Тәртіп сақшысының парасаты

23.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Оның айтуынша, полиция қатарында қызмет ету отансүйгіштік, ел мен жерге жанашырлық, адамдарға деген бауырмалдық, парасат сезімін арттырады. Сол арқылы өзің өмір сүріп отырған қоғамның қауіпсіздігіне жауапты екеніңді жан-тәніңмен сезініп, әрбір азаматтың тыныштығы мен амандығын қорғауды өмірлік мұратқа айналдырасың. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алдымен Көліктік бақылау инспекциясында, одан кейін Астана қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында еңбек еткен ол 2024 жылдан бері елордалық Патрульдік полиция полкінде қызметін жалғастырып келеді.

«Қоғамда қандай келеңсіз жағдай болса да, сол жерден ең бірінші болып табылатын – патрульдік полиция қызметкері. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да шақырту түскен жерге табан астында жетіп, жағдайды бақылауға алуға тырысамыз. Осы қызметте жүрген екі жылдан аса уақыт ішінде талай оқиғаны бастан кешірдім. Біздің әр күніміз бір-біріне ұқсамайды. Ертең алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Бірақ алға қойылған талапты орындау – басты парызымыз. Ол – тәртіп сақшысы деген атқа сай қызмет қылу», дейді кейіпкеріміз.

Ә.Разақов полицияда қызмет ету көп адам ойлағандай қауіпті емес екенін айтады. Оның пікірінше, жұмыстың оңайы жоқ. Дегенмен әр саланың өзіндік қауіпсіздік шаралары бар. «Сақтық пен қырағылықты қос қанатың секілді әрдайым есте тұтып іс қылсаң, тәртіп сақшысы болудың ешқандай қиындығы да, қаупі де жоқ», дейді ол.

Жуырда ғана Ә.Разақовтың көшеде қиын жағдайға тап болған адамға жәрдем берген видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Өзінің айтуынша, мұндай оқиғалар оның күнделікті жұмысында жиі болып тұрады. Патрульдік полиция қызметкерлері көше тәртібін үнемі қадағалап жүретіндіктен, көмек қажет болған адамдарға да бірінші болып жетеді.

«Жанымда Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция капитаны Жалғас Әбітай болды. Көмек сұраған дауысты естіген бойда жедел келіп жеттік. Сол жерден өтіп бара жатқан әйел адамның айтуынша, қарт кісінің жағдайы күрт нашарлап, тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлаған. Біз оған алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасының кедергісіз жетуін қамтамасыз еттік. Қажетті көмек көрсетілгеннен кейін ер адам медициналық мекемеге жеткізілді», дейді ол.

Астана қаласы Полиция департаментінің инстаграм парақшасынан осындай тағы бір оқиғаның болғанын көзіміз шалғаны бар. Бұл – биыл сәуір айында болған жайт. Патрульдік полиция полкінің инспекторлары Диас Әбітбек пен Әділбек Разақов Біржан сал көшесін патрульдеу кезінде кенеттен құлаған әйелді байқайды. Уақыт оздырмай, бірден оқиға орнына жеткен олар жағдайды дереу арада бағамдап, жедел жәрдем қызметіне хабар беріп, дәрігерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Куәгерлердің айтуынша, полицейлердің шапшаң әрі сауатты әрекетінің арқасында келіншек қажетті көмек алып, келіп жеткен медицина қызметкерлеріне тапсырылған. Әлеуметтік желіде жарияланған посттың астында тәртіп сақшыларына алғыс білдірген пікір көп. Мұндай жағдай халықтың полицияға деген сенімін арттыратыны сөзсіз.

«Былтырғы бір оқиғаны да айта кетсем, болады. Жанымдағы Жандос Асқар есімді қызметтес серігім екеуміз Астанадағы Б.Майлин көшесінде «Chevrolet» автокөлігін әрең жүргізіп келе жатқан әйелді байқап қалдық. Оның жағдайы нашар екенін бірден түсініп, көлікті тоқтаттық. Сөйтсек, рөлді тізгіндеген 40 жастағы әйел шынымен де өзін жайсыз сезініп тұр екен. Өзі – көпбалалы ана. Дереу жедел жәрдем бригадасы шақырылып, оны медициналық мекемеге апарып, алғашқы көмек көрсетілді. Біз оның қасында болып, кейін үйіне апарып тастадық. Өйткені одан әрі көлік жүргізуге мүмкіндігі болмады», дейді кейіпкеріміз. Желі қолданушылары егер полиция қызметкерлері қырағылық танытпағанда мұның арты жол-көлік оқиғасына ұласуы, сондай-ақ әйелдің және көшедегі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болғанын атап өткен.

Біз Ә.Разақовтан бүгінгі қоғамда қандай қылмыс көп тіркелетінін сұрадық. Оның айтуына қарағанда, қай жерде ішімдік ішілсе, сол жерде құқық бұзушылық жиі болады екен. «Ата-бабамыз арақты барлық жаманшылықтың басы деп бекер айтпағанына осы қызметке келгенде анық көзім жетті. Бүкіл қылмыстың 99 пайызы арақтың кесірінен жасалады десем, артық айтқандық емес. Отбасылық жанжалдар, төбелес, ұрыс-керіс, адам өлтіру қылмыстарының бәрі сол әзәзілдің салдарынан орын алады», дейді ол.

Тәртіп сақшысы сөз арасында өзінің үлкен ұлы да болашақта полицей болуды армандайтынын айтып өтті. «Егер ол менің жолымды қуып жатса, оған қарсылығым жоқ. Керісінше қолдаймын. Мен бұл қызметтің тек жақсы жағын көріп келемін. Ең бастысы халық үшін еңбек етіп жүргеніңді сезінесің. Сондықтан ұлымды барынша адалдыққа, батылдыққа, төзімділікке, дер кезінде дұрыс шешім шығара алатын шапшаңдыққа тәрбиелеп келемін. Осы саланы таңдағысы келетін өзге де ізбасар іні-қарындастарыма айтарым, егер шын қалауың болса, бұл салаға қорықпай келіңдер. Бүгінде полиция туралы түрлі пікір айтылады. Алайда бізге алғысын жаудырып, ақ батасын беретін жандардың қарасы бәрінен де көп. Өйткені еңбегіміз халықтың көз алдында», деп сөзін түйіндеді полиция аға лейтенанты.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью