерді. Алайда кез келген жобаның артында идея мен алғашқы қадам тұрады. «Қарғын» кітап клубын құру идеясы неден басталды және алғашқы қадам қалай болды?
– «Қарғын» клубы 2024 жылдың 25 қазанында Астанада құрылды. Идея Элиф Шафактың кітаптарын оқитын қыздардың шағын тобының басын қосудан басталды. Бізге қалыптасып қалған кітап клубтарының форматы ұнамады. Сонымен қатар қазақтілді ортада өз ойын қорғау, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларының әлсіз екенін байқадық. Осы екі дүниені біріктіріп, жаңа формат жасасақ деген ой келді. Сөйтіп, ерекше формат дүниеге келді. Бұған дейін елімізде де, шетелде де дәл мұндай формат болған емес. Бір кездесуде кем дегенде төрт спикер төрт кітапты қорғайды. Олар өздеріне ұнаған, ерекше әсер еткен немесе қоғамға пайдалы деп санаған кітапқа 15 минуттық презентация дайындайды. Бұл идея мынадай ұстанымнан шықты: сүйікті кітабын қорғай алған адам өз идеясын қорғай алады. Өз идеясын қорғай алған адам өзін де қорғай алады. Өзін қорғай алған адам отбасын да қорғай біледі. Ал отбасын қорғай алған адам, әрине, Отанын да қорғауға дайын деген сөз.
– Тұрақты оқырмандар саны қалай өсіп келеді?
– Бізге келген оқырман өзіне ұнайтын, іздеп жүрген кітабын таба алады. Сондықтан бұл қолайлы формат бірден тұрақты оқырмандары мен жанкүйерлерін тапты. Оқырман саны әжептәуір өсіп кетті деп айта алмаймыз. Дегенмен қатарымыз әрдайым жаңарып отырады, тұрақты оқырмандарымыз да бар. Біз үшін ең маңыздысы – сан емес, сапа. Сондықтан қатысушылардың көптігінен гөрі, мазмұнды талқылау мен сапалы орта қалыптастыруға басымдық береміз.
– Сіздердің клубтарыңыздың ақылы екенін білеміз. Біздің қазіргі қоғам көркем шығарма талданатын іс-шараға ақы төлеп кіруге дайын ба?
– «Қарғын» клубы ақылы болғандықтан да өзге кітап клубтарынан ерекше деп ойлаймын. Қазір де кітап оқып, пікір алмасуға бағытталған түрлі клубтар бар. Біздің жобаның ерекшелігі әдемі, жайлы әрі жарық кеңістікте, қаланың сәнді локацияларында бас қосып, кітап талқылауға, пікір алмасуға, жаңа орта табуға мүмкіндік береді. Бүгінде адамдар өз уақытын саналы түрде жоспарлап, сапалы ортада уақыт өткізуді қалайды. Сондықтан сапалы ұйымдастыруға, мықты спикерлерге және қолайлы ортаға ақы төлеу қалыпты құбылысқа айналуы керек. Меніңше, біздің қоғам көркем шығармаларды талқылайтын, интеллектуалдық орта қалыптастыратын сапалы іс-шараларға ақы төлеуге дайын. Бұл тек кітап оқу емес, адамның өзін дамытуына, көзқарасын кеңейтуіне, жаңа адамдармен танысуына мүмкіндік беретін орта.
– Жобаны болашақта еліміздің өзге өңірлеріне кеңейту жоспарыңызда бар ма?
– Бастапқыда басқа қалаларда да ашып көрдік. Алматы мен Қарағандыда болды. Бірақ өзіміз істің басы-қасында бола алмағандықтан, жоба жалғасын таппады. Бұл жерде сапалы спикерлер өте маңызды. Қазір франшиза алып, іске асырғысы келетін адамдар да бар. Әйтсе де кітап оқитындар көп болғанымен, оны талдап, анализ жасайтындар аз. Сондықтан да біздікі сынды клубтардың көбейгеніне қуанар едім. Бізге өз ойын қорғай алатын жастар керек. Елімізде ойлы, талантты жастар көп. Бірақ өкінішке қарай, көпшілік алдында шығып, өз ойын дәлелдеп, еркін жеткізе алатын жастар аз. Сондықтан жастарды қолдап, қанаттандырып, дем беруіміз керек. Кейінгі уақытта маған «Сіздің клубыңыз шабыт беріп, кітап жаза бастадым» немесе «Кітап клубын аштым» дейтін жастар көбейді. Осындай белсенді азаматтарға риза боламын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Нұрай МҰҚАН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті