Сырдың туристік серпіні: мүмкіндік пен міндет

04.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Өйткені өңірде ғарыш тарихы, адамзат өркениетінің көне іздері мен түркі дүниесінің рухани мұрасы қатар тоғысып жатыр. Алайда осындай бірегей артықшылықтарға қарамастан, Сыр елінің туристік әлеуеті әлі толық ашылар емес.

Шама бар, шара жоқ

Төрткүл дүниеде табиғи байлығы мен тарихи мұрасын туризм саласында тиімді пайдаланып, осы арқылы көптеген жаңа жұмыс орнын ашып отырған мемлекеттер қатары көп. Бұл тұрғыда туризм бағытын ұлттық экономиканың басым салаларының бірі ретінде айқындауға бет бұрған еліміздің де үлесі басым. Оның ішінде Сыр өңірінің туристік әлеуеті жоғары. Алайда атқарар жұмыстардың ауқымдылығы әлі де аз емес.

Негізінен, Сыр өңірі Байқоңыр ғарыш айлағы, Қорқыт ата кешені, Сығанақ пен Жанкент секілді көне қалалар, Арал теңізі мен Барсакелмес қорығы сынды әлемдік деңгейдегі туристік нысандар шоғырланған киелі мекен саналады. Шынын айту керек, мұндай әлеует еліміздің өзге аймақтарында кемшін. Соған қарамастан Қызылорда облысы қолда бар мүмкіндіктерді әлі күнге дейін өңір экономикасының толыққанды драйверіне айаладыра алар емес. Неге?

Өйткені жылдан-жылға өңірге ағылып жатқан туристер санында өсім байқалға­нымен, инфрақұрылым, сервис сапасы, халықаралық деңгейдегі жарнама және туристік өнімдерді әртараптандыру мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан бүгінгі басты міндет – Сыр өңірінің табиғи және тарихи байлығын заманауи туризм индустриясының талаптарына сай дамытып, оны өңірдің тұрақты экономикалық өсімінің жаңа тірегіне айналдыру қажеттігі өздігінен сұранып тұр.

Статистикаға сүйенсек, әлемнің көптеген елінде туризм мұнайдан кейінгі ең табысты сала саналады. Осы арқылы бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта кәсіпті дамытуға болады. Сол сияқты ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейде насихаттауға мүмкіндік мол. 

Осы тұрғыдан алғанда, аймақтың басты брендіне айналған Байқоңыр ғарыш айла­ғының әлеуеті орасан. Қазірдің өзінде жыл сайын әлемдегі тұңғыш, әрі ең ірі ғарыш кешені мыңдаған шетелдік туристердің қызығушылығын тудырып келеді. Алайда бұл бағытты халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау жұмыстарында әлі де кемшін тұстары байқалады. Мәселен, ғарыш кеме­лерінің ұшырылуын тамашалау, ғарыш музейлерін аралау, ғарышкерлер жүрген орындарда саяхат ұйымдастыру көптеген елдерде жоқ туристік өнім саналады. Сон­дық­тан осындай жұмыстарды насихаттау барысын әлде де жетілдірсе, Қызылордаға шетелдік саяхатшылардың ағыны еселей түсері анық. 

Бұған қоса, Сырдың тарихи-мәдени мұрасы баға жетпес құндылық болып табылады. Соның ішінде «Қорқыт ата» мемориалды кешені – күллі түркі әлемінің қасиетті орындарының бірі. Негізі, Алтайдан тараған күллі түркі жұрты Қорқытты қобыз­дың атасы, ұлы жырау, көріпкел, ойшыл, әрі мәңгілік өмір философиясының символы ретінде құрметтейді. Оның мұрасы қазақ халқымен қатар түрік, әзербайжан, түрікмен, қарақалпақ, башқұрт, ноғай және татар халықтарының ортақ рухани қазынасына айналған.

Жалпы, Қорқыт туралы аңыздардың негізгі өзегі мәңгілік өмірді іздеу тұжыр­ымдамасымен көрініс табады. Сондықтан Қорқыт мұрасы тек тарихи тұлға емес, бүкіл түркі өркениетінің философиялық символы саналады.

«Қазіргі мемориалдық кешен 1980 жылы архитектор Бек Ибраев пен физик-акустик Совет Исатаевтың жобасымен салынды. Жоғарыдан қарағанда қобыз бейнесін елестететін кешеннің ортасындағы металл түтіктер жел соққанда қобыз үніндей әуен шығарады. Бұған дейін Қорқыт мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар кешен Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарына кіреді.

Бүгінде Қорқыт ата кешенінде халық­аралық деңгейдегі жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Облыс әкімдігінің қолдауымен 2006 жылдан бері үш жыл сайын «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып келеді. Бұған қоса, жыл басынан бері музейде 90-нан астам мәдени іс-шара өткізіліп, екі мыңға жуық экскурсия ұйымдастырылды. Биыл кешенге 12 250 адам келсе, оның 917-сі шетелдік туристер болды», – дейді бұл жайында Қорқыт ата мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Олжас Бегалиев. 

Оның айтуынша, түбі бір түркі әлемінің ортақ тұлғасы Қорқыт бабамыздың кешенін әлемдік деңгейде кеңінен насихаттау жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта Байқоңырдағы «Инфракос» кәсіпорнымен және туристік компаниялармен бірлескен жаңа туристік маршруттарды қалыптастыру жұмыстары қолға алыныпты. Алдағы уақытта да мемориалды кешенді туристік аймаққа айналдыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін алға тартып отыр.

Апат та туризмге айнала алады

Экологиялық туризм тұрғысынан да Қызылорданың мүмкіндігі ерекше. Оның ішінде әлемдегі ең ірі экологиялық апаттың аранына айналған Арал өңірін ғылыми және танымдық туризмнің орталығына айналдырудың маңызы зор. Бұл тұрғыда теңізді аймақтағы кемелер қорымы, Көкарал бөгеті, Кіші Аралдағы оң өзгерістер, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы мен сексеуіл алқаптары шетелдік саяхатшы­лардың қызығушылығын арттырары сөзсіз. Бұған қоса өңірде ЮНЕСКО-ның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Geopark Aral жобасы халықаралық деңгейдегі жаңа туристік брендке айналады деген жоспар бар. Бұл да өңірдің туризм саласына тың серпін қосатынына сенім зор. 

Сырдағы тарихи туризмнің тағы бірі – ежелгі Сығанақ пен Жанкент сынды қалалардың орны саяхаттаушыларды бейжай қалдырмасы анық. Оның ішінде орта ғасырдағы Дешті Қыпшақтың саяси орталығы болған, қазіргі Жаңақорған ауданының аумағындағы Сығанақ қалашығының тарихи мәні зор. XIV–XV ғасырларда бұл қала Ақ Орданың астанасына айналып, кейін Қазақ хандығының қалыптасу тарихында маңызды рөл атқарды. Ертеде осы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан шаһар арқылы шығыс пен батысты жалғаған керуендер өткені айтылады. 

«Ортағасырлық Сығанақ қалашығы – Қазақстандағы ең ірі әрі тарихи маңызы айрықша шаһардың бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, Сығанақ бес ғасырға жуық уақыт бойы ел астанасы мәртебесін сақтап, саяси, экономикалық және рухани орталық қызметін атқарған. Сондықтан оның ғылыми, мәдени және туристік әлеуеті өте жоғары.

Егер Сығанақ қалашығында архео­логиялық зерттеу жұмыстарына жеткілікті қаржы бөлініп, Отырардағыдай кешенді қазба мен музейлендіру жұмыстары жүргі­зілсе, тарихымыздың көптеген беймәлім беттері ашылар еді. Тіпті Сығанақтың тарихи салмағы кейбір қырынан Отырардан да жоғары деп есептеймін. Себебі бұл қала аста­на болған кезеңде мемлекет тағдырын айқындаған маңызды саяси оқиғалар мен шешімдер дәл осы жерде қабылданған. Сондай-ақ тарихи деректерде Есім ханға дейінгі бірқатар билеушілердің осы қалада билік жүргізгені айтылады. Бұдан бөлек, көптеген қазақ хандарының Сығанақта жерленгені жөнінде ғылыми жорамалдар да бар.

Осыған байланысты Қызылорда облысында Сығанақ қалашығының базасында республикалық деңгейдегі қорық-музей ашатын уақыт келді деп санаймын. Егер бұл қорық-музейдің құрамына Сауысқандық, Өзгент, Аққорған секілді өңірдегі өзге де тарихи-мәдени ескерткіштер енгізілсе, ол Әзірет Сұлтан қорық-музейі тәрізді ірі ғылыми-туристік кешенге айналар еді.

Қазір мұндай ауқымды жобаны жүзеге асырудың қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Осындай жүйелі жұмыстар қолға алынғанда ғана Сыр өңірінің туристік әлеуеті жаңа деңгейге көтеріліп, тарихи мұрамыздың халықаралық деңгейде танылуына жол ашылады», – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Асхат Сайлау.

Осы орайда Сыр өңірінің туристік әлеуетіне қатысты Қызылорда облысының туризм басқармасынан сұрап көрдік.

Басқарма ұсынған деректерге сәйкес, өңірде туризм саласының негізгі көрсеткіш­тері тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Нақты айтқанда, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында облысқа келген туристер саны 59,7 мың адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,5 пайызға артқан. Оның ішінде 57,7 мыңы ішкі туристер болса, 1 940-ы шетелдік саяхатшылар екен. 

Бүгінде өңірде 4 909 орындық 148 орналастыру орны жұмыс істейді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі 5 жұлдызды қонақ үй, IBIS Qyzyzlorda және Pana қонақ үй кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жалпы, биылғы алты айда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 21,1 млрд теңгені құрайды екен.

«Қазақстанның туристендіру картасына Қызылорда облысынан 13 туристік нысан енгізілді. Олардың қатарында республикалық маңызы бар «Байқоңыр» ғарыш айлағы, ортағасырлық Сығанақ қалашығы мен Geopark Aral жобасы болса, өңірлік деңгейде Қорқыт ата мемориалдық кешені, Жанкент қалашығы, Қамыстыбас көлінің курорттық аймағы, Жаңақорған шипажайлары, Сауысқандық петроглифтері және өзге де тарихи-рухани нысандар бар.

Сондай-ақ өңірде жаңа әуежай терми­налы, автовокзал, жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға беріліп, туристік бағыттарды цифрландыру жұмыстары жүргізілді. Туристерге арналған үш тілдегі виртуалды карта әзірленіп, негізгі нысандарға QR-кодтар орнатылды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында туристік полиция тобы құрылып, халық көп шоғырланатын орындарға «SOS-102» дабыл батырмалары орналастырылды», – деп түсіндірді басқарма тарапынан. 

Бұл көрсеткіштер Сыр өңірінде туризмді дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады. Ендігі кезекте жоспарлы жұмыстар негізінде қа­лып­тасқан инфрақұрылымды тиімді пайда­ланып, қызмет көрсету сапасын арттырса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана Қызы­лорданы халықаралық деңгейдегі тартымды туристік бағытқа айналдыру мүмкіндігі арта түсері сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Сыр өңірінің туристік әлеуетін арттыру арқылы Қызылорданың экономикасын әртараптан­дырып қана қоймай, өңірдің халықаралық беделін де жаңа деңгейге көтеруге болар еді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью