Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Отандасымыз Досжан Жұмақан (60 келі) финалда таиландтық Сива Чайнаронгты қапы қалдырды.
Қазақстандық былғары қолғап шебері финалға дейін кениялық Феликс Онианго, гватемалалық Лионель Эрнандес, өзбекстандық Бобомурад Боймирзаев, словакиялық Кристиан Харасник, франциялық Давид Харутюианды орта жолда қалдырып кетті.
Айта кетейік, Досжан 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы жазғы Азия ойындарының чемпионы саналады.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан Айдана Убайдуллақызы (80 келі) чемпион атанды.
Енді ел құрамасынан Камила Оспанова (70 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі), Жалғас Өтебеков (90 келі), Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) финалда шаршы алаңға шығады.
Қазақстан құрамасы сапынан финалға сегіз спортшы шықты. Бұл жөнінен ұлттық құрама екінші орында тұр. Ел құрамасынан он бір спортшы жартылай финалда жекпе-жек өткізді. Олардың 8-і жеңіске жетсе, 3-еуі қарсыласына есе жіберді.
Ал көш басындағы Өзбекстан – 9, үшінші орындағы АҚШ – 5 боксшыға сенім білдірсе, одан кейін Үндістан – 4, Украина – 3, Франция, Жапония – 2, Англия, Италия, Қырғызстан, Грузия, Самоа, Тувалу, Таиланд 1 үздігіне үміт артады.
Сондай-ақ ел құрамасынан Ақнұр Тұрсынғали (57 келі) Зарина Толыбай (75 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) қола жүлдегер атанды.
Финалдық жекпе-жектер 15 наурызға белгіленген.