Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңа технологиялар мен экономикалық дамудың әлемдік тәртіпті қалай өзгертіп жатқаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңа технологиялар мен экономикалық дамудың әлемдік тәртіпті қалай өзгертіп жатқаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тоқаев Қазақстан цифрлық трансформацияны жеделдету үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестік пен ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
"Біздің мақсат - дербестендірілген оқытуға, инфрақұрылымды және білім беру стандарттарын дамытуға баса назар аудара отырып, педагогтардың құзыретін арттыру. Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы қамтамасыз ету үшін Еуразиялық одақ мемлекеттерімен серіктестік пен ынтымақтастық орнатуға ашық", - деді Президент.
Мемлекет басшысы сауда мен логистикада жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне де тоқталды.
"Меніңше, сауда және логистика саласына жаңа технологияларды, ең алдымен жасанды интеллектіні енгізуді жандандыру өте маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің өзара іс-қимылын күшейту қажет. Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты жедел өңдеуге, кедергілерді анықтауға, жүк ағынын болжауға мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, цифрлық қолтаңбаларды өзара тану бизнес шығынын азайтуға және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі сауда көлемін арттыруға септігін тигізеді.
"Жасанды интеллектінің талдау әлеуетін пайдалану өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту үшін де үлкен практикалық мәнге ие. Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіптік кешенге зияткерлік жүйелерді енгізуге де басымдық берген жөн. Жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қарқынды экономикалық өсуін қамтамасыз етудің маңызды факторына айналады деп санаймын", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа технологиялар ЕАЭО елдері арасындағы алшақтықты тереңдетпеуі керектігін баса айтты.
"Бұл ретте жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы "цифрлық алшақтық" деп аталатын құбылыстың себебі немесе көзі болмауы тиіс. Керісінше, олар экономикалық өзара байланыстың құралына және елдеріміздің ынтымақтастығының қуатты синергиясына айналуға тиіс", - деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев одақ мүшелері жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдап жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл құжатқа 2025 жылғы желтоқсанда өзі бастамашы болған.
"Құжаттың басты мақсаты - одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі салаларын цифрландыруға қатысты ортақ тәсілдерін бекіту, өзара мүдделерді ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету", - деді Мемлекет басшысы.
Президент ЕАЭО елдеріне құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекетке осы маңызды құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа технологиялық және экономикалық формат негізінде әлемдік тәртіпті қайта құрудың қазіргі кезеңі елдеріміз үшін тиімді пайдалану керек бірегей мүмкіндіктер терезесін ашады. Біз осы тарихи мүмкіндікті бірлесіп және толық көлемде пайдалануға міндеттіміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік: 28 мамырда Астанада V Еуразиялық экономикалық форум өз жұмысын бастады.
Мәртебелі меймандар қатарында Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.
Биыл халықаралық пікірталас алаңында "Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру" тақырыбы талқыланып жатыр.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу