Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Таразда Ұлттық ұлан сапында сегіз қырлы талантты сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
Жауынгердің бірі жеті тілді меңгерсе, енді бірі бес тілді жетік білетін полиглот. Сарбаздар қатарында спорт шеберлері, журналист пен хореограф бар.
Ағылшынша емін-еркін диалог құрған бұл сарбаздар 5513 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Бақтиярхан Тұрсынходжаев жеті тілді меңгерген полиглот. Әкесі әзербайжан, анасы өзбек ұлтынан болғандықтан қос тілді кішкентай кезінен біледі. Ал қазақ пен орыс тілін мектепте үйренген. Оған қоса түрік тілінде де сөйлейді. Жастайынан Еуропаның 10 елін аралап, ағылшынша, французша да тіл сындырған.
Бақтиярхан Тұрсынходжаев, 5513 әскери бөлімінің қызметкері:
- Тіл үйренуге барып жатырмын. Француз тілі мен испан тілін бірге қосып үйренуге. Менде сондай ұсыныстар болды тіл жағынан. Осы ұсыныстарды қабылдадым. Енді қазір меңгеріп өзімді күшейтіп солай бару мақсатым. Аудармашы болып жұмыс істейсің. Мысалы басқа елге шығамыз, болмаса басқа қалаларға барасыз сонда қасымызда жүресің, сол тілмен сөйлесесің деген ұсыныстар болды.
Бақытжан Тыныбеков әскер қатарына Алматыдан келген. Қазақ, орыс тілінен өзге ағылшын, неміс және корей тілін біледі. Ал қызылордалық Нұртілеу Әли журналист. Әскерге алынардан бұрын «Сыр дидары» редакциясында жұмыс істеген. Бексұлтан Наурызұлы Алматыдағы «Салтанат ән-би ансамбльінің» кәсіби хореографы. Сарбаздар сапында спорт шеберіне үміткерлер де бар. Нұрдәулет Ахмет 8 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысқан. Жамбыл облысы мен республиканың бірнеше дүркін чемпионы.
Нұрдәулет Ахмет, сарбаз:
- Менің армияға келуімнің бірден бір себебі менің бойтүзерім әкем. Әкемнің армияда 1988-1989 жылдары Ресей мемлекетінің Хабаровск қаласында служить еткен суреттерін армиядағы өмірін естіп өсіп, өзімнің жасым жеткеннен кейін армияға келуді шештім. Әскери бөлімшелердің арасында да жарыстар өткізілетінін ескертті. Маған ол туралы хабарлады. Мен алдағы уақытта осы 5513 әскери бөлімінің атын шығарсам деген үмітім бар.
Талантты сарбаздар әскери бөлім басшылығы тарапынан қолдаусыз қалмайды. Спортшылар әскерилер арасындағы сайыста өңір намысын қорғаса, қабілетті жауынгерлерге арнайы үйірмелер ашылған. Мысалы биыл би, көркемөнерпаздар мен көркем сөз оқу үйірмесі жұмысын бастады. Ол жерде білікті сарбаздар, қатардағы жауынгерлер мен әскерилердің балалары дәріс алады.
Алдияр Омарбаев, 5513 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары:
- Патриоттық сезімдері оянып, Қазақстан Республикасына қызмет етеміз деген сарбаздар біз оларды қуана қарсы аламыз. Бұл таланттар жай ғана қалмайды. Оларды шыңдаймыз. Тіл мамандары өздерінің мақалаларын жазып штаттан тыс тілші болады.
Осындай білімді, өнерлі және спортқа жақын сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп, жастарға тәртіпті, білімді әрі патриот болудың үлгісін көрсетіп жүр, дейді әскерилер.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә