Таразды гүлдендірген Жасыл ел

17.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

«Айлық аласың, жұмыс істе!»

Әудем жердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды қолмен теріп, қоқыс қабына салған са­йын маңдайынан шүмектеп аққан терді жеңімен қайта-қайта сүртіп қояды. Қоғамдық орындардың тазалығы үшін күн сайын күресіп жүрген жанның қолы да күнге күйіп, еңбек табы сіңген қатқыл күйге енгендей.

Осы сәтте әкесінің еркетотайы болса керек, шамамен он жасар бала қолындағы «Фьюз» шайының қалбыры мен пісте қабын аллея бойындағы канал жиегіне селқос лақтырып жіберді. Мұны көрген кейуана сабырлы үнмен: «Балам, қасыңдағы қоқыс жәшігіне салсаң қайтеді?» деді.

Бірақ балдырған оның сөзін құла­ғына да ілмеді. Кекесін аралас күлкі­мен мұрнын тыжырайтып, жырқ-жырқ күлді. Сол-ақ екен, әкесі де араласып: «Сенің жұ­мысың емес пе? Айлық алып отырсың ғой. Өзің жинап ал!» деп дүрсе қоя берді.

Жоғарғы ерні көкке, төменгі ерні жерге жеткендей паң кейіп танытқан жас әке осы сөзін мәрт­тік санағандай. Ал мұндай сөзді талай естіп, талай мәрте жұтып үй­ренген кейуана үндеген жоқ. Ләм-мим деместен жердегі қоқысты ең­кейіп алып, жұмысына қайта кірісті...

Көрінбейтін еңбектің қадірі

Шаһар тазалығына жауапты «Жасыл ел» мекемесінің қара­пайым еңбек адамдарының ты­ныс-тіршілігімен танысу мақса­тын­да күн ұясынан жаңа ғана көтеріл­ген шақта жолға шықтық. Ме­кеме директорының орынбаса­ры Айдын Бейсеков жол бойы ұжымның жұмысы туралы әңгі­ме­леп келеді. Әңгіме арасында қала тұрғындарының бо­йында экологиялық мәдениеттің әлі де толық қалыптаспағанына қын­жылатынын да аңғардық.

Көше тазалауға кіріскен қызметкерлердің жұмыс орнына да келіп жеттік. Олар Тәуке хан даңғылының бойында тыным­сыз еңбек етіп жүр. Бет-жүз­дерін шаң-тозаңнан қорғау мақсатында орамалмен тұмшалап алған жұмыс­шылар сынап бағанасы 40 гра­дусқа жуықтаған аптап ыстыққа қарамастан бір сәтке де аялдар емес. Бірі шөп шауып жатса, енді бірі қоқыс жинаумен әлек.

«Негізгі міндетіміз – көше тазалығын сақтау, жиналған қо­қысты шығару. Қолымыздағы техникаға 12 азамат бекітілген. Олар шабылған шөп пен бұтақ­тарды, жиналған қоқысты тасымалдайды. Мұндағы көше сыпырушылар мен қоқыс жинау­мен айналысатын қарапайым қызметкерлердің әрқайсысы адал еңбек етіп жүр», дейді мекеме шебері Салтанат Сәтімбекова.

Оның айтуынша, шаһар көшелерінің тазалығына 139 қызметкер жауапты. Бұдан бө­лек, қалаға қарасты 10 округте де жұмысшылар күн сайын ты­ным­сыз тер төгеді. Үлкен даңғыл­дардан бөлек, шағын көшелер мен бұрылыстардың өзі тұрақты күтімді қажет етеді. Сондықтан әр қызметкер өзіне бекітілген аумақта күнделікті жұмыс жүргізеді. Үш жүк көлігінің әрқайсысы шамамен төрт тонна қоқыс тасымалдайтынын ескерсек, күніне 12 тоннаға жуық қалдық шығарылатынын аңғару қиын емес.

Жұрт тастаған қоқысты жинап жүрген «Жасыл ел» мекемесінің қызметкері Марат Дүйсембаевтың жүзінен қала тұрғындарының салғырттығына деген өкпе-ренішті аңғару қиын емес. Жұмысы жа­йында сұрағанымызда қолын бір сілтеп: «Қойшы, ел бізді қашан тыңдапты?» деп қысқа қайырды.

Ал тағы бір қызметкер Ар­зы­гүл Дауылбаеваның айтуын­ша, олар қоқысты жинап үлгер­генше, кей тұрғындар тазаланған аумақтарға қайтадан тұрмыстық қалдықтарды тастап кетеді. Сөй­тіп, қызметкерлер әлгі жер­лерді қайтадан тазалап, әуре-сарсаңға түседі. Мұндай көрініс күн сайын қайталанады.

«Мұнда жұмыс істеп жүрге­німе алты ай болды. Мекеме басшылығы бізге барлық жағдай­ды жасап қойған. Дегенмен, қала тұрғындарының еңбегімізге немқұрайды қарайтыны қынжыл­тады. Жаңа ғана тап-таза етіп жинап кеткен жерге бір сағаттан кейін қайта келсеңіз, қоқысқа толып жатады.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бастап беріп, жұртшылықты тазалыққа үндеп келеді. Соған қа­рамастан кей адамдардың еңбе­гімізге жанашырлықпен қарай бермейтіні өкінішті. Халықтың санасында экологиялық мәдениет толық қалыптасса екен дейміз. Өйткені әр адамның еңбегі құр­мет­ке лайық», дейді ол өз ойын ортаға салып. 

Қаланы көркейткен қолдар

Мекеме жұмысшылары ала таң­нан ымырт үйірілгенге дейін Тараз тазалығы үшін тыным тап­­пай еңбек етеді. Биыл жыл басы­­нан бері мекеме басшылығы қызмет­керлердің жалақысын едәуір көтеріп, арнайы киімдері де жаңартылған.

«Көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарымен айналысатын бри­гадалардың да, сушылардың да еңбегі орасан екенін атап өт­кен жөн. Шағын аудандарда жұмыс істейтін қызметкерлеріміз тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды дер кезінде жинап, шығарып отырады. Қазір мекемеде мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның 425-і таза­лық жұмысына жауапты болса, 10 округте 190 қызметкер ең­­бек етеді. Ал негізгі бригада құрамында 130 адам жұмыс іс­тесе, демалыс орындарында 81 қыз­меткер тазалықты қадаға­лайды.

Көріктендіру бөлімшесінің мамандары қаладағы барлық саябақ пен сквердің шөбін шауып, күтім жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ көгалдандыру және ағаштарды бұтау жұмысы да бар. Үш сушы бригадасы өздеріне жүктелген міндетті талапқа сай атқарып жатыр. Ал гидротехник ма­мандар қаладағы жасыл желек­ті күтіп-баптау ісін үнемі назарда ұстайды.

Тұрғындарға айтар жалғыз өтініші­міз бар. Қоқысты кез келген жерге бей-берекет тастамай, тазалыққа жауап­кершілікпен қарағаны абзал. Сондай-ақ көлік жүргізушілері де ыждағатты болғаны жөн. Сексен­нен астам саябақ пен скверде се­руендейтін тұрғындар да тазалық мәдениетін сақтауға үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді», дейді мекеме директорының орынбасары Айдын Жарқынбекұлы.

Көне шаһардың келбеті жыл өткен сайын ажарланып келеді. Таяуда ғана облыс орталығына Жапониядан жеткізілген сакура көшеттері отырғызылды. Жалпы, биыл Тараз қаласында бір миллион гүл егу жоспарланған.

Мекеменің бас агрономы Жасұлан Молдабаевтың айтуын­ша, биыл 10 500 шаршы метр аумаққа жаздық гүлдер отырғызу жоспарланған.

«Қазіргі уақытта бұл жұмыс аяқталуға жақын. Бір миллионға жуық гүл тұқымын сатып алып, жылыжайда өсіріп отырмыз. Сонымен қатар 5 мың дана раушан гүлінің көшетін алып, олар­ды отырғызу жұмысын толық аяқтадық. Қазір суару, шөп шабу, зиянкестермен күресу, тыңайт­қыш енгізу және түптерін қопсыту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыспен бөлімге қарасты 80 қызметкер айналысады.

Бұдан бөлек, жұмысшылар қала аумағын көгалдандыру жұ­мысын да қатар атқарады. Биыл 8 мың түп ағаш отырғызу жос­парланса, оның 5 мыңы көк­тем мезгілінде егілді. Қалған 3 мың көшет күз айларында отырғы­зылады.

Қала аумағына негізінен жапы­рақты ағаш түрлері егіледі. Олардың қата­рын­да үйеңкі, қарағаш, терек, өзге де ағаш түрлері бар. Демеу­шілердің қолдауымен қала ор­талығына егілген сакура ағашы шие тұқымдасына жатады. Бұл өсімдік өңірімізге алғаш рет әкелінгендіктен, ерекше бақы­лауда», дейді ол. 

Тазалықтың бағасын білеміз бе?

Бүгінде «Жасыл ел» мекеме­сінің жұмысын жоғары бағалай­тын қала тұрғындары аз емес. Қала көшелерінің тазалығын қамта­масыз етіп жүрген қара­пайым еңбек адамдарына деген жергілікті халықтың пікірі де көңіл қуантады.

«Қыста көшелерді қардан, жазда қоқыстан тазалап жүрген еңбек адамдарының жұмысына ризамыз. Қай саябаққа барсақ та, тазалық қызметкерлерінің тынымсыз еңбек етіп жүргенін көреміз. Сондықтан олардың еңбегін бағалап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға тұрғындар да үлес қосуы керек», дейді қала тұрғыны Назипа Шопаева.

Кейінгі жылдары мекеме жұ­мысы жүйеленіп, материалдық-техникалық базасы нығайып, қызметкерлердің әлеуметтік жағ­дайына айрықша көңіл бөліне бастаған. Мұны жұмысшылардың өздері де айтып жүр.

Мекеме басшысы Ғалымжан Қайназа­ров­тың айтуынша, қыз­м­еткерлерге қолайлы еңбек жағ­дайын жасау мақсатын­да кейінгі жылдары ауқымды жұмыс атқа­рылған. Қолға алынған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жұмыс­шы­лар тарапынан түскен тамақ сапасына қатысты ұсыныстар мен шағым­дар мұқият зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданған. Нәти­жесінде, бүгінде қызметкерлер уақты­лы әрі құнарлы ыстық тамақ­пен қамтамасыз етіліп отыр.

«Тұрмыстық қатты қалдық­тарды орналастыру полигонын­да да маңызды инфра­құрылымдық жұмыс жүргізіл­ді. Полигон аумағы толық қоршалып, бей­небақылау жүйесі орнатылды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да кү­шейтілді. Көгалдандыру бағы­тында қала аумағына көпжылдық жасыл желектер отырғызу, за­манауи тамшылатып суару жүйе­­сін енгізу жұмыстары бас­талды.

Мекеменің материалдық-техникалық базасын тиімді бас­қару мақсатында арнайы техни­каларға түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде, пайдалануға жарамды 88 техника бары анықталды. Алайда бұл көрсеткіш қаланың нақты қажет­тілігінің небәрі 55-60 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Қала аумағында тәулігіне орта есеппен 1650 текше метр тұрмыстық қалдық жиналатынын ескерсек, қолданыстағы техникалық әлеует санитарлық тазалық жұмысын толық әрі тұрақты деңгейде жүргізуге жеткіліксіз.

Осыған байланысты мекеме жыл сайын 54 арнайы техниканы жалға алуға мәжбүр. Бұл қосымша қаржылық шығын ғана емес, сыртқы мердігерлерге тәуелділікті де арттырып отыр. Оның үстіне алдағы кезеңде тағы 12 техниканы есептен шығару жоспарланғандықтан, техникалық тапшылық мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түспек.

Соған қарамастан, қолда бар техника мен еңбек ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында қаланың күнделікті санитарлық тазалығы, абаттандыру, көгал­дандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар саны да азайған.

Жалпы, Тараз тазалығы күн тәртібінен түскен емес. Себебі бақылау бар жерде нәтиже болатыны белгілі. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің қолдауымен қазір­гі уақытта отандық өндірісте құрастырылған 74 арнайы техниканы бес жыл мерзімге лизинг арқылы сатып алу жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 4,5 миллиард теңге. Бұл бас­тама мекеменің материалдық-техникалық әлеуетін едәуір арттырып, қаланың санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұ­мыстарын жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», дейді мекеме басшысы Ғалымжан Қайназаров.

Ымырт үйірілер шақта жұ­мыс­шылар құралдарын тапсырып, Жастар аллеясы бойымен аялдамаға қарай бет алды. Күн ұзаққа созылған аптап ыстық әбден қалжыратса керек, аялдамаға жеткенше бірнеше рет ағаштардың көлеңкесіне аялдап, демалып үлгерді. Жұмысынан кетіп бара жатып та жол жиегінде шашылып жатқан азын-аулақ қоқысты еңкейіп алды да, жақын маңдағы жәшікке тастады. Таза­лыққа деген жауапкершілік пен еңбекке деген адалдық осындай болса керек.

Ал біз ше? Күн сайын тап-таза көшемен жүріп, гүлденген саябақта серуендеп, таза қаланың игілігін көріп жүргенімізбен, сол тазалықтың артында тұрған адамдардың еңбегін қаншалықты бағалап жүрміз? Осы сауал әрқай­сымызды ойландыруға тиіс...

Тараз 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью