Тағдыр жолы әрі тайғанақ, әрі тағлимат

14.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Азғындықтың, арсыздықтың жолына, тағдырдың кермесіне душар болғандықтан дейсіз бе, тағдырдың уын ішкендіктен дейсіз бе, тағдырдың бет қаратпас сойқанына тауы шағылып, төзімі мен сабыры сарқылып, жігері құм болғандықтан дейсіз бе немесе тағдырдың жазғанына мойынсұнғандықтан дейсіз бе, романды оқи бастағанда-ақ ес-түсінен жаңылған, есеңгіреген, сандырақтаған, мүшкіл күйге түскен нәуетек, тірі өлік, әулекі, көксоққан маскүнем қаңғыбастың сұрқай тірлігіне куә боласың. Шошынасың, түңілесің. 

«Ол шарапхананың тұсына жақындап гүрс етіп сұлады. Таяқтастам жерде жылыту қазандығының көсеушісі, ішкіш «Вася Циклоп» дейтін «жалғыз көзді бомж» бар болатын. Әупірімдеп соны тауып алды. Мұ­ның сықпытынан ажалының мұрнының ұшына жақындағанын аңғарған «кәрі қақпас» қалайы кружкасын отқа қыздырып, ішкіштердің «көңіл жұбатар сусыны», яғни «бір кружка суға бір қорап шайды тұтасымен төңкере салып, қайнатып, жұтып жібергенде өңешіңді тіліп түсетін осы қап-қара қоймал­жың сұйық бойыңды жылытып, кәдімгідей қа­ныңды қыздырады». Ішімдікке бой ал­дыр­­ғандардың сүйікті ермегі – осы «чи­фирь».

Есін жинаса, «Клава байғұс бар ынта-ықыласымен бұның денесін май тәрізді, иісі жағымсыз бірдеңемен сылап отыр екен».

Клава айтты: «Екі күн бойы сандырақтап сөйледің. Өлетін шығар деп ойлағам. Саған емханаға бару керек. Әйтпесе, өлесің! Екі өкпеңе оңбай салқын тиген сияқты».

Арғынның сүйек сырқыратарлық ішкі сырына ден қояйық:

«Кісі қанын арқалап, абақты кезіп кетем деп ойлап па еді?! Қолындағы бар құжатынан айырылып, бір шиша арақ үшін арын сатып, «бомж» атанып жүрем деп пе еді? Бірақ со­лай болды. Неге?! Әлде тағдырдың маңдайға жазғаны солай ма? Өзімен бірге жүрген үйсіз-күйсіз мүскіндер бәріне тағдыр кінәлі деп пәлсапа айтып жатады. Сонда бұл тағ­дыр дегеніңіз пенде баласының өз еркінен тыс қандай күш? Адам өз тағдырын өзі жа­сай алмағаны ма сонда?» 

Талықсып, сандырақтап жатқанда әжесі аян берді: «Жарығым-ай, табаныңды жерге тигізбей өсіріп едім! Не күйге ұшыраған­сың?!».

«Жедел жәрдем» шақырдым, – деді Кла­ва – өйтпесе өлесің, өлмесең жарымжан бо­ласың».

Ақ халаттылардың ішінен біреуі: «Мына түрімен қалай әкетеміз, жуындыру керек қой» десе, екіншісі: «Зембілді әкеліңдер, ем­ханаға жатқызуымыз керек» – деді, үшін­шісі ішінен: «Сұмырай» – деді.

Қаншалықты ерегіс, оғаш іс болса да емханаға әкелінді.

Емхананың табалдырығын аттаған соң бірер күннен кейін әлденіп, аяғын апыл-тапыл басып, жуынып-шайынып түзеле бастады. Өзі сияқты тағдырластар да бар көрінеді. Бірі ұстарасын беріп, бірі ішкиімін жуысып дегендей.

Емдеуші дәрігер, я болмаса бөлім мең­герушісі белгілі бір кесте бойынша пала­таларды тегіс аралап, науқастардың хал-ахуалымен түбегейлі танысып шығады екен.

Бірде палаталарды аралап жүрген дәрігер келіншектің дауысы мұны ойда-жоқта елең еткізді: «Құдай-ау, мынау... мынау Құралай ғой! Бұл қайдан?... Шынымен Құралай ма?! Иә, тура соның өзі сияқты! Ой, Алла-ай!».

Дүние тар екен ғой. «Тағдыр деген итің бұны тағы да бір мазақ еткісі келген шы­ғар...». Тағдырдың бұйрығы, сыйлығы Құра­лай сұлу алдынан шықты.

Медбике:

– Сырқат Абатов Арғын, екі өкпесінде кінәрат бар, Құралай Қабырбековна, мекен-тұрағы белгісіз, «бомждар» ғой...

Дәрігер Құралай: «Тағайындалған дәрі­лер тегіс қабылданатын болсын, өзімнің жеке бақылауыма алам!» – деді әмірлі үн­мен.

«Сол бір күндер...» тарауында (18-27- бет­тер) Арғын Абатовтың бал дәурен балалық шағы өткен берекелі Айбат тауы мен Иірсу өзені алдымен суреттеледі. Мысалы, аңыз-әңгімелердің сарындарына жүгінсек, Айбат тауының астында нешеме мыңжылдықтар бойы мекендеген айдаһар бар екен-мыс. Себебі жер қойнауындағы ағыл-тегіл есепсіз алтынның буына балқып жата беріпті-мыс. Бұл асыл қазына сар­қылса, айдаһар сыртқа атылып, ауыл-ай­мақты, бота-тайлақты жапырып-жалмап кетеді-мыс. 

* * *

«Сол бір күндер...» тарауында (32-43- беттер) Құралайды оқуға аттандырып салған күннің ертесінде әпкесі Ардақ күйеуін ертіп, Арғынға келіп: «Оқуға барам десең, шешеңді алып бағамыз», – дейді. Оған Арғын көн­бейді. Бір жыл анамның қасында боламын деп уәде береді. Ал Құралай оқуға түсіп, ауылға келгенде Арғын оған қала дегенің қалай екен дейді.

– Біздің болашағымыз білімде, ал білім қалада – дейді. Құралай Арғынның анасы­ның: «Қайда жүрсең де Арғынымның қа­сында бол деген» сөзін айтты. Арғын қырманға жұмысқа шықты. Арғынның анасын сырқат меңдеді, түрі жаман. Дәм-тұзының таусылатынын білгендей Арғынға: «Анау Құралайдан айырылма, басыңды қор қылмайды, есі бар бала... өзіне айтқам» – деген-ді.

Ақыры ажал анасын алып тынды. Жал­ғыздық жанын жегідей жеді. Әжесі оқта-текте: «Е...Е...е, алды-арты бір-ақ тұтам жалған дүние!» деп.

Құралай «жалғыз қалдым деп қапаланба, мен бармын» деп хат жазыпты.

Анасының қырқы өткен соң: «Жүр, алып кетем, қасымда бол!» – деді Ардақ.

Арғынның көңілі – ит арқасы қиянға кету еді. Сәуірдің соңында әскерге шақырту қағазы келді.

Мамыр мейрамында Құралайы да келіп, құшағына алып, бетінен өбіп, көңіл айтты, бейіт басына барды.

Негізінде, екеуінің арасына сызат тү­сірген Құралайдың шешесі: «Қарағым, са­ған әдейі келіп отырмын! Иә, бірге өстіңдер, бірге оқыдыңдар! Қазір енді заман басқаша. Сен ауылдасың... Ақылың бар баласың ғой, сөйт, қалқам! Мазасын ала берме. Сендей азаматқа қыз табылмас дейсің бе? Мен келді деп Құралайға айтпай-ақ қой» (39-бет).

Сонымен, элиталық әскери бөлімнің болашақ жауынгері атанады.

Ақ теңіз жағасындағы Арғынның жа­уын­герлік өмірі (оқу-жаттығу, парашютпен секіру, жекпе-жек өнерінің теориясы мен стратегиясы) толық әңгімеленген. Сондай-ақ Құралайдың хатындағы «Тез хабарлас, не керегіңді айт, сәлем-сауқат жіберем» деген лебізі жаныңды жадыратса, шешесінің хатындағы: «Әй, Арғын! Баламның мазасын алма, сенің теңің емес, сөз байласып жүрген адам бар!» дегені тікенектей қадалды. (60-70- беттер)

Арғын жүйелі түрде дәрі-дәрмектерін қабылдайды, газет-журналдар оқиды, Ресей жазушыларының қылмыс әлемі хақындағы романдарды парақтайды.

Құралайдың ілтифаты да алабөтен, екеуара «бір жақындық» бар, ол «туыстық жылылық пен аялауға толы», «әрі нәзік, әрі тастай берік бір байланыс еді». Оның құрқылтайдың ұясындай бөлмесі жұмақтың төріндей дерсің. Осындай бір раушандай сәулетті сағаттарда көктен жай түскендей оқыс оқиға болды. Палатаға учаске инспек­торы болған капитан мен подполковниктің погонын таққан бейтаныс әпербақандар кіріп келді де:

– Өзіміздің бомждар ғой. Давай, киін, кетесің бізбен, – деді ойда-жоқта бұрқ-сарқ, қалш-қалш етіп.

Арғынның білетіні – бұл найсаптар үйреншікті ісі-әдеті күн жылынған соң дәрменсіздерді жинап, милиция бөлімше­сінде бірер-күн тұтқында ұстап, сонсоң бай-бағландарға сатып жібереді. Сөйтіп, елсізде ақысыз-пұлсыз мал жайып, қора-қопсы салып, құлдықта жүресің...

Кезекші дәрігер:

– Біз үшін бұл жігіт емделуші. Дереу бас дәрігерге, Прокуратураға мәлімдеймін.

Сол-ақ екен, жүгенсіздердің жігері құм болып, жүні жығылып жөніне жөнелді.

Арғын тілін тістеп, қалың ойға шомды. Өкінді. Іші алай-дүлей. Сапырылысқан тіршіліктің тізбектері. Осы бір мезетте Құралай келіп, сыртқа шықсайшы дегендей ишарат жасады.

– Арғын – деді сұңғыла Құралай – дел-сал боп отырмашы, жаным! Таңертең мен сені алып кетем. Өзімнің үйіме. Не көрсек те бірге көнеміз!

Құралай Арғынның құжаттарын қал­пына келтіруге жанталаса кірісті.

«Сол бір күндер...» тарауында (80-154- беттер) тағдыр жолының, өмір, тұрмыс-тіршілігінің ұбақ-шұбақ, түйдек-түйдек суреттері, бастан кешкен іркес-тіркес қанқұйлы қасіретті шерлі күндері шежіредей өріледі.

Әсіресе, Құралайдың анасының қиғаш қылығы, теріс пиғылы Арғынның елден жырақ кетуіне әсер етті.

Басын тауға да, тасқа да соқты. Жаз­мыш­қа шара жоқ. «Бір ғана сәт, бір ғана әрекет, бір ғана қателік» шыңға да шырқа­тады, шыңырауға да батырады. Әуелден-ақ бұйырмаған, бірге жүруге қоспаған Құралай да өзегін өртейді.

Романның эпилогында құстың қос қанатындай Арғын мен Құралай бір көлікке мініп, Айбат тауының иығынан әрі асып кетіп барады...

Енді олардың түзу жолға түскені тү­сінікті.

Жинақтай айтқанда, өлкетанушы, шежі­ретанушы, айтыс ақыны Сайлау Байбосын­ның «Ажалын жоғалтқан адам» атты романы нарық заманының, бықсық қоғамның бас кейіпкердің тағдыр жолына келтірген кесапаттарын шыншылдықпен баяндаған әр романшылық өнердің қисындарын шеберлікпен қолданған деуге болады.

Сайлау Байбосын – ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушы­лар одағының мүшесі, Жазушылар одағы­ның Жүсіпбек Аймауытов атындағы сыйлы­ғының иегері. Ерейментау және Баянауыл аудандарының құрметті азаматы. Павлодар облыстық «Ақбеттау» журналының редак­торы.

Бірнеше республикалық әдеби байқау мен мүшәйра жүлдегері. «Ерейментау», «Қанжығалылар», «Қызылтау – құтты ме­кен, киелі аймақ», «Есімдері жүрсін деп ел есінде...», «Қорғалжын» секілді тарихи танымдық кітаптардың, «Ажалын жоғалтқан адам» романының, «Сүмбіле жұлдыз туға­н­да» атты жыр жинағының авторы.

СЕРІК НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью