Сындарлы диалог орнықты дамудың кепілі

07.02.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Биыл аталған сыйлыққа әйелдер мен қыздардың білім алу құқықтарын қорғау саласында еңбек етіп жүрген ауғанстандық құқық қорғаушы Зарка Яфтали, Палестина­ның Taawon гуманитарлық ұйымы және Әзербайжан мен Армения арасындағы бей­біт келісім ие болды. Осыған байланысты Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлық иелеріне бейнеүндеу жолдады. Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Республикасының Пре­мьер-Министрі Никол Пашинянды құттық­тап, екі елдің бейбіт келісімге қол жеткізу жолындағы белсенді іс-қимылы тарихи маңызға ие бетбұрыс екенін атап өтті.

«Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жолында қол жеткізген жетістігі тарихтың бетбұрыс кезеңі саналады. Бұл қадам диалог жүргізіп, жауап­кершілік пен ұстамдылық таныта білсек, ұзақ жыл­дарға созылған қақтығыстың да түйінін тарқатуға болатынын дәлелдейді. Мемлекеттердің жік-жікке бөлінуі ұлғайып, өзара қарым-қаты­настарға көптеп сызат түсе бастаған заманда бұл тәжірибе тату­ласудың әлсіздік емес, мықтылықтың белгісі екенін көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан тарапы мемлекеті­мізге артылған сенімді, соның ішінде бейбіт келісімдердің негізгі бір кезеңін Алматыда өткізу туралы шешімді жоғары бағалайтыны айтылды.

«Бұл жағдай «сындарлы диалог – орнық­ты дамудың кепілі» деген ортақ көзқарасы­мызды айғақ­тайды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі және одан тысқары жерлердегі бейбітшілікті, сенім мен ынты­мақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сапар аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығы аясында өткен «Болашақ ұрпақ алдындағы уәде» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысып, сөз сөйледі. Іс-шараға сыйлық лауреаттары, қазылар алқасының мүшелері, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жас көшбасшылар қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан­ның бей­бітшілік пен конфессияаралық диалог құндылық­тарын ілгерілету жолын­дағы тәжірибесіне тоқталды. Сондай-ақ еліміздің бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан, философиялық тұрғыдан адам­заттың бауырластығы идеясымен үндес Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметіне назар аударды.

«Қазақстан адамзаттың бауырластығын нығай­туға арналған бастамаларды және диалог, өзара құрмет пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарын дәріптеуді толық қолдайды. Былтыр қыркүйек айында Астана қаласында «Діндер диалогы: болашақ жо­лын­дағы синергия» тақырыбымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті. Оның маңызды нәтижелерінің бірі конфессияаралық диалогты одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар халықаралық бастаманы қамтыған «Астана бейбіт­шілік декларациясы-2025» құжатының қабыл­дан­уы болды. Рухани көшбасшылар Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа жаһан­дық бейбітшілік қозғалысын қа­лып­тастыру жөніндегі үндеуіне қолдау білдірді. Алдағы уақытта бұл бағытта нәтижелі ынтымақ­тас­тық орнатуға зор мүмкіндік бар. Сондықтан жалпыадамзаттық құндылық­тарды және өзара түсіністік пен ынтымақ­тастық мә­дениетін ілгерілету жолында барлық елмен, институттармен, ізгі ниетті жандармен бір­лесіп, белсенді жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы БАӘ Федералды Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Сакр Әл-Гобашпен кездесті. Онда тараптар Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің стратегиялық серіктестігін кеңейту және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады. Екі елдің заң шығарушы органдарының бірлескен жобаларды ілгерілетудегі рөліне де ерекші көңіл бөлінді. Нақты айтқанда, инвес­тиция­лық байланысты және цифр­ландыру сала­сын­дағы өзара іс-қимылды арттыруға баса мән берілді. Сұхбат барысында тараптар Қазақ­стан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бейбітшілік, сенім және халықаралық тұрақ­тылық мәселелеріне қатысты ұстанымдары­ның үндес екеніне де назар аударды

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Араб Әмірлік­терімен қарым-қатынасты жүйелі түрде нығайтуға айрықша мән беріп отыр. Ол Әмірліктер еліміздің сенімді стратегиялық серіктестерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Қазақстан мен БАӘ-ні даму жолын­дағы ортақ ұстанымдар біріктіреді. Бұл – дәстүр мен мәдени бірегейлікті сақтай отырып, оны жарқын болашақ жолындағы батыл қадамдармен, инно­вациямен және әлемге ашықтықпен үйлестіре білу», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Мұсыл­ман ақсақалдары кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен, Өзбекстан Республикасы Пре­зиденті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева­мен, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазадемен, Қасиетті Тақ жанындағы Мәдениет және білім жөніндегі дикастерияның префектісі Хосе Толентино де Мендонсамен, Дикас­терияның дінаралық диалог жөніндегі префектісі кардинал Джордж Кувакадпен, Жапониядағы «Сока Гаккай» ірі зайырлы буддистік ұйымының вице-президенті Хироцугу Тэрасакимен және ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Ирина Боковамен кездесті.

Айна ХАСАН

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью