Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Кейінгі бес жылда шетелдік ЖОО өкілдіктерін ашу бастамасы жүзеге асып келеді. 2021 жылға дейін жауапты министрлік Қазақстанға 4 университетті әкелгенін білеміз. Олардың қатарында Мәскеу авиация институты, Челябі мемлекеттік университеті, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және «Сорбонна – Қазақстан» институты болды.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік үздік университеттердің филиалын көбейтуді тапсырды. Оған мемлекет қаржысымен қатар бизнес секторы үлес қосу керегін меңзеген еді.
Содан бері қазақ жеріне келетін білім беру ұйымдарының саны жыл санап артқанын байқау қиын емес. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, қазір елде 40 шетелдік университеттің өкілдігі ашылған, қос диплом бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Оның ішінде 9 ресейлік, 6 қытайлық (оның ішінде үш Лу Бан семинары), 7 американдық, 8 британдық, сондай-ақ Франция, Италия, Германия, Польша, Түркия, Корея Республикасы университеттері бар. Олардың көпшілігі өз өкілдіктерін өз елінен тыс жерде – Қазақстанда алғаш рет ашты.
2021 жылдан бері ашылған филиалдарды жіктесек, көбі топ универсиеттер қатарына кіретін білім беру ұйымдары:
· Астанада – Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы;
· Алматыда – «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті, Солтүстік-Батыс политехникалық университеті, Лотарингия университеті, Анхальт университеті және Гонконг қаласы университеті мен Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау инженерлері институты филиалдары;
· Атырауда – И. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы;
· Ақтөбеде – Хериот-Уотт университетінің филиалы;
· Таразда – Д. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы;
· Ақтауда – Берлин техникалық университетінің филиалы;
· De Montfort университі (Алматы);
· Ковентри университеті (Астана).
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігіӘлемдік жоғары білім практикасында қолданылатын қос диплом бағдарламасын да жетілдіру жүргізіліпті. Қазақстандық ЖОО-лардың Квинс университеті (Алматы), Марке политехникалық университеті (Жетісу), Миннесота университеті (Қостанай), Аризона университеті (Солтүстік Қазақстан) және Быдгощ экономика университетімен (Семей) екіжақты келісімі бар.
Бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылы жалғасын тапты. Қыркүйектен бастап Woosong University, ММХҚИ (Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты), Марке политехникалық университеті және Анхальт қолданбалы университеті филиалдарында оқыту басталды. Астанада Cardiff University Kazakhstan салтанатты түрде ашылды. Бұл – Cardiff University-дің алғашқы шетелдік кампусы әрі Орталық Азиядағы Russell Group университеттері тобына кіретін жалғыз кампус.
Жалпы 2024 жылдан бері Біріккен Корольдіктің Coventry University лицензияланған кампусы отандастарымызға білім беруде. Астанадағы филиалда британдық үлгідегі диплом алуға мүмкіндік бар.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, елге шақырылатын университеттерге қойылатын талап бар. Олар жоғары академиялық және ғылыми беделге ие болуы тиіс. Маңыздысы, шетелдік университеттер QS, ARWU, THE халықаралық академиялық рейтингтерінің топ-250 қатарына енуі қажет. Сонда ғана рұқсат пен арнайы инфрақұрылым арқылы көмек беріледі. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады.
Қазақстанда 31 мыңнан астам шетелдік студент оқидыОтандық ЖОО-лардың тәжірибе алмасуына, білім беру бағдарламасын халықаралық талапқа икемдеуіне шетелдік университеттердің көмегі көп. Мысалы, қазір шетелдік білім беру ұйымдарымен бірлесіп кадр даярлаудың халықаралық стандарттары енгізіліп жатыр, практикалық бағыттағы оқу жоспарлары іске асырылып, ағылшын тілінде оқыту кеңеюде. Министрлік университеттердің цифрлық платформалары мен кітапханалық ресурсын жаңартуды қолға алған.
Фото: freepikКадр даярлау ісіне келсек, филиалдарда оқыту экономиканың басым және кадр тапшылығы бар бағыттарға мамандар даярлауға бағытталған 162 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Шетелдік ЖОО-лар IT, ядролық энергетика, су дипломатиясы, менеджмент, есеп және аудит, қаржы, маркетинг, халықаралық құқық салалары бойынша білім беруде.
Университеттердің білім беру бағдарламаларының сапасы мен алуандығы қазақстандықтарды ғана емес, алыс-жақын шетелді қызықтырып отыр. Мәселен, қазір елдегі жоғары оқу орындарында 93 елден келген 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр. 2029 жылға қарай олардың санын 150 мыңға жеткізу жоспарланған.
Билік шетелден студенттерді елде қалуға ынталандырғысы келеді. Бұл кадр тапшылығын шешуге жәрдемдеседі деген болжам бар. Сондықтан Үкімет виза режімін оңтайландырып, үздік түлектердің елде тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасын іске қоспақ.
«Болашақ» бағдарламасы
Қазақстан білім беру жүйесін жетілдірумен қатар азаматтардың шетелде білім алуына да жағдай жасап келеді. Жылдан-жылға Еуропа мен Азияның беделді оқу орындарына қабылданатын қазақстандықтардың саны артып келеді. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, Қазақстан шетелде білім алып жатқан студенттер саны бойынша әлемде ТОП-15 елдің қатарына кіреді.
Қазір шамамен 90 мыңнан астам отандасымыз жырақта жүр. Көпшілігі Ресей, Қытай, Түркия, Польша, Венгрия секілді елдерге білім іздеп аттанған. Сонымен қатар АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германиядағы ғаламдық жетекші университеттерде оқитындардың саны көп.
Шетелде оқу тек академиялық білім алу мүмкіндігін ғана беріп қоймай, студенттің мәдениетаралық коммуникация қабілетін дамытып, кәсіби және жеке дамуына жол ашады. Бұл тәжірибе жастарға халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті маман болуға және Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Бүгінде шетелде оқуды қалайтындар үшін бірнеше жол бар: «Болашақ» халықаралық стипендиясы, халықаралық гранттар, мемлекетаралық жобалар. Соның ішінде ең шығыны азы әрі танымалы – «Болашақ» бағдарламасы.
1993 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Болашақ» бағдарламасы талай қазақ баласының шырағын жаққаны анық. Әсіресе, ауыл балаларының батыс елдерінде оқу арманын орындады деуге болады. Себебі бағдарлама тек оқу ақысы мен шәкіртақыны қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ студенттің шетелде білім алуына толықтай қолдау көрсетеді, жол шығындарын, сақтандыру мен жатақхана шығындарын өтейді.
Осы орайда стипендия алушылар арасында ең танымал елдер АҚШ пен Ұлыбритания болды. Америкалық университеттер арасында University of Illinois, Columbia University, New York University және University of Southern California сияқты беделді оқу орындары ерекше сұранысқа ие. Ал Ұлыбритания университеттерінің ішінде стипендиаттар көбінесе University of Warwick, University of Sussex және Queen Mary University of London ЖОО-сын таңдайды. Бұл оқу орындары өзінің жоғары білім сапасымен танымал.
Фото: Александр Павский / Kazinform30 жыл ішінде түлектер білім алған елдердің тізімін қарасақ, мұнда да еуропалық университеттердің қарасы көп:
· Ұлыбритания және Ирландияда – 45,6%,
· АҚШ және Канадада – 28,1%,
· Еуропа елдерінде – 11,6%,
· Азия және Океанияда – 7,9%,
· Ресей Федерациясында – 6,8% білім алған.
Айта кетерлігі, 2025 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 645 стипендия бөлінген болатын. Оның ішінде 411 стипендия магистратураға, 41 - докторантура немесе резидентураға, 193 стипендия ғылыми тағылымдамаларға арналды.
Халықаралық бағдарламалар орталығының ақпаратына сүйенсек, «Болашақ» түлектерінің 55%-ы – гуманитарлық ғылымдар бойынша, 36%-ы техникалық мамандықтар бойынша, 7%-ы медициналық бағытта, 2%-ы шығармашылық салаларда оқыған.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Әділ Құсмановтың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыру жіті қадағаланады.
– Қазіргі таңда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» 280-нен астам жұмыс берушімен ынтымақтастық орнатқан. Соның нәтижесінде еңбек мониторингіндегі түлектердің 98,8%-ы жұмысқа орналасып үлгерді. Сонымен қатар, түлектер үшін арнайы «Bolashaq Talent Management» Facebook парақшасы жұмыс істейді. Онда ағымдағы бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналасуға қатысты жаңалықтар тұрақты түрде жарияланады. Осы парақшада түлектер онлайн конференцияларға, жұмыспен қамту вебинарларына қатысып, өз тәжірибелерін бөлісе алады. Сонымен қатар, орталық түлектердің сұранысы бойынша жұмыс берушілерге өтініш хаттарын түйіндемелерімен бірге жіберіп отырады, – дейді басқарма төрағасы.
Талантқа таласШетелде білім алудың келесі тәсілі – халықаралық стипендиялық бағдарламаларға қатысу. Қазақстандықтар аталған мүмкіндікті жиі қолданатынын байқап жүрміз. Соңғы уақытта бір түлектің ондаған университеттің білім беру грантын жеңіп алғанын естісеңіз, бұл – сол гранттардың нәтижесі.
Бүгінде қазақстандықтар жиі жүгінетін халықаралық грант бағдарламалары қатарында Erasmus+ (Еуропа), DAAD (Германия), Fulbright (АҚШ), Chevening (Ұлыбритания), MEXT (Жапония) бар. Мұндай бағдарламаларға қатысу үшін үміткер халықаралық тіл емтихандарын (IELTS, TOEFL, TestDaF, JLPT) тапсырып, мотивациялық хат, ғылыми немесе шығармашылық жетістігін ұсынуы шарт.
Фото: freepikБілімді маманды елге шақыруға тек біз ғана мүдделі емеспіз. Әлем елдері де талантты жастарды тартуға әуес. Көптеген университеттер дарынды шетелдік жастарға арнайы гранттар бөледі. АҚШ-та – Merit-based, Need-based Түркияда – Türkiye Bursları, Венгрияда – Stipendium Hungaricum, Польшада – Ignacy Łukasiewicz Scholarship, Кореяда – Global Korea Scholarship (GKS) танымал. Олар оқу ақысына жеңілдік беріп, тіпті толықтай қаржыландыруға қауқарлы.
Қазақстан білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жастардың әлемдік деңгейде білім алуына басымдық беруде. Мұндай талпыныс өз кезегінде академиялық тәжірибені жетілдіріп, мәдениетаралық коммуникацияны жолға түсіруге септесіп отыр.