Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы Australian Open турнирінде жеңіске жетіп, мансабында алғаш рет Австралия ашық чемпионатының чемпионы атанды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған Рыбакина финалда әлемнің бірінші ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенкомен кездесті. Турнир Мельбурн қаласында хард жабындысында өтті.
Финалдық матч үш сетке созылып, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен Рыбакинаның пайдасына аяқталды. Қарсыластар кортта 2 сағат 18 минут ойнады.
26 жастағы Елена Рыбакина осылайша Australian Open турниріндегі алғашқы титулын жеңіп алды. Бұл – оның Үлкен дулыға турнирлеріндегі екінші жеңісі. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон турнирінде (шөп жабындысы) чемпион атанған болатын.
Ал Арина Соболенко Australian Open финалында екінші жыл қатарынан жеңіліске ұшырады. Өткен жылы бұл турнирде америкалық Мэдисон Киз топ жарған еді. Бұған дейін Соболенко екі рет Australian Open чемпионы атанған.
Мельбурндегі хард жабындысындағы мэйджордан кейін Соболенко әлемдік рейтингтегі көшбасшылығын сақтап қалады. Рыбакина бесінші орыннан үшінші сатыға көтеріледі. Ал екінші орынға польшалық Ига Швёнтек жайғасады.