Тарихи Торғай газеті жарық көрді

08.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Жинақтың бірінші томына көне ба­сылымның 1895 жылы шыққан 52 нөмірінде жарияланған мазмұнды мате­риалдар іріктеліп алынған. Атап айтсақ, бұл кітапқа ұлт ұс­тазы Ахмет Байтұрсынұлының, А.Алекторов, Х.Қаржасов, Р.Тілеу­лин, С.Бабин тәрізді авторлардың қазақ тарихы мен этнографиясына, халық ауыз әдебиеті үлгілеріне қатысты мақалалары еніп отыр.

Құрастырушылар келесі жылы тарихи-этнографиялық, фольклорлық материалдар топ­тастырылған «Торғай газетінің» 8 томдық жинағын басып шығаруды жоспарлап отыр.

«ХІХ ғасырдың соңғы шире­гіндегі мерзімдік баспасөз тарихында Торғай облысы әкім­шілігінің ресми газеті «Тур­гайские областные ведомости» газетінің бейресми қосымшасы «Тургайская газета» атты басылым қазақ халқының тарихи өмірінде, қоғамдық-рухани болмысында өзіндік із қалдырды. 1895 жылдан 1910 жылға дейін 15 жыл бойы шығып тұрған басылым қазақ тарихы мен оның мәдени-рухани болмысын тануға патшалық билік заманының ағымына орай қызмет жасады. Газет алғашқы сандардан бастап-ақ оқырмандардың қы­зығушылығын тудырып, таралымы көбейеді, тіпті 1896 жылы аптасына екі рет иллюстративтік тұрпатта шыға бастайды. Басылым беттерінде Ақтөбе, Ырғыз, Торғай, Қостанай өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігінің көріністері, қазақ халқының тарихы мен этнографиясына, фольклорына қатысты рухани мұралар орыс тілінде, сонымен қатар ішінара орыс әліпбиіне негізделген қазақ тілінде де тұрақты түрде жарияланып тұрды. Облыс әкімшілігінің өкілдері И.Крафт, Н.Иванов, ветеринар-дәрігер А.Добросмыслов, ағартушы түрколог А.Алекторов, А.Ва­сильев, қазақ зиялыларының алғашқы буындарының өкілдері Б.Қаратаев, С.Бабин, Х.Қаржасов, А.Сейдалин, А.Байтұрсынұлы, А.Балғымбаевтар өңірдің ресми және бейресми басылымының жандануына белсене атсалысып, қазақ халқының тарихы мен рухани мұрасына қатысты материалдар мен өз зерттеулерін үзбей жариялап отырды. Соның нәтижесінде басылым қорында қазақ тарихы мен этнорафиясына, рухани мұрасына қатысты мол материалдар жинақталды.

1895 жылдың №39 санында  Ақтөбе уезінің Бестамақ болысында ұстаздық қызметте жүрген А.Байтұрсынұлының қазақ этно­графиясы мен фольклорына қатысты «Киргизские приметы и пословицы» атты тырнақ­алды мақалалары жарияланады. Мақала газет редакциясының 1895 жылдың №25 санында өз оқырмандарына үндеу жасап, қазақ арасынан ауа райы туралы ырым сөздерді жазып алып, түпнұсқада немесе орыс тіліне аударып жолдауларын сұ­раған өтінішіне орай жазылады. Басылымның бұл бастамасына қазақ оқығандарының арасынан алғашқы болып А.Байтұрсынұлы үн қатып, қазақ халқының арасында күн райына қатысты айтылатын 36 түрлі ырым сөзді газет редакциясына жолдайды», дейді жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық.

Жоба авторларының айтуынша, аталған газет Торғай облысының жер-су атауларына, ескілікті қорғандар мен көне елді мекендердің тарихына үнемі назар салып отырған. Бұған мысал ретінде Қостанай уезі әкімшілігінің аудармашысы, қазақтың алғаш оқығандарының бірі Х.Қаржасовтың «Аман-Қарағай», «Науырзым», «Тір­сек», «Толағай теппе», «Дана­бике», «Сары-Мойын» атаулары­ның шығу төркіні» атты топо­нимикалық әпсанасын, Елек уезі басшысының кіші көмекшісі Дербісалды Беркінбаевтың «Қазақ даласындағы көне қорғандар мен үйінділер» атты мақалаларын атап өтуге болады.

Аталған газеттен қазақ тарихына қатысты деректік, таным­дық материалдарды да жиі кездестіруге болады. Айта­лық, Қаратай сұлтанның ұйымдастыруымен болған Жантөре ханның қазасы, оның өліміне қатысты сұлтан Орман Нұралиев, Қара және Шошақ Есімовтер, би-батырлар Баязық Күшібаев, ағайынды Жылқыбаевтардың жазаға тартылғаны туралы П.Юдиннің архивтік деректерге сүйеніп жазылған «Набег» және «Возмездие» атты мақаласы жарияланады. Сондай-ақ Жолман батыр Тіленшіұлының қолына түскен тұтқын сотник Подуровтың тағдыры, Шығыс Орданың (кейінгі Қостанай уезі) билеуші сұлтаны Ахмет Жантөрин туралы мағлұматтар кездеседі.

«Торғай газетінде» жария­лан­ған материалдар ғалым Алмас­бек Әбсадықтың ұлт ұс­та­зы­ның ғұмырнамасы мен шығар­ма­шы­лығындағы беймәлім дерек­терге негізделген «Ахмет Бай­тұр­сынұлы: «Серт», сондай-ақ  «Жолшы ұлысы және қазақ аңыздары» атты монографиялық зерттеулерінде де орынды пай­даланылған.

Қазақтың рухани мұрасы мен өткен тарихына, өлкетануға қызығатын көпшілік оқырманға арналған жаңа жинақ таяу күн­дері еліміздің барлық орталық кітапханасына жол тартады.

Қостанай облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью