Танымал режиссердің тазы туралы деректі фильмі жарыққа шықты

14.03.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Фильмнің басты кейіпкері – Рашид Атамбаев. Ол көп жылдан бері қазақы тазының тұқымын өсіріп, оның тазалығын сақтауға атсалысып жүрген жанашырлардың бірі. Рашид үшін бұл жай ғана ермек емес, ит баптау – өмірінің бөлігіне айналған. Ол мұны ұлттық мұраға деген жеке жауапкершілігі деп түсінеді.

Фильмде кейіпкердің күнделікті өмірінен көріністер бар: ол иттерімен уақыт өткізеді, аңға шығып, жарыстарға қатысады. Рашид Атамбаев Еңбекшіқазақ ауданындағы бақтардың бірінде басқарушы болып қызмет етеді. Туындыда ол тазыға деген сүйіспеншілігін ақтарыла айтып, басынан өткен қиын сәттерімен бөліседі және осы асыл тұқымды иттердің арқасында тығырықтан шыққанын жасырмайды.

– Тазы – мен үшін аса маңызды. Олар – менің айнымас досым, сенімді көмекшім, тіпті жан дүнием десем де болады. Оларды өз отбасымдай көремін. Осы иттердің арқасында табиғатқа жақындай түстім: бұрын қыр мен таудан қашсам, қазір оны шын жүрекпен жақсы көремін, - дейді кейіпкер.

Фото: Еламан Турысбеков/Kazinform

Рашид Атамбаевтың айтуынша, ол тазы өсіруді 2017 жылы бастаған. Басында бұл іспен мықтап айналысамын деген ойы болмапты. Алайда бір күні бағына тазы еріп келеді. Күні бойы қасында болған итті ол қалдыруға бел буған.

– Атын Береке деп қойдық. Ол менің алғашқы тазым болды. Уақыт өте келе күшіктеп, шаруашылығым кеңейді. Қазір қолымда 21 ит бар. Оларды аңға қосамын, күнде өзіммен бірге баққа апарамын. Кейбірімен көрмелерге, шырға тарту сияқты жарыстарға қатысамын. Тазы – өте жуас әрі ақылды жануар, бірақ аңға шыққанда мінезі кілт өзгеріп, нағыз болмысын көрсетеді. Оларды бағу оңай емес: айына жем-шөбіне, яғни ет пен қосымша азығына шамамен 100 мың теңге жұмсалады, - деді ол.

Фото: Еламан Турысбеков/Kazinform

Режиссер Қанат Бейсекеев бұл фильмді түсіру идеясы осыдан 5 жыл бұрын туғанын айтты. Басында ол «Жеті қазына» туралы топтама түсіруді жоспарлаған. Кейін тазыны көргенде, осы тұқым мен оны өсірушілерге арнап бөлек фильм түсіруге бел байлапты.

– Бес жыл бұрын кейіпкер іздеп жүріп Рашидпен таныстық. Сол сәтте-ақ фильмді осы кісі туралы түсіру керек екенін түсіндім. Ол – көптеген отандасымыз сияқты күнделікті тіршілігін кешіп, қиындықтармен бетпе-бет келіп жүрген қарапайым қазақ. Бірақ оның жанын салып айналысатын ісі бар, ол – қазақтың құмай тазысы. Біздің туынды – бұл тұқымды зерттейтін ғылыми еңбек емес, бұл итке шын көңілімен берілген жан туралы көркем-деректі хикая, - деді режиссер.

Фото: Еламан Турысбеков/Kazinform

Оның айтуынша, фильмнің басты мақсаты – адамдарға төрт аяқты достарына мейіріммен қарау керектігін ескерту және ұлттық құндылығымызды сақтаудың маңыздылығын ұғындыру. Режиссер түсірілімнен кейін өзінің де үш тазы асырап алғанын айтты. Тіпті оның бірі ұлының ең жақын досына айналып, режиссердің өзіне де жаңа серпін берген екен.

Фильм түсірілімі үш айға созылғанымен, дайындық кезеңі әлдеқайда көп уақытты алған. Қазір туынды стримингтік платформаларда көрерменге жол тартты.

Фото: Еламан Турысбеков/Kazinform

Еске салайық, бұған дейін тазы мен төбет туралы ғылыми деректер бір базада жинақталатынын жазғанбыз.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью