Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Фото: Ашық дереккөз
Эколог Сайлаубай Жұбатыров климаттың өзгеруі, мұздықтардың азаюы және су ресурстарының тиімсіз пайдаланылуы өңірдегі экологиялық ахуалды күрделендіріп отырғанын айтады. Оның айтуынша, Сырдария мәселесі бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұл – бірнеше ондаған жылдардан бері қордаланып келе жатқан түйткіл.
«Қазіргі климаттық өзгерістер, жауын-шашынның азаюы, таудағы мұздықтардың жұтауы оңтүстіктегі су ресурстарына тікелей әсер етіп отыр. Соның салдарынан өзендер мен көлдердің көлемі азайып, су айдындары тарылып жатыр. Сырдарияның суы босқа кетіп жатқан жоқ. Ол Аралға барып кұяды. Ондағы су табиғаттың күшімен көтеріледі, қайтадан тауға барады, бұлт болады, жауын шашын жауады. Осындай цикл мыңдаған жылдар, ғасырлар бойы қалыптасқан еді. Аздап ауытқулар болғанымен, таудағы мұздықтар Сырдың ағынын, Аралдың толымдылығын демеп, табиғи үйлесім сақтап тұрған болатын. Біз осыны өз қолымызбен бұзып алдық. Енді суды егінге не болмаса халықтың басқа қажетіне жеткізерімізді білмейміз», дейді Сайлаубай Жұбатыров.
Оның айтуынша, егер қазіргі үрдіс жалғаса берсе, болашақта Арал теңізі ғана емес, Сырдария өзенінің өзі де үлкен қауіпке тап болуы мүмкін.
«Сырдария мен теңізге дейінгі көлдер жүйесі толық сақталмаса, оның ең соңғы нүктесі – Арал жойылады. Ал бұл процесс жалғаса берсе, біртіндеп Сырдарияның өзі де жоғала бастайды. Тіпті таудағы мұздықтардың азаюы үдей түседі. Бұл бүгін немесе ертең болатын жағдай емес, бірақ табиғат бізге осы бағытта келе жатқан қауіпті көрсетіп отыр», дейді эколог.
26 наурыз – Арал теңізі, Әмудария және Сырдарияның халықаралық күні болып бекітілді
Сайлаубай Жұбатыров бұл мәселені жарты ғасырға жуық уақыттан бері көтеріп келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, соңғы 37 жыл бойы Кіші Аралды сақтап қалудың жолдарын ұсынып келеді.
«Кіші Аралдың экожүйесі ерекше. Ондағы көптеген су жәндіктері мен жағалаулық тіршілік түрлері басқа еш жерде кездеспейді. Әрине, теңіз деңгейін екі метрге көтеру жақсы нәтиже берді. Бірақ біздің мақсатымыз оның табиғи деңгейге барынша жақындауы. Бүгінде Балқаш көліне жыл сайын шамамен 14 миллиард текше шақырым су келетін болса, Аралға қажетті 3-4 миллиард текше шақырым судың өзін жеткізу күрделі мәселеге айналды», дейді ол.
Экологтың пікірінше, су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығындағы су шығынын азайту мәселесіне де ерекше назар аудару қажет.
«Күріш алқаптарының көлемін әлі де қысқарту керек. Біз әлі күнге дейін өткен ғасырдың жоспарымен өмір сүріп келеміз. Ол кезде Шардараға 12 миллиард текше метр су келетін. Қазір бұл көлем азайды. Көп азаймаса да, Аралға жетуге тиіс экологиялық ағын қамтамасыз етілмей отыр», дейді эколог.
Сырдарияда он гидробекет орнатылады: Қазақстан мен Өзбекстан суды қалай бөліспек?
Қызылордалық қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев Арал қаласының тумасы ретінде теңіздің тартылу процесін өз көзімен көргенін айтады.
«70-жылдары, бас аяғы 15 жылға жуық уақытта бүтіндей теңіздің жоғалып кетуіне, балықшы ауылдардың халқы үдере көшіп, бос қалуының куәгері болдық, соңғы теңізді көрген, теңіздің суына түскен жастағылардың бірімін десек болады. Одан кейін Кіші Арал жасалды. Алайда қазіргі Сырдарияның суының жылдан жылға тартылып бара жатқаны, су болжамы жақсы еместігі қатты алаңдатып отыр. Былтыр Қырғызстан журналистері Аралдан ұшқан тұздың таудағы мұздақтардың еруіне, келешек су тапшылығы болуына ықпал етуі мүмкін екендігін айтты. Сондықтан Сырдарияның суы азайуы әсіресе Арал өңірі халқын, шаруаларды да қатты алаңдатып отыр десек болады», дейді Болат Нұрқожаев.
Қоғам белсендісінің айтуынша, соңғы жылдары өңірдегі су мәселесіне Ауғанстанда салынып жатқан ірі канал жобасы да қосылған. Бұл бастама Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарының бөлінуіне әсер етуі мүмкін.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі Сырдарияның суын бөлу жөнінде мемлекетаралық келісімдер жасауға, өз ішімізде де суды есепті жұмсауға талпынып жатқан сияқты. Бірақ қазір реттелуге тиіс Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесі мен Кіші Арал арасындағы суды реттеуге тиіс Мырзас су реттегіші көп жылдардан бері қолға алынбай, басталмай отыр, ал оған қажеттісі бар-жоғы 11 млрд теңге қаржы еді. Сондықтан су өз ішімізде де реттелуі әлі күнге қолға алынбай отыр», дейді ол.
Қала тұрғыны су пайдаланудың цифрлық басқару және нақты есептеу жүйесін тезірек енгізу қажет екенін айтады. Сонымен қатар болашақтағы су тапшылығы қаупін азайту үшін ғалымдар ұсынып жүрген солтүстік өзендерден су тарту жобаларын да жан-жақты қарастыру керек.
«Су болмаса тіршілік жоқ. Егер Сырдарияның суы одан әрі азайып, өзен тартылатын болса, бұл өңірдегі халықтың жағдайы күрделене түседі. Сондықтан мәселені кейінге қалдырмай, нақты шешімдер қабылдау қажет», деп түйіндеді Болат Нұрқожаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы былтыр Су кодексіне қол қойған болатын. Заңнамаға алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді.