Тақта үстіндегі тартыс

11.08.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Осыған дейін жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алу үшін 49 елден 79 университеттік команда бақ сынасқан еді. Онлайн-квалификация қорытындысы бойынша, сегіз команда іріктеліп, тағы сегіз ұжым жарысқа ұйымдастырушылардың шақыруымен қосылды. Осылайша, бір аптаға созылған халықаралық додада 16 университеттен келген шахматшылар жеке шеберлігі мен командалық тактикасын сынға салды. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Saint Louis University, Webster University және University of Texas at Dallas секілді беделді оқу орындарынан келген қатысушылар да бар.

– Чемпионат сәтті өтті. Қатысушылар турнирдің өту барысына көңілі толғанын жеткізді. Алты құрлықтан келген студенттер Алматының тауларын, музейлерін аралап, қаланың ерекше атмосферасымен танысты. Бұл жарыс – Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Себебі еліміз алғаш рет университеттер арасындағы әлемдік командалық чемпионатты өткізіп отыр. Бізді осы бастаманың ойдағыдай жүзеге асқаны қуантады, – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-пре­зиденті Дәрмен Садвақасов.

Сонымен жарыс қорытындысы бойынша, үшінші орынға талас тартысты өтті. Қола жүлде үшін бәсекеге түскен KNUS пен University of Texas at Dallas командалары екі матч бойы бір-біріне басымдық бермей, есепті кезек-кезек теңестірді. Алғашқы кездесуде америкалық команда 2,5:1,5 есебімен алға шықса, екінші матчта дәл осындай есеппен KNUS таразы басын теңестірді.

Алғашқы матчта қазақстандықтар сапынан халықаралық мастер Арыстан Исанжулов Яир Парховты жеңіп, команда қоржынына толық ұпай салды. Ал гроссмейстер Қазыбек Нөгербек Самант Адитьямен тең ойнаса, Меруерт Қамалиденова мен Әлішер Мәжкенов өз партияларында қарсыластарына жол берді. Екінші кездесуде KNUS ойыншылары есепті қайта теңестіруге мүмкіндік алды. Бұл жолы Арыстан Исанжулов пен Меруерт Қамалиденова жеңіске жетіп, Қазыбек Нөгербектің тең ойыны команданың ұпай қорын толықтырды. Осылайша, екі матчтың жалпы есебі теңесіп, екі команда тай-брейк кезеңіне шықты. Бұл шешуші сәтте командалар 3+2 уақыт бақылауымен бір блиц-матч өткізді. Бір қызығы, дәл осы күресте Қазыбек Нөгербектің партиясы шешуші рөлге ие болды. Себебі оның Самант Адитьямен ойыны аяқталған сәтте америкалық команда екі ұпай жинап қойған еді. Алайда қазақстандық гроссмейстер бұл қысымды еңсеріп, партияны өз пайдасына аяқтады. Нәтижесінде, блиц-матч 2:2 есебімен тең түсті. Қола жүлденің тағдырын шешетін сәт – «армагеддон». Бұл кезеңге әр командадан бір ойыншы қатысты. Жеребе негізінде шешуші шайқаста Қазыбек Нөгербек пен Самант Адитья кездесті. Нәтижесінде, жарыс қазақстандықтардың пайдасына шешілді.

 – Әрине, оңай болған жоқ. Бұл жерде мен өз командам мен университетімнің ғана емес, Қазақстанның намысын қорғап отырғанымды түсіндім. Сондықтан іште жауапкершілік пен толқу сезімі де болды. Команда болып барынша жеңіске ұмтылдық. Әр ойыншы өзіне тиесілі міндетті орындауға тырысты. Шынымды айтсам, бұл чемпионатта әлсіз қарсылас болған жоқ. Әлемнің үздік университеттері мен мықты шахматшылары жиналған. Тіпті оңайырық көрінген партиялардың өзінде босаңсуға болмайды. Кез келген қарсылас ойынның барысын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан әр партияға бар күшімізді салдық. Ал шешуші кезеңде маған тәжірибем көмектесті деп ойлаймын. Бұған дейін көптеген блиц және армагеддон партияларын ойнадым. Сондықтан ең маңызды сәтте эмоцияға берілмей, сабыр сақтауға тырыстым, – деді гроссмейстер Қазыбек Нөгербек.

Шахмат бәсекесінде күміс жүлдеге АҚШ-тан келген Saint Louis University командасы қол жеткізді. Ал чемпиондық атақ үшін өткен екі матчта да Ural State Mining University командасы 2,5:1,5 есебімен басым түсті. Финалда көптеген партия тең нәтижемен аяқталғанымен, шешуші ұпайды Лея Гарифуллина иеленді. Халықаралық мастер Талия Сервантес Ландейромен болған екі кездесудің екеуінде де жеңіске жетіп, Урал командасына қажетті ұпайды алып берді.

Қалған тақталардағы партиялардың басым бөлігінде жеңімпазды анықтау мүмкін болмады. Арсений Нестеров Арьян Чопрамен екі рет тең түссе, Рудик Макарян, Бхарат Субраманиям және Сергей Лобанов та қарсыластарымен ұпай бөлісті. Нәтижесінде, чемпионаттың алтын жүлдесі Ural State Mining University командасына бұйырды. 

– Финалда қарсыластың ойынын бақылауда ұстай алдық. Төртінші тақтада басымдығымыз айқын болса, үшінші тақтада негізгі мақсатымыз есепті сақтап қалу болды. Ең қызығы, жартылай финалда біз үшін Қазақстан командасы әлдеқайда күрделі қарсылас болды. Алғашқы матчта жеңісті уыстан шығарып алу қаупі болғанымен, келесі кездесуде өз ойынымызды сенімді көрсете алдық. Бұл алғаш ұйымдастырылған чемпионат болғандықтан, жеңімпаз атану – біз үшін ерекше қуаныш. Алматыдағы жарыстың өту деңгейіне де көңіліміз толды, – деді Ural State Mining University командасының ойыншысы Рудик Макарян.

Әлемнің жетекші оқу орындарының ба­сын қосқан додада қазақстандық KNUS командасының қола жүлдеге ие болуы – ел шах­маты үшін айтулы жетістік. Сарапшылардың пайымынша, бұл Қазақстанның жүлде үшін кіл мықтылармен тайталаса алатынын әрі мұндай ауқымды жарыстарды қабылдауға әлеуеті жо­ғары екенін көрсетеді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью