Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Көпшілік өмір сүруді армандайтын ауыл. Шығыс Қазақстан облысындағы Коробиха ауылы осындай.
Көпшілік өмір сүруді армандайтын ауыл. Шығыс Қазақстан облысындағы Коробиха ауылы осындай.
Оны жұмақтың бұрышы, оңаша өмір сүруге таптырмас мекен әрі ең "Инстаграмға лайық" ауыл деп те атайды. Tengrinews.kz тілшілері бұл жердің тарихын, тұрғындар қалай өмір сүретінін және оның неге соншалықты "Инстаграмға лайық" саналатынын білу үшін сол ауылға барып қайтты.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Коробиха (маңызды: екпін бірінші "о" әрпіне түседі) осыдан бірнеше ғасыр бұрын пайда болған. Мұнда қуғын-сүргіннен алыстап, өмірін жаңадан бастағысы келген ескі діни сенімдегілер (староверлер) қоныс аударған.
Олар туралы біз бұған дейін жазған болатынбыз.
Коробиха ауылындағы староверлердің құлшылық үйі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Мұнда келген бетте біз алдымен мектепте орналасқан жергілікті өлкетану музейіне бас сұқтық.
Ауыл үшін бұл, шын мәнінде, басты мұрағат: мұнда ескі суреттер, тұрмыстық бұйымдар мен әулеттердің тарихы жинақталған.
Коробиха орта мектебі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Адамдар мұнда өздерінің "беловодьесін", яғни жұмағын іздеп қашқан, - дейді бастауыш сынып мұғалімі және музей шырақшысы Ольга Калеева. - Біздің өлкеге Төменгі Новгород губерниясының Керженец өзенінен адамдар қашып келген. Сондықтан оларды кержактар деп атаған. Қазақшаға аударсақ, "кере жақ", яғни сырттан келген дегенді білдіреді. Олар өте талантты жандар еді. Осы бір құтты мекенге табан тірегенде, олар таңданыстарын жасыра алмаған. Мұнда өсімдіктер дүниесі де, жануарлар әлемі де бай, өзендері балыққа толы".
Анықтама: Ольга Калеева қашқандар туралы айтқанда староверлерді (немесе ескі салтты ұстанушыларды) меңзеп отыр. Бұл - XVII ғасырда Орыс православие шіркеуінде патриарх Никонның құлшылық кітаптары мен жоралғыларын грек үлгілері бойынша біріздендіруге бағытталған реформаларынан кейін пайда болған діни ағымның өкілдері. Сенушілердің бір бөлігі бұл өзгерістерді "нағыз" сенімнен ауытқу деп қабылдап, мақұлдаудан бас тартқан. Шіркеу жікке бөлінгеннен кейін, староверлер қуғыннан құтылу үшін биліктен алыс жерлерге кете бастаған.
Коробихадағы мұғалім әрі музей шырақшысы Ольга Калеева. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ольга Ивановна бізге жергілікті тұрғындардың тұрмыстық бұйымдарын да көрсетті. Бірақ олардың құндылығы тек көнелігінде емес. Бұның бәрін адамдар өз қолымен жасаған.
Староверлердің өз қолымен жасаған тұрмыстық бұйымдары. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Сондай-ақ Коробиханың оқшаулығына қарамастан, сол кездің өзінде өте озық ауыл болғанын білдік. Ал ол туралы бүкіл ел біле бастағанда, мұнда басқа ауылдар мен қалалардан омарташылық пен қолөнерді үйрену үшін келе бастаған.
"Беловодье" туралы қауесет кең тарады, - деп жалғастырды әңгімесін Ольга Ивановна. - Жұрт бұл жерді іздей бастады: "бұл қалай, адамдар өз бетінше өмір сүріп, салық төлемей ме?" деп таңғалған. Бұл қоныс 1792 жылы табылды. Жергілікті тұрғындар II Екатеринаға кешірім сұрап өтініш білдірді. Патшайым оларға "ясак", яғни салық салды. Салық аң терілерімен төленетін".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ольга Ивановнаның айтуынша, Коробиха атауы дәл сол кезде қойылған. Оның шығу тегі туралы екі нұсқа бар.
Біріншісі жергілікті қолөнершілердің қайың қабығынан "короб" (қорап) жасауымен байланысты. Бұл орман кесушілерден азық-түлік пен басқа да құнды заттарға айырбасталатын үлкен әрі берік ыдыстар болатын.
Қораптың кішірейтілген макеті. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Екінші нұсқа ауылдың орналасқан жеріне байланысты.
"Біз таулардың арасында, қораптың ішіндегідей орналасқанбыз - атауы содан шыққан болуы мүмкін", - деп түсіндіреді Ольга Калеева.
Ауыл Бұқтырма өзенінің бойында, таулардың арасында орналасқан. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Жалпы, Коробихада ол заманда оқыту семинарлары, курстар өтіп тұрған, жергілікті тұрғындар мұнда келгендермен тәжірибе бөліскен, - дейді музей шырақшысы. - Омарташылықтағы тәжірибелерін таратқан. Қысқасы, тек өздері үшін емес, ел игілігі үшін еңбек еткен".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Омарташылыққа келер болсақ, қазір жергілікті мектепте осы кәсіпті үйренгісі келетін балалар үшін арнайы сабақтар өткізіледі.
"Біз, әрине, ата-бабаларымызға осындай құтты мекенге келгені үшін, осындай тамаша халықтың арасында өмір сүріп жатқанымыз үшін өте ризамыз, - дейді Ольга Ивановна. - Тың игеру кезінде мұнда түрлі ұлт өкілдері келді, интернационалды отбасылар құрылды. Біздің мерекеміз де, қайғымыз да ортақ. Бұрын тіпті шанаға самаурын қойып, ауылдың екінші басындағы достарына бара беретін. Жеткенше су қайнап үлгеретін, қонаққа кіріп, сол самаурыннан шай ішіп, дастарқан жаятын".
Сұхбаттасушымыздың айтуынша, бір кездері ауылда май зауыты, шұжық және лимонад цехтары жұмыс істеген, жеке наубайханасы болған. 90-жылдары бұның бәрі жабылып, адамдар жан-жаққа көше бастады.
"Бірақ олар қайда жүрсе де, Коробиханы әрқашан өлеңдері мен әндерінде жылумен еске алады", - деп түйіндеді ол.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бүгінде Коробихада 200-ден аса адам тұрады. Мектепте 32 бала оқиды. Мұнда да осыдан 5–6 жыл бұрын үйлер су тегінге сатылатын. Халық бұл жерден көшіп кетіп жатқан еді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ауылға туризм жаңа дем берді. Бұрын Коробиха туралы білетіндер аз болатын. Ол, былайша айтқанда, тау ішінде, тас жолдан алыс жерде орналасқан. Сондықтан бұл жаққа арнайы келушілер де көп емес еді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бірақ бұдан бірнеше жыл бұрын бәрі өзгерді. Бір топ кәсіпкерлер ауданды аралап жүріп, осы жерге түнеуге тоқтаған.
"2020 жылы біздің басшымыз достарымен Коробихаға келеді. Бала кезінде ол осы өңірлерде болған екен. Әкесі және атасымен бірге бұдан да алыс, ескі наным-сенімді ұстанатындар тұратын Фыколка деген ауылға дейін баратын болған. Ол бала күнінен бұл жерлердің пейіштей көркем екенін ұмытпаған. Сонымен, балалық шақты еске алып, жаңа жерлерді көру үшін достарымен осында келеді. Түн батқан соң әрі қарай жүрмей, қонатын жер іздеп жергілікті тұрғындардың үйлерін аралайды. Таңертең достар оянғанда көрген көрініске таңдай қағады. Олар бұрын-соңды мұндай әдемі тұманды, таулар мен ормандарды көрмеген. Олар қатты тамсанды. Жергілікті жұртпен сөйлесе келе, халықтың көшіп жатқанын біліп, осы жерден үй сатып алады", - дейді осы оқиғалардан кейін Коробихада құрылған жергілікті туркомпанияның директоры Әйгерім Сайдуақасова.
Әйгерім Сайдуақасова. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Осылайша алғашқы қонақ күтетін үй пайда болды, туристер бұл ауылды біртіндеп танып, әлеуметтік желілерде бөлісе бастады. Кейін қонақ күтетін үйлер саны артты. Ауыл елдегі ең әдемі мекендердің бірі ретінде талқылана бастады - енді Коробихаға тек демалысқа немесе сенбі-жексенбіде ғана емес, тұтас отбасымен көшіп келе бастағандар бар.
Коробиха балы біртіндеп танымал брендке айналып жатыр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Сонымен қатар, мұнда омарта шаруашылығы дами бастады. Енді жергілікті кәсіпкерлердің жаңа мақсаты бар: ауылдың бұрынғы даңқын қайтару, өндірісті ұлғайту және Коробиханы Алтай балының астанасы ету.
"Біз мұнда журналистерді, блогерлерді шақырдық, - деп жалғастырды Сайдуақасова. - Мақсатымыз - осы ауылдың сұлулығын көрсету болды. Содан бәрі дами бастады. Жергілікті халық үшін жұмыс орындары ашылып, атпен серуендеу, омарталарға бару ұйымдастырылып, бал сатылып жатқанына өте қуаныштымыз. Даму бар және біз оны көріп отырмыз".
Ауылдағы алғашқы қонақ күтетін үйлердің бірі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Коробиханы аралауды жалғастырып келе жатып, Бұқтырманың арғы бетінде, гүлдердің арасындағы төбешікте тұрған жалғыз үйді байқадық. Сыртынан қарағанда ертегідей әдемі және оңашалықты сүйетіндердің арманы сияқты көрінеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Әрине, ол жерде кім тұратыны бізге қызық болды. Сөйтсек, бұл қонақ күтетін үйі бар омарта екен. Иесі бізді өзеннен қайықпен өткізіп, бәрінің қалай орналасқанын көрсетіп, аралармен таныстырды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Мен бұл омартаның үшінші иесімін, - дейді Дмитрий Будкеев. - 2018 жылы сатып алдым, ол кезде мұнда жартылай қираған үйшік, ескі монша мен қойма болатын. Ара ұстау үшін алғанмын. Туризм мүлде кездейсоқ пайда болды".
Дмитрий Будкеевтің қонақ күтетін үйі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Туризмнің қалай кездейсоқ басталғанын Дмитрий егжей-тегжейлі айтып берді. Ол жергілікті ұлттық паркте кезекші болып жұмыс істеген. Сол жерге туристер келіп, көліктерін қалдырып, Бұқтырма бойымен салмен жүзуге кетіпті.
Көңілінің жомарттығымен ол оларға демалып, моншаға түсіп алу үшін өз омартасына тоқтауды ұсынады. Оның қайда екенін түсіндіреді, бірақ өзі мойындағандай, олардың шынымен келетінін күтпеген.
"Бес күннен кейін оларды мүлде ұмытып та кеттім, – деп әңгімесін жалғастырды Дмитрий. – Бір күні шабындықта жұмыс істеп жүргенімде телефоным шырылдады. "Дмитрий, біз сіздің ауылға келдік", – деді. Олар өзен жағасына шатыр тігіп, менен монша жағуға рұқсат сұрап, омартаға көтеріліпті. Кешке үйге келген соң танысып, әңгімелестік. Олар менен: "Дмитрий, неге туризммен айналыспайсың?" – деп сұрады. Ол кезде біз үшін, жергілікті тұрғындар үшін, "туризм" деген сөздің өзі аса таныс емес еді. Келесі жылы солардың кеңесімен тағы басқа адамдар келе бастады. Мен қатты таңғалдым. Барлығы осылай басталды".
Дмитрий Будкеев. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Дмитрийге үйді ретке келтіруге тура келді. Ол үйге кіреберіс салып, кереуеттер қойған, мангал аймағы мен жазғы күрке жасады. Жалпы, туризм дегеннің не екенін және туристерді не қызықтыруы мүмкін екенін белсенді зерттей бастайды. Соған төселіп кетті.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ол тіпті апидомик те салып қойған. Бұл – ішінде ара ұяларының үстіне орнатылған жатын орындары бар жабық күрке тәрізді шағын құрылыс. Оның айтуынша, онда ұйықтау ағзаға пайдалы, өйткені аралардың дірілі адам денесіне жағымды әсер етеді.
Апи-үйшіктегі кереует. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Апи-үйшіктің сыртқы көрінісі. Төменде - ара ұялары. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Араның инесі де ем ретінде қолданылады. Дәлірек айтқанда - олардың уы.
"Бұл кез келген дәрі-дәрмектен немесе жақпа майдан артық, - дейді Дмитрий нық сеніммен. - Шынтақ, иық немесе жамбас буыны ауырғанда, араны қойып жіберсең болғаны, ол шағады да, уы денеге тарап, ауырған жерге де, жалпы ағзаға да шипа болады".
Дисклеймер! Редакция ескертеді: ара шағуы қауіпті болуы мүмкін, ал кейбір аурулар кезінде тіпті өмірге қауіп төндіреді. Сондай-ақ, ол қатты аллергиялық реакцияны, соның ішінде Квинке ісінуін тудыруы ықтимал. Дмитрий айтқан ем-шараны жасамас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесу қажет.
Дмитрийдің омартасында 20-дан аса ара ұясы бар. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Ауылымыздың танымалдылығы артып жатқанына қуаныштымын, - деп ағынан жарылды Дмитрий. - Таныла бастадық. Дәл осы біздің Коробиха балының бренді қалыптаса бастады. Тек Катонқарағайдың емес, Коробихадағы демалыс бренді танылып жатыр. Бұрын атақ-абыройдың бәрі соларда болатын. Енді біз де кішкентай ауыл болсақ та, туристерді өзімізге аздап тартып жатырмыз".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Дмитрийдің қонақ күтетін үйінен Коробиханың көрінісіне тағы біраз тамсанып, аралардың ызыңын тыңдап, Бұқтырманың арғы бетіне қайттық.
Дмитрийдің қонақ күтетін үйінен Коробиха ауылына көрініс. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Инстаграмға лайық" көріністері бар көшелерді аралап жүріп, Коробихаға қоныс аударған отбасылардың бірімен таныстық. Бір қызығы, олар елдің арғы шетіндегі Орал қаласынан көшіп келген.
Оралдан Коробихаға көшіп келген Пангереевтер отбасы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Нұржан Пангереев әйелі және бес баласымен Коробихаға осыдан бірнеше жыл бұрын көшіп келген. Ер адамның айтуынша, бұл шешім әбден ойланып қабылданған.
"Тауға жақын жерге көшкіміз келді, әртүрлі аймақтарды, соның ішінде Ресейді де қарастырдық, бірақ соңында таңдауымыз Шығыс Қазақстан облысына түсті, - дейді Нұржан. - Өмірде көп қиындықты көрген соң, мұндай көшу мен бейімделу қиын болып көрінбейді. Бұл тек менің шешімім емес. Әйелім, балаларыммен ақылдастық. Оларға видеоларды көрсеттім. Сөйтіп, бәріміз бірге көшуге бел будық".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Қазір Нұржан отбасымен үйлерді жөндеп жатыр. Болашақта Коробихада наубайхана ашуы мүмкін.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Иә, Коробиханың жұлдызы жанған сияқты. Оны рилстерге түсіріп, армандағы ауыл деп атайды. Бұл әлеуметтік желілердің ауылды әлемге танытып қана қоймай, оның қайта жандануына көмектескен сирек оқиғаларының бірі болуы мүмкін.
Дегенмен Коробиха тек "Инстаграмдағы" әдемі көріністерінің арқасында жанданып жатқан жоқ. Оның артында осы жердің адамдары, олардың жады мен тарихы, еңбекқорлығы, жанашырлығы және рекше құлшынысы тұр. Сол құлшыныстың арқасында ауылға туристер келіп, атағы артып, болашағы қалыптасып келеді.
Авторлары: Иван Сухоруков, Роман Павлов
Дайындаған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Староверлер ұрпағы, басқа интернет және дуалау. ШҚО-дағы Поперечное ауылы несімен таңғалдырады?
Шығыс Қазақстанның староверлері. Олар кімдер, қайдан келді және қазір қалай өмір сүріп жатыр?
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу