Сырдария экожүйесіне қандай қауіп төніп тұр Экоаудит жобасы Түркістанда

12.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Бағдарламада арнасы тартылып бара жатқан Сырдария өзенінің жағдайы, шөлейт аймақтардағы сексеуіл егу жұмыстары және жануарлар популяциясын қалпына келтіру шаралары сөз болады. Сарапшылардың айтуынша, өзен суының азаюы өңір экожүйесіне елеулі қауіп төндіріп отыр.

Созақ орманы

Қарт Қаратау төсінде мыңжылдық алып тұт ағашы өсіп тұр. Қыс ауасында қурап тұрғандай көрінгенмен, көктем шыға көктеп, жапырақ жаяды. Осылай өсіп тұрғанына 1400 жыл болыпты. Ал кеше ғана егілген жас шыбықтардың жай-күйін демеушілер қамтамасыз ететін көрінеді.

— Еккен ағаштарымыздың 95 пайызы өсіп шығады. Оларды қоршау, суару жүйесінің бәріне аудандық бюджеттен қаржы қаралмайды. Мұның бәрі демеушілер есебінен жасалады, — дейді Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов.

Иә, Созақ — демеушілерге жарыған өлке. Өйткені қойнауы қазынаға толы және еліміздің ең бай аудандардың бірі. Қазақстан уран өндіруден әлемде бірінші орында болса, сол ядролық отынның 80-85 пайызы осы Созақтан шығады. Тіпті көлемі 1 млн гектардан асатын орман қоры аумағында 8 бірдей кен орны бар. Олардың бәрі әлеуметтік-экологиялық жауапкершілікті терең түсінеді.

Фото: видеодан алынған скрин

Әсіресе «Семей орманындағы» трагедиядан кейін Президент елдегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды тапсырған. Орманшылар оның шарапатын көрдік дейді. Орманшылардың жалақысы көбейді, штаты кеңейді. Ескірген ғимараты бастан-аяқ жөнделді. Техникасы түгелденді. Соқа-саймандары, тракторлары, ірі өрт сөндіретін машинасынан бастап, мамандардың киім-кешегі, қолға ұстайтын қалақ, шелек, күректеріне дейін жап-жаңа.

Фото: видеодан алынған скрин

Созақтың орман және жануарлар әлемін қорғау саласында 144 адам жұмыс істейді. Оның 90-ы орманшы. Әрқайсысы 20 гектарға жауапты. Сондықтан күні-түні қорып жүреді. Алда-жалда түтін көрінген жағдайда орталыққа хабар беріп, қолдағы құрал-жабдықпен өрт орнына барады.

Фото: видеодан алынған скрин

Ауданда Шолаққорған, Созақ және Мойынқұм атты үш орманшылық бар. 373 мың гектар жері табиғи өсімдіктермен көмкерілсе, 58 мыңдай гектары — қолмен егілген алқап. Созақтың орманы — ит тұмсығы батпайтын қалың ну емес, жыңғыл мен шеңгел, қарабарқын мен сексеуіл. Өйткені шөлді, шөлейтті жерде аптап ыстық пен қара суыққа шыдап, құмды ұстап тұратын осылар ғана.

40 жыл сексеуіл еккен орманшы

Мұндағы сексеуіл алқабында адам бойымен бірдей ағаштар бар. Орманшы Лесбек Дәуленбеков бұл тоғайды өз қолымен еккен. Ташкенттегі орман шаруашылығы институтын бітіріп келген жылдары техника тапшы болып, түйеге соқа жегіп, тұқым сепкені есінде. Әне-міне дегенше 40 жыл өте шығыпты. Биыл зейнетке шығады. Көктемде көгеріп, қыста бозаратын осы орманын қимайды.

Фото: видеодан алынған скрин

— Былтыр 3600 гектар аумаққа тұқым сепсек, оған 18 тонна тұқым дайындадық. Тұқымдық үш класқа бөлінеді. Бірінші класс гектарына 2,5 келіден егіледі. Екінші класс — 2,75 келіден, үшінші класс — 5 келіден себіледі, — дейді Созақ орман шаруашылығының аға орманшысы Лесбек Дәуленбеков.

Орманшылардың айтуынша, сексеуілдің ең үлкен жауы — құм тышқандары. 2025 жылы кеміргіштер 200 гектар аумақтағы сексеуілге залал келтірген. Көктем шыққанда ормашылар бірден дәрілеу жұмыстарына кіріседі.

Фото: видеодан алынған скрин

Түркістан облысы бойынша орман қоры жері 3,4 млн гектар. Оның 2 млн 800 гектары — құмды жер. Отырар ауданында 1 млн гектардың 925 мыңы құмды өңір.

Әсіресе Отырар — Арыстанды-Қарабас желінің өтінде жатқан өлке. Бір тұрса үш күнсіз тоқтамайтын дүлей жел. Қыста өте суық әрі ызғарлы. Ал жазда құйындатып, ыстық ұрады. Ең қиыны, құмды көшіреді. Сондықтан бұл ауданда 36 мыңдай гектарға 44 млн түп сексеуіл егу жоспарланған. Қазір жұмыстың 77 пайызы орындалыпты. Қалғанын екі жылда егіп бітпек.

Құландардың қайта оралуы

Сексеуіл — аң-құсқа қорек қана емес, жан-жануарға пана. Басқа өсімдіктер де оған селбесіп өседі. Арасында борсық, қоян, қасқыр, қарсақ, қарақұйрық мекендейді. Тіпті, бұрын жойылып кеткен құландар да қайта төлдемек.

Фото: видеодан алынған скрин

«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме директоры Жүнісхан Әлімбеков осы үйірді „Алтын Емел“ қорығынан аттай қалап алып келген. Созаққа жерсіндіріп, тұқымын қайта түлетпек. Өйткені өткен ғасырдың басында осы маңда, Бетпақдала, Шу мен Сарысу, Сырдария жағасында құланның қалың нөпірі жөңкіліп жүрген. 1880-90 жылдары қатты жұт болып, соның бәрі қырылып қалады. Аман қалғанын адамдар аулап тауысқан. Құланөтпес, Бес құлан, Құлан асу деген ескі жер-су аттары содан қалған.

— 20 құланның 15 -сі аналық, бесеуі — аталық. Мамандардың айтуынша, олардың бәрі көктемде төлдеуге дайын тұр. Олар мұнда кебек пен жоңышқаны азық етеді. Жантақ жейді және көбінесе тұзды керек қылады, — дейді Жүнісхан Әлімбеков.

Құландар төлдесе, оған бас-көз болып отырғандардың жұмысы көбеймек. Ерлі-зайыпты қос құланшы жапандағы жалғыз вагонда тұрады. Жұрттан жырақ, бұйығы тірлікке әбден үйренген.

Қысы-жазы тезекке нан жабады. Самаурынға шай қайнатады. Қабағы ашық. Қолы дархан. Келім-кетімге әрдайым дастарханы дайын.

Фото: видеодан алынған скрин

— 70 шақырым жерде ауылымыз бар. Балалар мен немерелер анда-санда келіп тұрады. Құландар да бізге үйренді ғой. Күнде жем-шөбін саламыз. Былайша айтқанда, өте сұлу аң, — дейді Ардақ Жаппарова.

Тораңғы, Сырдария, Бұқар бұғылары

Ал Қаратау күнгейіндегі Сырдария жағасында тораңғы шөбі өседі. Тораңғыны шөлдің падишасы деп атайды. Бұл да сексеуіл сияқты құмды тоқтатып, шөлейтті тежейді. Бір айырмашылығы суды жақсы көреді. Бірақ Сырдарияның жылдан-жылға тартылуынан тораңғының да тамыры көрініп қалды.

— Соңғы жылдары осы судың тасымауына байланысты тораңғының табиғи түлеуінің әлсіреп бара жатқаның бақылап отырмыз. Бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта Сырдария өзенінің экожүйесіне өте үлкен қауіп төніп тұр. Сырдарияның табиғи арнасының сақталуы Аралды құтқаруға да тікелей әсер етеді, — дейді Сырдария-Түркiстан мемлекеттiк өңiрлiк табиғи паркiнiң ғылыми қызметкерi Ғани Назарбек.

Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркінің тағы бір балығы — Бұқар бұғылары. «Қызыл кітапқа» енген бұл жануарлар бұрын Сырдария бойында тіршілік еткен. Бірақ XX ғасырдың ортасына қарай жойылып кетіпті. Қазір қорықта 46 бұғы бар. Көктемнің соңына қарай тағы төлдеуі тиіс. Қазір аймақта сирек кездесетін осы жануарды табиғатқа қайта жерсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

— Бұғының ұрғашысын марал, төлін қодық деп атайды. Сегіз айда төлдейді. Былтыр 22 маралдан 15 төл туғанын білеміз, қаншасы аталық, қаншасы аналық екенін әзірге айта алмаймыз. Себебі жақындай алмаймыз. Қодығы еліктің лағындай өте сүйкімді болады. Ол аяққа тұрғанша тоғай ішіне тығып қояды. Бірнеше аптадан кейін ғана ертіп шығады. Ал күйек кезінде еркектері ұрғашысына таласып, қанжоса болып шайқасады. Шайқасқанда олардың мүйізі түседі, — деп түсіндірді бұғышы Федор Бочаров.

2000 жылдары 7 марал әкелінген. Сол жеті бас бүгін 700-ге жетті. 46-сы қоршауда болғанмен, қалғаны сыртта, Сырдың бойымен төмен түсіп, Шиеліге дейін жеткен. Парк аумағында тағы бір тұқымбақта қырғауыл өсіріледі.

Облыс орталығы болғалы 1,5 млн ағаш

Күш салса, құмды шөлді де құлпыртып, қызыл-жасыл гүлзарға айналдыруға болады. Оған Түркістан қаласы дәлел. Облыс орталығы болғалы қалада 1,5 млндай ағаш егілген. 36 саябақ, 80 гүлзар, 16 жасыл алаң құрылып, шырайлы шаһарға айналған.

Фото: видеодан алынған скрин

— Бізде Жастар саябағы бар. Оранжереядағы жабық кешенде Латын Америкасынан, Африкадан, әлемнің түкпір түкпірінен алынған өсімдіктер, ағаштар, құстар, жануарлар бар, — дейді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал қаланың жасыл белдеуі — шаң мен желден ықтасын, жазда сая. Бірер жылда қалың орманға айналғалы тұр. Ішінде «қанша тықпаласаң да ыстықта өспейді» деген көпжылдық ағаштар бар.

Қарағай, арша, туя, катальпалар, жол жиегіне егілетін жасыл қоршаулар, басқа да сәнді бұталарды мамандар мынадай жылыжайларда мәпелеп өсіреді. Тамыр алған соң, басқа жаққа көшіреді.

— Қылқанжапырақты ағаштарға көлеңке керек. Сол үішн біз көлеңкелеу жобасын қолға алдық. Күнді, ыстықты сүймейтін ағаштар осында егіледі. Мынадай бір қарыс кезінен 1 метр болғанда тағы басқа жаққа көшіріледі, — деп түсіндірді «Жасыл аймақ» КММ директоры Асқар Құлбатыров.

Фото: видеодан алынған скрин

Жалпы Түркістан облысы бес жылдың жоспарын осылай асыра орындап, 85 мың гектардың орнына 96,5 мың гектар, 127 млн көшеттің орнына 146 млн көшет отырғызыпты. Бұл үшін облыста 343 гектар болатын 21 тұқымбақ бар. Аталған тұқымбақтарда бүгінгі күнге дейін 30 мың көшет өсіріліп, 10 млн көшет орман қорын толықтыруға бағытталған. Ал елдімекендерді көгалдандыруға тағы 3,7 млн көшет берілген.

Фото: видеодан алынған скрин

Айта кетейік, Түркістандағы ботаникалық бақта қызғалдақтар қауызын ашты.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью