Таңдайдан кетпес ұлт дәмі

01.04.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

«Qazaq National Product» – құнарлы құртымен танымал кәсіпорын. Қаптама­ларында «Қарағандыда жасалған» деген жазуы бар құнарлы ас бірегей брендке айналды. Ертеде әжелеріміз жайған ақ құртқа жаңаша сипат берген цех технологтері дәмдеуіштің түр-түрін қосып, тіл үйірер өнім әзірлеп келеді.

Әуелгіде кәсіпкер Жазира Төле­генова құрт саудасымен айна­лысқан. Табыстың көзін тауып, тіпті Қырғызстаннан да тонналап құрт жеткізіпті. Маркетингті мықты меңгерген маман құрт сататын екі сауда нүктесін ашқан. Сол кезде брендтік қораптарға салынған түрлі дәмдегі ассорти құрттары тұтынушылар арасында сұранысқа ие болды.

Уақыт өте келе логистика, жеткізу мерзімінің ұзақтығы, бағаның қымбаттауы, өздері өндірмегендіктен, сапасына толық жауап бере алмау сынды кедергімен бетпе-бет келіпті.

– Сол кезде «Неге осы ұлттық тағамды өзіміз өндірмеске?» деген ой келді. Сөйтіп, өндіріс ашуға бел будық. Алғашқы қадам оңай болмады. Үйдің маңынан шағын орын жалдап, сүтпен тәжірибе жасап, құрт да­йындауды үйрене бастадық. Қаржыландыру мәселесі де біраз қиындық тудырды. Екі рет бизнес грантына қатысқаныммен, сәтсіз болды. Сол кезде көңілім түсіп, тіпті бизнесті тоқтату туралы шешім қабылдағым да келді. Бірақ табандылық танытып, өз қаражатымызға сепаратор мен құрт жасайтын станок сатып алдық. Барлығын тәжірибе арқылы үйрендік, – дейді кәсіпорын басшысы Жазира Төлегенова.

Осылайша, түрлі сынақ, күнделікті тәжірибе өндірісті жетілдіреді. 2024 жылы кәсіпкер Қарағанды қаласы әкімінің грантына қатысып, қазылар алқасына өздері әзірлеген құртты ұсынады. Пішіні мен дәмі қазылар құрамын бірден таңырқатып, жергілікті өнім қолдауға ие болды.

Сөйтіп, кәсіпкер 1,5 миллион теңге грантты жеңіп алып, өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Сол жылдан бастап өз цехында құрт өндіру ісі толық жолға қойылды. Бір жылдың ішінде кәсіпорын кеңейіп, жаңа цехқа көшкен.

Мұнымен қоса, цехта қаймақ, май, ірімшік, қызыл ірімшік дайындалады. Тіпті ірімшік қайнатудан қалған көк суының өзі тұтынушылар арасында сұранысқа ие. Бұдан бөлек, бидай талқанынан жент әзірлеп, ұлттық тағамдардың қатарын толықтырған.

Өнімдері қала дүкендері мен супермар­кеттерінің сөресінде самсап тұр. Оның үстіне былтыр кәсіпкер Қарағанды облысы әкімінің грантын жеңіп алып, жаңа пішін әзірлейтін станок сатып алған. Қазір өндірісте кәдеге жаратып отыр.

Отбасылық кәсіптің тағы бір тәнті етері – өнім рецептурасының барлығын өздері әзірлейді. Классикалық құрттан бөлек жаңа дәмдерді ойлап тауып, өнім көлемін молайтып отыр. Мысалға, сарымсақ қосылған құрт – осы өндірістің атап айтар жаңалығы. Бұл идеяны Жазираның күйеуі Айдар Қисаев ұсынған. «Алғашында жұрт қалай қабылдар екен?» деген қо­балжу болғанымен, уақыт өте келе бұл өнім нағыз брендке айналған. Табиғи ыс­тал­ған ащы құрт пен сарымсақтың үйлесімі тәбет ашар дәм болып шыға келген.

Қазір өндірісте ащы құрттың бес түрі шығарылады: классикалық тұзды құрт, табиғи ысталған құрт, базилик қосылған құрт, сарымсақ құрты және чили қосылған ащы құрт. Жаз мезгілінде балғын сүзбеден құлпынай, өрік, қарақат секілді жемістер қосылған тәтті құрттар да дайындалады. Бұл өнімдер десерт ретінде ұсынылады.

Арнайы станоктардың көмегімен құртты домалақ, сықпа, спираль, ромбик сияқты әртүрлі пішінде жасауға мүмкіндік бар. Ал асық пішіндегі құртқа көпшілік қызығушылық танытады. Алдағы уақытта цех ұжымы құртты төрт түлік малдың пішінінде дайындауды ойластырып отыр. Бұл бастамалары арқылы ұлттық тағамға деген қызығушылықты арттырып, қазақтың дәстүрлі өнімдерін заманауи форматта насихаттауды көздейді.

«Мен – жобаның авторымын. Өндірістің негізгі жұмысын жолға қойған – жұбайым Айдар, ал бас технологіміз  – қайын атам. Біз бұл істі бір ғана сепаратордан бастап, барлық технологияны өз тәжірибеміз арқылы үйрендік», дейді Жазира Төлегенова.

Шикізат негізінен жақын маңдағы шаруа қожалықтарынан алынады. Қазір айына шамамен 2 тонна сүзбе өңделіп, одан 1 тонна дайын құрт өндіріледі. Алдағы жос-парлары да ауқымды. Жазира Төлегенова үлкен команда құрып, өндіріс қуатын арттыруды, өнімді еліміздің ірі қалаларына жеткізуді мақсат етіп отыр. Негізгі мақсат – «Qazaq National Product» құрт өндірісін ұлттық брендке айналдыру. Болашақта құрт сататын дүкендердің франшизасын ашпақшы.

Ұлттық тағамды жаңа деңгейге көтеруге ұмтылған жас кәсіпкерлердің бастамасы – құрттың тек ауылдың дәмі ғана емес, заман талабына сай дамып келе жатқан ұлттық брендке айналып келе жатқанын көрсетеді.

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қор нарығында доллар арзандады

Қаржы • Бүгін, 09:28

Көктемгі дала жұмысы қарқын алды

Шаруашылық • Бүгін, 09:10

Қаладан ауылға бетбұрыс

Ауыл • Бүгін, 09:05

ЖИ агенттерінің жәрдемі

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Таңдайдан кетпес ұлт дәмі

Кәсіпкер • Бүгін, 08:58

Қолжетімді сапалы дерек

Digital • Бүгін, 08:55

Саладағы цифрлық серпін

Білім • Бүгін, 08:53

Логопед таппаған ата-ана, маманға зәру мектеп

Білім • Бүгін, 08:50

Пластик қалдығы пайдаға жарады

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Қалқанша безі түйіндерін емдеудің тың тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Жанға жайлы жатақхана

Аймақтар • Бүгін, 08:43

Шынайы өнер шеруі

Театр • Бүгін, 08:40

Терең тағылым

Руханият • Бүгін, 08:38

Шипа іздеп шетел асудың қажеті жоқ

Медицина • Бүгін, 08:35

«Наршаның сөзі – баршаның сөзі»

Руханият • Бүгін, 08:32

Барлық жаңалықтар

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью