Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Таразда болашақ Инклюзивті спорт орталығының іргетасына капсула салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты BI Group-тің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталықтың жалпы ауданы – 3 600 шаршы метр, 300 адамға арналған. Жаңа орталықта трибунасы бар әмбебап спорт зал, жаттығу залы, емдік дене шынықтыру залы, медициналық кабинет, конференц-зал, психолог кабинеті, әкімшілік ғимарат, буфет және басқа да функционалдық кеңістік болады. Келушілердің кешен аумағында кедергісіз жүріп-тұруына, қауіпсіздігіне, жайлылығына баса назар аударылады.
Нысанды BI Group компаниясы салып жатыр. Аталған компанияның мұндай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол. 2025 жылдың желтоқсанында холдинг Қазақстандағы алғашқы Инклюзивті спорт орталығының құрылысын аяқтаған болатын. Астанада орналасқан ол кешенде физикалық мүмкіндіктері әртүрлі адамдарға арналған спорт, оңалту, білім беру инфрақұрылымдары қамтылған. Нысанды жобалау кезінде әмбебап дизайн принциптері қолданылды. Ал тұжырымдамасы параспортшылармен, кәсіби федерациялармен бірлесе отырып әзірленді.
«Біздің командамыз үшін бұл жобаның құндылығы бөлек. Біз нысанды салған кезде келушілердің нақты қажеттіліктерін ескеру қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Таразда жай ғана спорт нысанын салып жатқан жоқпыз. Адамдар жаттығып, оңалып, физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан өзін жайлы сезіне алатын кеңістік жасап жатырмыз. Бұл орталық өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымының маңызды бөлігі болатынына сенімдімін», – деді BI Group жобасының басшысы Мақсат Көбегенов.
Бұл нысанның құрылысын жеті айда, атап айтқанда 2026 жылдың тамызынан 2027 жылдың ақпаны аралығында аяқтау жоспарланып отыр.