“Табиғат бізге бағынбайды“ вице министр Астананың су басқан көшелері туралы

28.07.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Өткен аптада Астанада нөсерден кейін кейбір көшелерді тағы су басты. Үкімет неге бұл мәселе толық шешілмей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бүгін Үкіметте энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба талқыланды. Брифинг барысында журналистер көшелерді су басу мәселесін жою үшін жобада нөсер кәріз жүйелерін жаңғырту қарастырылған ба деп сұрады.

Бұған жауап берген өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков бұл мәселеге кешенді түрде қарау қажет екенін айтты.

"Жалпы, жауын-шашынға байланысты мұндай табиғи құбылыстардың қаншалықты жиі болатынына назар аудару керек. Мемлекеттік сараптамаға түсетін кез келген жоба нақты өңірдің стандартты табиғи жағдайларын ескере отырып қаралады. Жобаны бекіту кезінде болуы мүмкін қажетті жүктемелер есепке алынады", – деді ол.

Бұл ретте шенеунік ауа райы жағдайлары әрдайым есептелген көрсеткіштерге сәйкес келе бермейтінін атап өтті.

"Иә, ондай жағдайлар болып тұрады. Біз қоғамда, әлемде өмір сүріп жатырмыз, табиғат бізге бағынбайды. Көбінесе жауын-шашын орташа нормативтерден асып түседі, салдарынан мұндай жағдайлар туындайды. Біз де осы өңірдің тұрғындары ретінде бұл қолайсыздықты сезінеміз", – деді Сапарбеков.

Оның айтуынша, мұндай ауа райы құбылыстары жиі бола бермейді, ал инфрақұрылымды экстремалды жауын-шашынға есептеп салу бюджеттен қомақты шығындарды талап етеді.

"Белгілі бір кезеңде ғана болуы мүмкін табиғи катаклизмнен қорғауды қамтамасыз етуге үлкен қаражат жұмсау – бұл өте үлкен шығын. Ол бюджетке салмақ салады, сондықтан мұндай шешімдердің қажеттілігі әрдайым талдау мен сараптама негізінде бағаланады", – деп түйіндеді вице-министр.

Ал құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов кейінгі 10 жылда Астанадағы ең проблемалы 11 учаскеде су басу мәселесі шешілгенін хабарлады. Оның айтуынша, 2026 жылы жұмысты жалғастыруға шамамен 5 миллиард теңге қарастырылған.

Еске сала кетейік, 23 шілдеде Астанада ауа райы тосын мінез көрсетті. Күн күркіреп, бұршақ аралас нөсер жауып, қатты жел соқты.

Тағы оқыңыз: Астанада нөсерден кейін бірнеше тұрғын үй кешенін су басты. Бұған кім жауап беруі керек?

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью