Тағы да тариф туралы

31.03.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Үкімет былтыр 16 қазаннан бастап барлық тұтынушыларға коммуналдық қызметтердің тарифін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылатыны туралы шешім қабылдаған еді. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығысын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етілетіні де кеңес отырысында белгілі болды. Белгіленген мерзім таяған соң коммуналдық қызметке жауапты мекемелер тарифті өсіруге қамдана бастаған сыңайлы. Қазір көпшілікті су, жылу, жарық бағасы халықтың қалтасына салмақ салмай ма деген бір ғана сауал алаңдатып отыр.

Сурет: tengemonitor.kazgazeta.kz

Үкіметтің қазан айында қабылдаған іс-шаралар кешені ел азаматтарының табысын қорғауға, инфляцияны ұстап тұруға бағытталған еді. Сөйтіп, наурыз айының соңына дейін коммуналдық тарифтерді көтеруге енгізілген мораторий осы кезеңде тұтынушыларға түсетін тариф жүктемесінің салмағын жеңілдетті. Отбасылардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жалпы, коммуналдық қызмет саласындағы тарифтік саясат мәселесі жан-жақты ойластырылған әрі жүйелі тәсілді талап етеді. Шешім қабылдау барысында реттеуші орган тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауға тиіс. Өйткені коммуналдық қызметке жауап-ты мекемелердің жыртығын жамаймыз деген желеумен тарифті негізсіз, шамадан тыс көтеруге тағы болмайды.

Елдегі коммуналдық инфрақұрылым жылдар бойы әбден тозғандықтан, жалпы жағдайды жақсы деп айтуға да келмейді. Әсіресе өңірлерде құбыр жиі жарылады. Сарышұнақ аязда тұрғындарды жылусыз қалдырып, үлкен шығын әкелген Екібастұз қаласындағы ірі апатты жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Инвестициясыз осындай оқыс жағдайлардың алдын алу мүмкін емес. Қаражат болмаса қызмет сапасы төмендеп, апатты жағдайлар жиі қайталануы мүмкін.

Осыған орай 2023 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инже­нерлік инфрақұрылымын жаңарту жөнінде ауқымды жұмыс басталды. Нәтижесінде, бүгінге дейін 19 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөнделіп, 2022 жылмен салыстырғанда жұмыс көлемі екі есе артты. Осының өзі инфрақұрылымның тозуын жыл сайын орта есеппен 3%-ға төмендетуге мүмкіндік берген. Нақты сандарға жүгінсек, инженерлік желілердің орташа тозу деңгейі – 53,7%, оның ішінде жылумен жабдықтау – 52%, электрмен жабдықтау – 59%, сумен жаб­дықтау – 48,2%, су бұру – 55,6% шамасында.

Жуырда Ұлттық экономика министр­лігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті тариф саясаты мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өткізді. Басқосу­да Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төр­ағасы Тимур Қосымбаев тариф саясатына қатысты өзгерістердің жай-жапсарын баян­дады.

– 2029 жылға қарай инженерлік инфра­құрылымның жай-күйін норма­тивтік жұмыс деңгейіне жеткізіп, тозу деңгейі аса жоғары аймақтарды біржола еңсеру жоспарланып отыр. Бүгінде тариф саясаты кезең-кезеңімен, теңгерімді тәсіл негізінде қалыптасқан. Бұл халық­қа түсетін жүктемені барынша азайтып, тарифтердің күрт өзгеруіне жол бермейді. Мұнда ең маңыздысы – комму­налдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, алда құны әлдеқайда қымбатқа түсетін мәселелердің қордалануына жол бермеу. Тарифтердің өзгеруіне инфляция деңгейіне индексация, көмір, мазут, жанар-жағармай, басқа да ресурстар бағасының өсуі, желілер мен жабдықтарды жаңғыртуға инвестиция қажеттілігі себеп. Сол секілді өндірістік персоналдың еңбекақысын арттыру, бірыңғай сатып алушы, теңгерімдеуші нарық, энергия өндіруші ұйымдар тарапынан бағаның өсуі, тауарлық газдың көтер­ме бағасының қымбаттауы әсер етеді, – деп түсіндірді Т.Қосымбаев.

Тариф саясатына қатысты мемлекет ұстанымы өзгермейді. Тарифтің үстіне қосылатын әрбір теңге негізделген әрі қызмет сапасын арттыруға бағытталуға тиіс. Осыған байланысты Табиғи монополияларды реттеу комитеті табиғи монополия субъектілерінің қызметін бақылауды күшейтіп, тұрақты мониторинг жүргізуге кіріскен. Нәтижесінде, монополистерге қатысты тиісті шаралар қабылданған. 535 әкімшілік іс қозғалып, 922,92 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Мораторийге қарамастан, осы ара­лықта тарифтердің өскені туралы ша­ғым айтқан тұрғындар табылған еді. Бұл жағдайды Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев жекеле­ген мәселелермен байланыстырды. Мыса­лы, тұтынушы коммуналдық қызмет­ті әдеттегіден көбірек тұтынған болуы мүмкін. Қыс айларында жылуға кететін шығын ұлғаятыны тағы бар. Бақылаушы мен тұтынушы арасында дұрыс есеп-қисап жүргізілмеуі ықтимал­дылығын жоққа шығара алмаймыз. Комитетке түскен осыған ұқсас арыздың саны 700-ден асады. Соған сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған субъектілер бар екен. 

– Мораторий кезінде тариф бағасы өскен жоқ. Сондықтан тұтынушылар әрбір айда өзінің тұтынған көлеміне қатысты түбіртектерді қарап отырса артық етпейді. Егер өзгеріс байқаса, дер кезінде хабарлау керек. Қазіргі жаңалықтарға байланысты бірден айтайық, тарифтер күрт өспейді. Дегенмен оны көтерудің себебі жоқ емес. Мысалы, табиғи тозулар жыл сайын 3-4%-ға өсіп келеді. Осыны ұстап қалып, жағдайды жақсартуға инвестиция тарту қажет. Тарифтерді қайта қарау жөніндегі жұмыс жалғасады. Табиғи монополия субъектілері ұсынған өтінімдер аясында тарифтерді мұқият қараймыз. Тариф сонша­лықты өспейді, тұрғындарға салмақ түспейді. Қазір тозған желілерді жөндеуге кіріскен ұйымдар көп. Сол себепті биыл әр субъекті­нің қажеттілігіне, яғни коммуналдық мекемелердің сұранысына, әр өңірдегі жағдайға байланысты тариф­терді жеке-жеке саралаймыз, – деді Н.Болатбаев.

«Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ вице-президенті Марат Мұстафин тозған желілерді жаңар­ту жөніндегі жұмыс барлық өңірде үйлесетінін айтты.  Себебі Астана қаласынан өзге өңірлерде коммуналдық мекемелердің жағдайы мәз емес. Елорда­дағы ахуал салыстырмалы түрде тәуір екен деп саланы қараусыз қалдыруға тағы болмайды. Инвестиция тартылмаса, ондағы жағдай да 5–6 жылда нашарлап шыға келеді.

– Сөз жоқ, былтыр қабылданған мораторийдің пайдасы болды. Азық-түлік бағасын ұстап тұруға, халықтың коммуналдық шығынға артық төлемеуіне септігі тиді. Комитет жоспарына сәйкес тарифтер бірте-бірте өсе бас­тайды. Олар тарифті қарау барысында өңірдің ахуалын, мекемелердің жағдайын ескереді. Халық тарифтің нақты қандай себеппен өскенін әрі одан нендей пайда барын білуі керек. Екібастұз, Риддердегі ауыр жағдайдың да себебі жөндеуге көңіл бөлінбегеннен, инвестиция тартылмағаннан. Оның бір шетінде тарифтің төмендігі де бар. Үкімет қабылдаған кешенді жоспар аясында энергетика, су саласы бойынша әрбір өңірге инвестиция тартылады, – деді М.Мұстафин.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту және дамыту орта­лығы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Нұрлан Солтамбеков тарифті тежеп ұстаудың салдары мемлекетке салмақ салуы мүмкін екенін алға тартады.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласына қаржы тартпаса, салдары мемлекетке өте ауыр тиюі мүм­кін. Бүгінде қолданыстағы инфрақұ­рылымдарға 30 жылдан асып барады. Осы аралықта жылдар бойы тарифті өсірмеудің қамын жасап келдік. Нәти­жесінде, салаға инвестиция тартылмай, амалдап келеміз. Қаржының бір бөлігі коммуналдық мекеменің желілерін жаңғыртуға емес, апаттық жағдайларды реттеуге, жамап-жасқауға кетеді. Бүгінде барлық салада баға өске­німен, тарифтерді амалдап қысып ұстап келеміз. Демек бізге саланы дамытуға қатысты көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Тарифті қолдан ұстап тұру саясатының соңы апатты жағдайға ұрындыруы мүмкін екенін түсінуге тиіспіз, – дейді Н.Солтамбеков.

Коммуналдық қызмет саласында жалақы мәселесі де жиі көтеріледі. Са­рап­­шылардың айтуынша, кейінгі жылдары жалақы мәселесіне де көп көңіл бөлінді. Соның ішінде энергетиктердің жалақысы едәуір өскенімен, суға жауап­ты мекеме жұмысшыларының табысы салыстырмалы түрде 100–120 мың теңгеге аз.

Сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдері бас қосқан жиыннан түйгеніміз, мораторийден кейін де халыққа түсетін қаржылық жүктеме минималды деңгейде сақталады.

Күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қадамдары да қаралды. Осы мақсатта өндірушілер үшін электр энергиясының бағасын, теміржол тасымалдары тарифтерінің өсуін тежеу көзделіп отыр. Қабылданған шешім өнім­нің өзіндік құнын төмендетуге әрі негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, тариф саясатын одан әрі же­тіл­дірудің коммуналдық қызметтер­дің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, инфра­құрылымның сапасын арттырып, халық мүддесін қорғауға қатысты негізгі бағыттары айқындалды.

Соңғы жаңалықтар

Автоөнеркәсіп: құрастырудан толық өндіріске дейінгі жол

Өндіріс • Бүгін, 15:38

«The National Interest» журналында Президенттің жаңа Конституцияға қатысты мақаласы жарияланды

Ата заң • Бүгін, 15:36

«Бағанашыл» балалар үйінің бірнеше корпусы сүріліп жатыр: Алматы әкімдігі себебін түсіндірді

Алматы • Бүгін, 15:30

Атырауда масаларға қарсы күреске дрондар тартылады: Бюджеттен 200 млн теңге бөлінді

Экология • Бүгін, 15:22

Саясат Нұрбек: «Болашақ» түлектерінің үштен бірі АҚШ-қа виза ала алмай жүр

Білім • Бүгін, 15:02

Ұрлық, бопсалау, алаяқтық: Қарағанды облысында қылмыстық топ ұсталды

Қылмыс • Бүгін, 15:00

Денсаулық сақтау саласындағы серпін: Елімізде нәресте өлімі айтарлықтай төмендеді

Медицина • Бүгін, 14:48

Turkiye Open-2026: Таеквондодан Қазақстан әйелдер құрамасы бес медаль жеңіп алды

Спорт • Бүгін, 14:39

Таяу Шығыстан Қазақстанға: Студенттерден оқу ауыстыру бойынша 500-ден астам сұраныс түсті

Білім • Бүгін, 14:34

Францияда дизель бағасы соңғы 40 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті

Әлем • Бүгін, 14:20

Жетісу облысында тағы да жер сілкінді

Оқиға • Бүгін, 14:02

Астанада жұмыс табу жеңілдейді: Мансап орталығы үш жерде ашылды

Елорда • Бүгін, 13:51

Елімізде қанша ғылыми зертхана жұмыс істеп тұр?

Ғылым • Бүгін, 13:42

Toyota Land Cruiser алып беремін: Алаяқ елордалық тұрғынның 20 млн теңгесін алып кеткен

Заң • Бүгін, 13:24

Пойыздардың қозғалысын реттеу үшін Starlink спутниктік жүйесі қолданылады

Технология • Бүгін, 13:10

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью