Тарихқа тамған қан: ​ауған соғысы ардагерлері мәртебе мен жеңілдіктерге қатысты түйткілдерді талқылады​

16.02.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Ресми мәлімет бойынша, он бес мың сарбаз ерлікпен қаза тапты. Ал, елу үш мыңы жарақат алды. 

Бақандай он жылға созылған қанды қырғынға Қазақстаннан жиырма екі мың адам қатысқан болатын. Олардың 761-і ажал құшса, 21-і хабар-ошарсыз кеткен еді. Ал, Атыраудан сол кезде мыңға жуық сарбаз аттаныпты. Қазір содан 435 ардагер қалса, оның 44-і – мүмкіндігі шектеулі жандар екен. 

Олар үшін соғыс 1989 жылы аяқталған жоқ.

«Біз тек бұйрықты ғана орындадық» Мұратбек Кенжеахметов

Мұратбек Кенжеахметовтің айтуынша, кеңес кезінде интернационалист жауынгерлер туралы көп айтылмайтын.

– Еліміз ес жиып, етек жиған соң, өзінің өткеніне кері көз жүгіртіп, барлығын байыппен тарихтың сын таразысына салды. Сөйтіп, кеңес үкіметі кезінде көп айтыла бермеген қазақстандық интернационалист жауынгерлеріміздің жалынды ерлігіне ерекше көңіл бөліне бастады. Ардагерлерді тіркеу жүргізілді, әлеуметтік мәселелер реттелді. Арнайы басқармалар да қосылды. Бұл маңызды. Бірақ ең бастысы — естелік ресми рәсімге айналып кетпеуі керек.

Оның сөзінше, Ауғанстан жас сарбаздар үшін үлкен сынақ болды.

- Қазір өскелең ұрпақты үйдің үлкендері емес, темір телефон тәрбиелеп жатыр. Бүгіннен бұған бұғат қоймасақ, болашағымызға қауіп төнуі мүмкін. Мәселен, біз кезінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері айтқан әсерлі әңгімелерді тыңдап өстік. Жай құлағымызға құйып қана қойған жоқпыз, санамызға сіңіріп, жадымызда жаттадық. Сол кезде біз ертең Ауған жерінде соғысамыз деп ойлаған жоқпыз ғой. Бірақ, әлгі ардагер ата-әжелеріміздің ерлік дастандарына елітіп өскен соң ба, Отан алдындағы абыройлы міндетімізді мінсіз атқаруға тырыстық. «Қанды шайқаста қырылып қаламыз-ау» деген қорқыныштың белгісі де болмады. Керісінше, бойымызға батылдық пен батырлық қасиеттер біте бастады. Ақыры, сұм соғысты да көрдік. Бұл нағыз өмір мен өлім мектебіндей болды. Себебі, онда тәніміз ғана емес, жанымыз да оқ пен оттың ортасында арпаласқа түсіп, шыңдалып шықты, - дейді ол.

Әлеуметтік қолдау бар, бірақ мәселелер шешілмей қалып отыр

Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында хабарлағандай, өңірде мыңнан астам соғыс ардагері және оларға теңестірілген азаматтар тұрады.

Оларға жыл сайынғы жәрдемақы төленеді, коммуналдық қызметтерге өтемақы қарастырылған.

Алайда ардагерлердің өздері шешілмеген мәселелер бар екенін айтады. Атап айтқанда — мемлекеттен берілген тұрғын үйді жекешелендіру мүмкін еместігі және мүгедектігі ресми түрде жоқ азаматтар үшін шипажайға емделу қолжетімді емес.

«Соғыс салған жара ешқашан жазылмайды»

Нұрлыбек Қайрекешов 1979 жылы, жиырма бір жасында әскерге шақырылған.

– Ол кезде үкімет жоғары білімі бар жастарды еңбек ету мақсатында өзге өңірлерге жолдайтын. Ендеше, мен де Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында алғашқы еңбек жолымды бастаған едім. Сол жерден Отан алдындағы борышымды өтеуге  Түркістан қаласына аттанып кеткен едім. Содан аяқ астынан Ауған жеріне қалай барып қалғанымызды да байқамай қалдық қой. Мемлекет сол жерге «соғыс» деп жіберді, біз де тек бұйрықты ғана орындадық. Соғыста көрген қиындықтарымызды жай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көз алдыңда қандыкөйлек жолдастарыңның бірі қолынан, екіншісі аяғынан айырылып жатқанда, қатты күйзелгеннен жаныңды қоярға жеп таппай кетеді екенсің. Сондықтан соғыстан асқан ауыр сынақ жоқ деп ойлаймын бұл өмірде, - дейді ол.

Ауғанстанда ол аяғынан жарақат алған, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінде ем алған:

- Тән жарасы жазылды. Ал, жан жарасы жазылған жоқ, әлі де ауырады. Оны ешбір дәрігер де емдей алмайды... Міне, сол жағы ескерілген болуы керек, Ұлы Отан және Ауған соғыстарына қатысқан ардагерлердің мәртебесі кешегі күнге дейін бірдей болып келді. Ол 1995 жылғы 28 сәуiрде шыққан №2247 заңда анық-қанығымен көрсетіліп жазылды. Сол кезде мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалды. Кейін бұл заңның күші жойылып, оның орнын Әлеуметтік кодекс басты. Нәтижесінде, біз, яғни, Ауған соғысының ардагерлері біршама әлеуметтік көмектен қағылып қалдық. Меніңше, көп кешіктірмей осы олқылықтың орнын толтырған жөн.

«Оқ пен оттың жаңғырығы – жадымызда» 

Құндызбай Құсайынов соғысқа он сегіз жасында аттанған.

- Сол кезде жалғыз менің емес, көптеген жас жігіттердің жүйке жүйесіне зақым келді. Өйткені, олар бұрын-соңды соғыс дегенді тек көгілдір экраннан, онда да көркем фильмдерден ғана көрген еді. Біз – Ауған жерінде қатарластарымыз бен қаруластарымызды қара жер қойнына тапсырған ұрпақпыз... Ал, қазіргі жастар әскерге бару тиімсіз деп санайды. Олар әскер қатарында жүріп бір жыл уақыт жоғалтқанша, сол мерзім ішінде жұмыс жасап, ақша жинап алуды жөн көреді екен. Мұндай пікірлерді соңғы кезде жиі естіп жүрмін. Сонда мен он сегізімде қолыма қару алып, Ауғанстан секілді мүлде бөтен мемлекетте екі жыл бойы үздіксіз жаумен жаға жыртысып қалай жүрдім екен деп ойға батамын... Бүгінде жүрген жерімде жастарға әскер – өмір мектебі екенін алға тартып, ағалық ақылымды аямай айтып жүремін. Бірақ, қазір үлкендердің сөзіне құлақ асатын жас бар ма? - дейді ол. 

 ...Шүкір, қазір қиындықтың бәрі артта қалды. Бүгінде Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан аса ұйымы бар. Солардың ұйымдастыруымен еске алу кештері мен ерлік сабақтары өтіп тұрады. 

Қалай десек те, ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Ер есімі ел есінде қалады. Жеңіс жалыны жүректерде мәңгі маздамақ.

Көп ардагер үшін 15 ақпан — жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл ресми түрде аяқталғанымен, естелікте өшпеген соғысты еске салатын күн.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Автор түсірген суреттер

Бүгін, 14:45

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью