Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазақстанда жылдық инфляция 2026 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша 9,8 пайызға дейін төмендеді. Бір айда баға 0,6 пайызға өсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Салыстырмалы түрде алсақ, министрліктің мәліметінше, былтыр тамызда айлық инфляция 1 пайыз болған. Осылайша, бағаның өсу қарқыны 0,4 пайыздық тармаққа төмен.
Экономика министрлігі инфляцияның баяулауына негізінен азық-түлік бағасының өсу қарқынының төмендеуі септігін тигізіп отырғанын атап өтті. Тамызда жылдық азық-түлік инфляциясы шілдедегі 10,1 пайызбен салыстырғанда 9,5 пайыз болды.
Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бір жылда 2,1 пайызға қымбаттады. Бір жыл бұрын бұл тауарлар санатындағы баға өсімі 9,5 пайыз болған.
Министрлік мұндай нәтижені бағаны тежеу бойынша іске асырылып жатқан кешенді шаралармен байланыстырады. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31 түрге дейін кеңейтілді. Сондай-ақ билік шекті 15 пайыз сауда үстемесінің сақталуына бақылау жүргізіп, тиімсіз делдалдарды анықтап жатыр. Сонымен қатар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету әрі өнімдердің қолжетімділігін арттыруды қамтитын шаралар қабылданып жатыр.
Ұлттық экономика министрлігі жанар-жағармай нарығын либерализациялау және реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторийдің аяқталуына қарамастан, инфляция баяулап жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, Үкімет 2027 жылы инфляцияның ең жоғарғы шегі 9,5 пайыз болады деп болжап отыр. Бұл көрсеткіш еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа жоспарында жоғарғы шек ретінде көрсетілген.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу