Сурет өнерінің салтанаты

02.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Осындай тағылымды кез­де­судің бірі жақында Ал­матыда өтті. Әлемдік бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті қылқалам шебері, Әзербайжан Республикасының халық суретшісі, профессор, кескін­де­медегі опализм бағытының негі­зін қалаушы Сакит Мамедовтің шығар­машылық сапары қазақ мәдени қауы­мы­ның назарын аударды.

Айтулы сапардың мәні әйгілі сурет­шінің елімізге келуімен ғана өлшенбейді. Оның басты құндылығы – тамыры ортақ, тағдыры сабақтас түркі халықтарының рухани байланысын жаңа деңгейде жалғастыруында. Осы тұрғыдан алғанда Алматы – кез­дей­соқ таңдалған мекен емес. Бұл қала – қазақтың кәсіби бейнелеу өне­рі­нің қалыптасқан ордасы. Ұлттық сурет өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтен бастап бүгінгі заманауи кескіндемеге дейінгі шығармашылық мектеп дәл осы шаһарда кемелденді. Театр өнері, классикалық музыка, әдебиет, сәулет, дизайн – бәрі де Алма­­ты­ны бүкіл Орта­лық Азияның жетекші мәдени орталығына айналдырды. Сондықтан әлемдік өнер кеңістігіндегі танымал тұлға­лар­дың жолы осы қалаға жиі түсуі заңдылық.

Сакит Мамедов – шығармашылық тағдыры халықаралық мәдени кеңістік­пен біте қайнасқан суретші. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұлттық көркемдік дәстүрді заманауи эстетикамен сабақтастырып келеді. Қылқалам шеберінің қалыптастырған опализм бағыты кескіндемеге тың көркемдік тыныс әкелді. Опал тасының мың құбылған сәулесіндей нәзік бояу үндестігі, жарықтың ішкі драматургиясы, кеңістік пен уақыттың үйлесімі суретшінің шығармаларын бір қарағанда-ақ даралап тұрады. Алайда Сакит Мамедов шығармашылығының құндылығы тек көркемдік тәсілінде емес. Оның картиналарында ұлттық дүниетаным мен жалпыадамзаттық құндылық табиғи тоғысады. Оның туындылары қай елдің көрермені болса да түсінетін ортақ рухани тілге айналған.

Бүгінде суретшінің еңбектері әлемнің ең беделді музейлері мен көркемөнер қорларында сақтаулы. Ватикан музейінен бастап БҰҰ-ның көркемөнер коллекцияларына дейін, Еуропа Парламентінен Виндзор сарайына дейінгі мәдени кеңістікте қылқалам шебері шығармаларының орын алуы – халықаралық өнер қауым­дастығының берген жоғары баға­сы. Бұл – жеке суретшінің табысы ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің көр­кемдік әлеуетін әлемге танытқан же­тіс­тік. Белгілі өнертанушылардың Сакит Мамедов шығармашылығын Қайта өрлеу дәуірінің кескіндемесімен сабақтастыра бағалауы да тегін емес. Өйткені оның картиналарынан акаде­мия­лық мектептің тереңдігі мен қазіргі заман өнеріне тән еркіндік қатар көрі­не­ді. Дәстүр мен жаңашылдықтың осын­дай үйлесімі ғана суретшіні уақыт сынынан өткізеді.

Қазақ пен әзербайжан халық­та­ры­ның тарихи тағдырында үндестік аз емес. Тілі мен ділі, дүниетанымы мен мәдени коды ортақ қос халық ғасырлар бойы бір өркениеттің арнасында дамыды. Алматыдағы сапар аясында Сакит Мамедовтің қазақтың көрнекті ақыны әрі ойшылы Олжас Сүлейменовпен кездесуі – соның жарқын дәлелі. Бұл  бір-біріне құрмет білдірген екі тұлғаның ғана жүздесуі емес, түркі дүниесінің интеллектуалдық һәм көркемдік ойының тоғысқан сәті болды. Мәртебелі мейманға Олжас Сүлейменов атындағы медальдың табысталуы да осы рухани байланыстың рәміздік мәнін айқындай түсті.

Суретшінің қазақ бейнелеу өнерінің белгілі өкілі Алпысбай Қазығұловтың шығармашылық шеберханасына баруы да сапардың мазмұнын байыт­ты. Бір мектептің өкілі екінші мектептің жетістігін бағалай білуі – өнердегі кәсіби мәдениеттің белгісі. Сакит Мамедов қазақ суретшісінің шығармаларындағы ұлттық бояудың қуатына, философиялық астары мен көркемдік шешімдеріне жоғары баға берді. Бұл пікір отандық бейнелеу өнерінің халықаралық деңгейдегі кәсіби мойындалуының бір көрінісі десек, артық айтпағанымыз. Қос ше­бер­дің өнер туралы пікір алмасуы кәсіби тәжірибемен ғана шектелген жоқ. Әңгіме ұлттық көркемдік мектептердің ерекшелігі, қазіргі бейнелеу өнерінің бағыт-бағдары, дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы төңірегінде өрбіді.

Иә, өнердің ең ұлы қасиеті – адам­дарды жақындастыруында. Қылқа­ламның, поэзияның һәм музыканың тілі бір ғана ұғымға қызмет етеді. Ол – адамзаттың ортақ рухани әлемін байыту. Сакит Мамедовтің Алматыға жасаған шығармашылық сапары осы ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдеді. Айтулы сапар қазақ пен әзербайжан мә­дениетінің өзара үндестігін жаңа маз­мұнмен толықтырып, түркі дүние­сінің ортақ рухани кеңістігінің өмір­шеңдігін айғақтады. Себебі руханият­тың өрісі кеңейген сайын халықтар да бір-біріне жақындай түседі. Ал сол жақындастықтың ең сенімді жолы – өнер. Өйткені өнердің шекарасы жоқ. Оның Отаны – адамзат, ал мәңгілік мекені – жүрек.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью