Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Таразда 13 жастағы қызды ұрлауға жол бермеген ер адам марапатталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жамбыл облысы Полиция департаментінде Тараз қаласының тұрғыны Нұркен Умаровты марапаттау рәсімі өтті. Ол 13 жастағы қызды ұрлауға жасалған әрекеттің алдын алған.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыс орталығында екі белгісіз адам автокөлікпен аялдамада тұрған қызды күштеп алып кетпек болған.
Оқиғаға бейжай қарамаған азаматтың дер кезінде араласуының арқасында күдіктілер өз арам ниеттерін жүзеге асыра алмады. Көп ұзамай олар анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жамбыл облысы ПД бастығы Нұркен Умаровқа ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің және жеке өзінің атынан шынайы алғысын білдірді.
Марапаттау рәсімі барысында Қайсар Сұлтанбаев Нұркен Умаровтың әрекеті нағыз ерлік пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі екенін атап өтті.
«Кейде ерлік лауазыммен де, формамен де өлшенбейді. Ол қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, көмекке келе білуден көрінеді. Сіздің жедел әрекетіңіздің арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығына қосылған зор үлес», – деді ПД бастығы.