Сұр импорт: арзан көліктің астарында қандай қауіп жатыр

19.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Соңғы деректерге сүйенсек, 2025 жылдың соңына қарай еліміздегі жеңіл көліктер саны 4,94 миллионға жетті. Бір қызығы, ресми статистика мен нарықтағы көрсеткіштер арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Мысалы Қытай автокөлік қауымдастығының мәліметінше, Қытайдан Қазақстанға 211,5 мың көлік жіберілген, бірақ біздің ресми есепте оның тек 160 мыңға жуығы ғана көрінеді, яғни 50 мыңнан астам көлік «сұр» схемалар арқылы сатылған

«Сұр» импорт дегеніміз — зауыттан шыққан түпнұсқа автомобильдің елге ресми дилерлер арқылы емес, жеке тұлғалар немесе үшінші елдер арқылы, тиісті сертификаттаудан өтпей кіруін айтады.

Көлік сатып алушылар үшін қандай қауіп бар?

Көлікті арзанға алғанмен, иесі бірнеше қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ресми сервистік орталықтар мұндай көліктерді тегін жөндеуден немесе зауыттық ақауларды жоюдан бас тартады.

Сонымен қатар көліктердің еліміздің климатына бейімделу мәселесі де бар. Мысалы Дубайдан келген көліктер біздің аязды қысқа, ал Еуропа көліктері жанар-жағармай сапасына төзімсіз болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша техникалық шектеулер де жаңадан көлік алған иесіне ыңғайсыздық тудырады. Навигация жүйесі мен борттық компьютер тек экспорттаушы елдің тілінде (мысалы, қытайша) болуы мүмкін және оны қазақ не орыс тіліне ауыстыруға келмей қалу жағдайлары көп кездеседі.

Одан бөлек соңғы уақытта VIN-кодтары өзгертілген немесе құжаты дұрыс емес көліктердің кесірінен жүздеген қазақстандық ақшасынан да, көлігінен де айырылып қалған.

— Жеке тұлғалар арқылы ресімделген көліктердің заң жағынан дұрыс болмауы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда көлік ешқандай өтемақысыз тәркіленуі де ғажап емес, — дейді сарапшылар.

Экономикаға әсері

«Сұр» дилерлер ресми орталықтар сияқты салық төлемейді, жұмыс орындарын ашпайды және мамандарды оқытпайды. Бұл отандық автоөндірістің дамуына кедергі келтіреді.

Айта кетейік, тек 2025 жылдың өзінде Қазақстанның автоөнеркәсібіне 189,9 млрд теңге инвестиция құйылып, 6,5 мың адам жұмыспен қамтылған

Мамандардың пікірінше, «сұр» импорт тұтынушының құқығын қорғаусыз қалдыратын және ел экономикасына нұқсан келтіретін жүйелі мәселе.

Еске сала кетейік, қолданыстағы ережеге сәйкес, Қазақстан азаматтары автокөлікті ел аумағына екі тариф бойынша кіргізе алады. Оның бірі — Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылғаннан кейін бекітілген ұлттық кедендік тариф, екіншісі — Еуразиялық экономикалық одақтың Біртұтас кедендік тарифі.

Бұған дейін, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елімізде отандық өндірістің кеңеюі есебінен автокөлік бағасының төмендеуі күтілетінін мәлімдеген болатын.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью