Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Бүгінгі күні Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы экологиялық акциядан, мемлекеттік саясатқа, стратегиялық басымдыққа айналып үлгерді. Сондай-ақ бұдан былай табиғатқа жанашырлық, табиғатқа қамқорлық мемлекеттің, азаматтардың және бизнестің конституциялық міндеті болып бекітілді.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлыққа ұқыпты қарау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ел қызметінің негізгі қағидаты. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда белгіленген негізгі қағидат ретінде бірізділікпен жүзеге асырылуда. Біздің осы қағидатты ұстануымыздың жарқын мысалы ретінде экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге қоғамның барлық өкілін, еріктілер мен бизнесті тарту бойынша ауқымды жұмыс болды. Біз табиғатқа ұқыпты қарау және тазалықты сақтау Қазақстанның әрбір азаматы үшін ішкі қажеттілік пен күнделікті өмір нормасына айналғанын қалаймыз», – деп атап өткен болатын Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, 2026 жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында елімізде 1 млн-нан астам ағаш отырғызылып, 4 млн-нан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Республика бойынша 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық жиналды және шығарылды. Сондай-ақ 115,7 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді. Жалпы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы бастау алған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 млн-нан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд-тан астам көшет пен жас шыбық егілді.
Дегенмен әлі де болса, туған жердің қадірін білмейтін, тамшы судың киесін ұқпайтын адамдар арамызда жоқ емес. 2025 жылды қорытындылаған Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елімізде экологиялық заңнаманы бұзудың 3 мыңға жуық фактісі анықталған.
«2025 жыл қорытындысында экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты 1 105 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 2 945 құқықбұзушылық әшкереленді. Тәртіпбұзушылықтарды жою туралы 1 701 нұсқама берілді», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бұл – жай статистика емес, табиғат анаға жасалған қиянат деуге болады. Сол себепті елде компания-кәсіпорындарға жаппай тексерулер жүргізіліп, экологиялық заңнамаға теріс қарайтындарды жазалау шаралары қолға алынып жатыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, оларға жалпы сомасы 2,38 триллион теңгені құрайтын 2 602 әкімшілік айыппұл салынды. Алайда Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офис ұсынған ақпарат бойынша, әзірге заң бұзушылар жалпы сомасы 5,06 миллиард теңгені құрайтын 2 357 ұсақ әкімшілік айыппұлды ғана төлеген. Сондай-ақ шаруашылық қызметті тоқтату туралы 12 материал сотқа жолданып, олардың 6-уы сот шешімімен қанағаттандырылды. Яғни табиғатты бүлдірген осынша кәсіпорын біржола жабылып тынды.
Ал елімізде қалдықтарды өңдеу мәселесінде бірқатар жаңашылдыққа қол жете бастады десек болады. Енді тау-тау қалдықтар түзетін пластиктерді өңдеп, одан тауардың түр-түрін жасайтын шикізат шығаруға болады. Атырауда пластик қалдықтарды сұранысқа ие өнеркәсіптік өнімге айналдыру ісі жолға қойылды. Шаһарда «Фибратекс» ЖШС ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдеп, полиэфирлі штапель талшығын өндіруге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны іске асыруда. Жобаның негізгі көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, қайта өңдеу қуаты – тәулігіне 20 тоннаға дейін пластик қалдықтары, дайын өнім өндірісі – жылына 7 000 тоннаға дейін, жұмыс орындары 67 тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде, экономикалық әсері – өңірдің экспорттық әлеуеті артатын болады. Мамандардың айтуынша, технологиялық үдеріс негізгі 3 кезеңнен тұрады. Пайдаланылған пластик бөтелкелерді сұрыптау және тазалау, флекс өндіру және оны әрі қарай полиэфирлі талшыққа өңдеу. Алынған өнім кәсіпорынның өзінде геосинтетикалық материалдар өндіруге пайдаланылып қана қоймай, шетел нарықтарына да экспортталады.
«Бұл жоба қалдықтарды құнды шикізат көзіне айналдыратын айналмалы экономика қағидаттарын енгізудің жарқын үлгісі. Сонымен қатар заманауи технологиялар экологиялық және экономикалық міндеттерді қатар шешуге мүмкіндік береді», – деп жоғары бағалады Экология министрлігі.
Қоқысты қажеттілікке, қалдықты қазынаға айналдыру – заманауи озық технологияның шыңы деп бағалауға тұрарлық. Атырауда өндірілетін полиэфирлі талшықтан (полиэстер және лавсан) күнделікті киім-кешек пен үй тоқымасынан бастап өнеркәсіптік материалдарға дейінгі өнімдердің кең ассортименті жасалады деп жоспарланған.
Тілек Қабыл