Сыныпта оқушылар карта ойнаған: Түркістан облысында мектеп басшылығы мен мұғалім қызметінен босатылды

14.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Түркістан облысы Білім басқармасының хабарлауынша, аталған жағдай Сарыағаш ауданы №38 М. Мақатаев атындағы жалпы білім беретін мектепте болған.

Ведомство мәліметінше, келеңсіз жағдайды ең алдымен Білім басқармасының өзі анықтаған. Оқиға туралы ақпарат түскен бойда басқарма тарапынан арнайы топ құрылып, мектептегі жағдай жедел әрі толық тексерілген.

Зерделеу нәтижесінде білім беру процесіне қойылатын талаптардың сақталмауына және білім беру стандарттарына сәйкес келмейтін бірқатар кемшіліктерге жол берілгені анықталған.

– Кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік және заңда көзделген өзге де шаралар қабылданады. Қазіргі таңда аталған мектептің директоры мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі өз өтініші негізінде жұмыстан кетті. Сонымен қатар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымдық міндетінен босатылды, – делінген басқарма ұсынған ақпаратта.

Әкімшілік құрамның басқа да мүшелері, атап айтқанда директордың екінші тәрбие жөніндегі, бейіндік және оқу ісі жөніндегі орынбасарлары еңбекке жарамсыздық кезеңі аяқталғаннан кейін жұмысқа шыққан күні лауазымдық міндеттен босатылатыны белгілі болды.

Бұдан бұрын Шымкентте оқушы қызға азғындық әрекет жасады деген күдікпен мектеп мұғалімі қамауға алынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью