Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
"Бізде ештеңе қарызға жасалмайды" - Павлодарда жер құжаттарын рәсімдеуге көмек сұраған кәсіпкер осындай жауап естіген. Ақыры ол шенеунікке ақшаның орнына 50 мың теңгенің француз парфюмериясына арналған сыйлық сертификатын апарған. Бұл оқиға немен аяқталғанын Tengrinews.kz анықтап көрді.
Павлодарда жер учаскелерін рәсімдеу кезіндегі жемқорлық ісі бойынша сот процесі аяқталды. Сотталушылар қатарында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы болған 63 жастағы азамат пен 47 жастағы алматылық кәсіпкер.
Не болды?Сотта анықталғаны, былтыр күзде бизнесмен мемлекеттік корпорация филиалының бұрынғы директорына Павлодардағы екі жер учаскесіне кадастрлық төлқұжаттарды жеделдетіп рәсімдеуге, сондай-ақ кадастрлық белгіні алып тастауға көмек сұрап жүгінген. Ол келісім бергенімен, кездесу кезінде: "Бізде ештеңе қарызға жасалмайды", деген.
Кәсіпкер бұл сөзді сыйақы туралы ишара деп түсінген. Қолма-қол ақша ұсынудан қорыққан ол француз парфюмериясына 50 мың теңгенің сыйлық сертификатын сатып алып, оны шенеуніктің қызметтік кабинетіне апарып берген.
Тараптардың ұстанымы және үкім"Істе "Бізде ештеңе қарызға жасалмайды" деген дәйексөз бірнеше рет кездеседі. Уәде етілген құжаттарды тезірек алуға мүдделі болған кәсіпкер 50 мың теңгеге сертификат сатып алып, оны К.-ның кабинетіне әкеліп, алғыс айтып үстелге қойған. Сол сәтте К. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамға теңестірілген тұлға болған. Ол пара алудан бас тартпай, сертификатты бір бума қағаздың астына жасырып қабылдаған, ал кейін оны ерлер иіссуына айырбастап алған", - деп түсіндірді үкім жарияланғаннан кейін Павлодар ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Айгүл Ахметова.
Екі фигурант та кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ал прокурор әрқайсысына орташа қауіпсіздік колониясында 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті. Сот сотталушы К.-ны Қылмыстық кодекстің 366-бабы 1-бөлігі "Пара алу" бойынша кінәлі деп танып, пара сомасының 25 еселенген мөлшерінде - 1 250 000 теңге айыппұл салу түрінде жаза кесті.
Кәсіпкер ҚК 367-бабы 1-бөлігі "Пара беру" бойынша сотталды. Оған 15 еселенген мөлшерде - 750 мың теңге айыппұл салынды.
"Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша жазаның максималды мерзімі немесе мөлшері бап санкциясында көзделген ең жоғарғы шектің жартысынан аспауы тиіс. Пара алғаны үшін айыппұл пара сомасының 20-дан 50 еселенген мөлшеріне дейін болады, сот 25 еселенген мөлшерді тағайындады. Пара бергені үшін 30 еселенген мөлшер көзделген - бұл жерде де жартысы, яғни пара сомасының 15 еселенген мөлшері тағайындалды", - деп атап өтті судья.
Бұдан бөлек, екі сотталушы да мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сондай-ақ судья қылмыстық-процестік заң елеулі бұзылуына байланысты Павлодар облысы бойынша ҰҚК департаментінің басшылығы мен өңір прокурорының атына жеке қаулылар шығарды.
"Іс бойынша қылмыстық-процестік заң нормаларының елеулі бұзылуына жол берілген, бұл мүлдем мүмкін емес жағдай. Тергеуші тиісті қаулысыз сотқа дейінгі тергеп-тексеру форматын электронды түрден қағаз түріне ауыстырған. Материалдарда "Азаматтарға арналған үкімет" филиалынан тәркіленген құжаттарды қарау хаттамаларының түпнұсқалары жоқ, тек олардың фотокөшірмелері бар, бұл дәлелге жатпайды", - деді судья Ахметова.
Астанада жүргізуші куәлігі жаппай сатылған: арнайы ХҚКО басшысының экс-орынбасары ұсталды
Еске сала кетейік, биыл наурызда ҰҚК баспасөз қызметі Көкшетаудағы мамандандырылған ХҚКО және Екібастұздағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалдары басшыларының заңсыз әрекетінің жолы кесілгенін хабарлаған болатын. Тергеу олар бөгде адамдардың емтихан тапсыруын ұйымдастырғаны үшін ақша алып келгенін анықтады.
Сондай-ақ Астана, Шымкент және Тараздағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өкілеттігін асыра пайдаланған лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз баю фактілері анықталғаны айтылды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу