Тарихы терең рухани орда

11.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Кітапхананың кіре­беріс фойесінде рухани ошақтың құрылу жолындағы жетістіктерін тізіп, жылнама жасаған. Көз жүгіртіп едік, өңірде ең алғашқы қоғамдық кітапхананы 1896 жылы отставкадағы фельд­фебельдің 18 жастағы ұлы Петр Столбов ашқан екен. Бұл лауазымда ол 19 жыл қызмет атқарып, кейін ізбасарларына аманаттаған. Ғасырдан астам тарихы бар кітапхана бүгінде үлкен жетістікке жетіп отыр. Айтпасқа болмайды, кітапхананың қарыштап дамуы 1992 жылдары басталған. Кітапхана ұжымы сол жылдардан бастап, ақпараттық технологияларды игеруде серпінді жұмыс атқарды. Интернет игілігі жете сала қазақ, орыс, ағылшын тілде­рінде кітапханалық веб-сайттар ашып, елімізде бірінші рет алдыңғы сандық технологияларды игерді. Кейін де кітапхананың даму қарқыны бір күнге де дамылдаған емес. Үнемі жаңарып отырды. Биыл мерейтой қарсаңында демеу­шілердің көмегімен кітапхананың кіреберіс фойесі жаңартылып, конференция залы толық жөндеуден өтті. Салтанатты жиынға аймақтың зиялы қауым өкілдерімен қатар қала басшысы Алмат Талғатұлы да келіп, жылы естеліктерімен бөлісіп кетті. Әуелі қонақтар ғимарат алдындағы әйгілі ақын А.С. Пушкиннің бюстіне гүл шоқтарын қойды. 

– Пушкин кітапханасының орны облыстағы оқыған-тоқыған әр азамат үшін ерекше. Себебі жоғары білім алған студенттердің қосымша білім алатын жері осы. Өзім де оқушы кезімде осы кітапханадан шықпадым. Кейін студент болғанда сағаттап отырып реферат жазатынбыз. Кім білген, кейін қала әкімі ретінде келіп құттықтап тұратынымды? Біздердің жетістікке жетіп жатқанымыз, осынау кітапханалардың арқасы, кітап оқығандығымыздың есебі. Рухани ошағымыз дами берсін, – деді шаһар басшысы Алмат Ақышов.

Кітапхананың басшысы Назым Ерназарқызы, кітап­ханашы Мая Тұрды­бекқызы, Меруерт Нұржан­қызына алғыс хат табысталды.

Сонымен қатар кітапхана ұжымын арнайы құттықтауға Өскемендегі Ресейдің бас консулы Алан Александрович Хетагуров та келді.

– Осынау Пушкин кітапханасы екі елдің арасындағы достықтың нышанындай көрінеді. Өскемен тұрғындарының рухани ортасы мәңгі жасай берсін! Достығымыз нығая түссін, – деп тіледі Алан Хетагуров.

Иә, бүгінгі кеш кітап пен мәдениеттің, білім мен парасаттың салтанат құрған ерекше мерекесі. Айтулы кешке сонау АҚШ-тың Қазақстандағы мәдениет және білім бойынша өкілі Колина Гарда ақ тілегін ақтарды. Оның үстіне, арнайы келген аташе ойын қазақ тілінде жеткізді.

Осылайша, облысымыздың әдеби, мәдени ошағында үлкен той өтті. Әннен шашу шашылды, тағылымды әңгімелер айтылды.

ӨСКЕМЕН 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью