Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстанда мектеп оқулықтарын кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мектептерде қолданылып жүрген оқулықтардың басым бөлігі 2018-2019 жылдары жарық көрген және сол уақыттан бері мазмұны айтарлықтай жаңартылмаған. Осыған байланысты оларды Конституциялық өзгерістер мен заманауи талаптарға сәйкес қайта қарау көзделіп отыр.
Жаңарту жұмыстары бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сынып оқулықтары жаңартылады. 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар енгізіледі, сондай-ақ 10-11 сыныптардың мазмұны қайта қаралады. Ал 2028 жылы 2 және 6 сынып оқулықтары жаңадан басылып шығады.
Министр бұл бастама білім сапасын арттыруға және оқушылардың сыни, аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Олжас Бектенов те бұл өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, ел дамуының жаңа кезеңінде білім беру мазмұны заман талабына сай болуы қажет екенін айтты.